2026 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы агроөнеркәсіп кешеніне (АӨК) салынған инвестициялар өңірлер бойынша бұрынғыдан да маусымдық сипат ала бастады. Егер жылдың басында инвестиция құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі басымырақ болса, төрт айдың қорытындысында ауыл шаруашылығы қайтадан алдыңғы орынға шықты: АӨК-ке салынған 495,3 млрд теңгенің 291 млрд теңгесі ауыл шаруашылығына, 161,6 млрд теңгесі азық-түлік өндірісіне және 42,7 млрд теңгесі сусындар өндірісіне бағытталды. Көптеген өңірлерде көктемгі ауыл шаруашылығы маусымы белсенді кезеңге өткендіктен, бастапқы аграрлық сектор өңдеу саласын қуып жете бастады.
Қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда АӨК-ке инвестиция тарту бойынша алғашқы бестік іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Жамбыл, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары агроөнеркәсіптік инвестициялардың негізгі орталықтары болып отыр. Негізгі өзгерістер алтыншы орыннан кейін басталады: мұнда кейбір аграрлық өңірлердің маусымдық қарқыны күшейгені, батыс өңірлердің баяу динамикасы және мегаполистердің әлі де артта қалып отырғаны байқалады.
1. Көш басында — Жамбыл облысы, 96,1 млрд теңге.Бірақ бұрынғыдай бұл классикалық ауыл шаруашылығы тарихы емес: инвестициялардың негізгі бөлігі азық-түлік өндірісіне тиесілі — 92,8 млрд теңге. Ауыл шаруашылығына небәрі 2,4 млрд теңге бағытталған. Яғни өңір көшбасшылықты егіс науқаны немесе мал шаруашылығы арқылы емес, ірі өңдеу жобасының есебінен сақтап отыр. Негізгі үлесті қытайлық Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдеу жобасы қамтамасыз етіп отырған болуы мүмкін.
2. Алматы облысы 72,7 млрд теңгемен екінші орында тұр және АӨК инвестицияларының ең теңгерімді орталықтарының бірі болып қала береді. Мұнда ауыл шаруашылығына — 15,3 млрд теңге, азық-түлік өндірісіне — 19,8 млрд теңге инвестиция салынған. Алайда басты бағыт — сусындар өндірісі, оған 37,6 млрд теңге жұмсалған. Іс жүзінде өңір сусындар өндірісіне инвестиция тарту бойынша елдегі негізгі орталық болып отыр. Бұл Carlsberg Kazakhstan зауыты құрылысының белсенді кезеңімен байланысты болуы мүмкін.
3. Павлодар облысы 64,3 млрд теңгемен үшінші орынды сақтап қалды. Жамбыл және Алматы облыстарынан айырмашылығы, мұнда инвестициялардың басым бөлігі ауыл шаруашылығына бағытталған — 63,1 млрд теңге. Өңдеу саласының үлесі әзірге аз: азық-түлік өндірісіне 1,2 млрд теңге салынса, сусындар өндірісіне инвестиция мүлде түспеген.
Оның ішінде 35 млрд теңге аралас ауыл шаруашылығына, ал 13,9 млрд теңге мал шаруашылығына бағытталған. Жалпы ауыл шаруашылығы инвестицияларының негізгі бөлігі дәл осы мал шаруашылығы секторында шоғырланған: 35 млрд теңге аралас шаруашылықтарға, тағы 13,9 млрд теңге тікелей мал шаруашылығына салынған. Демек, «Павлодар» ӘКК арқылы жүзеге асырылып жатқан «Отбасылық ферма — дайын жоба» бағдарламасы нақты іске асыру кезеңіне өткен сияқты.
4. Солтүстік Қазақстан облысы 61,5 млрд теңгемен төртінші орында. Мұнда да ауыл шаруашылығы басым — 50,4 млрд теңге. Сонымен қатар азық-түлік өндірісіне салынған 11,1 млрд теңге өңдеу саласының да белгілі бір рөл атқара бастағанын көрсетеді. Алайда Павлодар облысымен салыстырғанда инвестиция құрылымы анағұрлым теңгерімді: 28,8 млрд теңге өсімдік шаруашылығына, тағы 17,9 млрд теңге мал шаруашылығына бағытталған. Солтүстік Қазақстан үшін бұл табиғи модель — мықты аграрлық база және өңдеу саласына біртіндеп көшу.
5. Алғашқы бестікті Түркістан облысы түйіндейді — 56,4 млрд теңге. Инвестициялардың негізгі бөлігі ауыл шаруашылығына тиесілі — 45,3 млрд теңге. Аграрлық сектор ішінде басымдық мал шаруашылығына берілген: оған 24,6 млрд теңге бағытталса, өсімдік шаруашылығына 18,1 млрд теңге салынған. Бұдан бөлек, азық-түлік өндірісіне 10,8 млрд теңге инвестиция құйылған. Оңтүстік өңір үшін бұл заңды үрдіс: маусымдық ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу бағытындағы біртіндеп даму.
Екінші эшелонды Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстары құрайды. Бұл өңірлерде инвестициялардың басым бөлігі ауыл шаруашылығына тиесілі: Ақмола облысында 27,7 млрд теңгенің 26 млрд теңгесі, Қостанай облысында 26,5 млрд теңгенің 20,8 млрд теңгесі, Қарағанды облысында 21,6 млрд теңгенің 19,3 млрд теңгесі ауыл шаруашылығына бағытталған. Яғни бұл өңірлердегі АӨК инвестициялары әзірге терең өңдеуден гөрі бастапқы өндірісті дамытуға көбірек бағытталған.
9-орыннан бастап өңірлердің АӨК-ке салған инвестициялары 10 млрд теңгеден аспайды. Бұл рейтингтегі маңызды шек саналады. Көшбасшылар мен екінші эшелоннан кейін инвестициялық белсенділігі әлсіз өңірлер басталады. Мұндай өңірлерде ауыл шаруашылығы маусымы енді ғана қарқын алып келе жатыр, аграрлық база шектеулі немесе өңдеу саласында ірі жобалар әлі қалыптаспаған.
Яғни алғашқы сегіздік пен қалған өңірлер арасындағы айырмашылық айтарлықтай үлкен. АӨК инвестициялары негізінен санаулы өңірлерде шоғырланып отыр, ал елдің басым бөлігі инвестициялық циклдің шетінде қалып отыр.
Қаңтар-сәуір қорытындысы бойынша негізгі тұжырым мынадай: алғашқы бестік тұрақты инвестициялық өзек қалыптастырды. Жамбыл облысында өсімді өңдеу саласы қамтамасыз етсе, Алматы облысында сусындар мен азық-түлік өндірісі алға шыққан. Павлодар облысында негізгі драйвер — мал шаруашылығы, Солтүстік Қазақстанда — ауыл шаруашылығы мен өңдеудің теңгерімді үйлесімі, ал Түркістан облысында — маусымдық ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы.
Алайда алғашқы сегіздіктен кейін инвестиция көлемі күрт төмендейді: өңірлердің басым бөлігі 10 млрд теңгеге де жете алмай отыр. Бұл АӨК инвестициялары әзірге барлық өңірге бірдей таралған кең ауқымды үрдіс емес, керісінше жекелеген күшті өңірлерге, ірі жобаларға және ауыл шаруашылығы маусымының белсенді кезеңдеріне тәуелді екенін көрсетеді.
Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы арнайы EconomyKZ.org үшін


