Бірнеше жыл бұрын энергетикалық ауысым туралы әңгіме басталса, сөз міндетті түрде климаттан басталатын. Сарапшылар көмірқышқыл газының шығарындыларын талқылайтын, үкіметтер көміртегі бейтараптығына жету жоспарларын жариялайтын, ал инвесторлар климаттық тәуекелдерді азайтудың жолдарын іздейтін. Алайда BloombergNEF жариялаған New Energy Outlook 2026 есебі бүгінгі өзгерістің әлдеқайда терең екенін көрсетеді. Энергетикалық ауысымның басты қозғаушы күші біртіндеп климаттан қауіпсіздікке ауысып жатыр.
Соңғы жылдардағы оқиғалар бұл үрдісті айқын көрсетті. COVID-19 пандемиясы жаһандық жеткізу тізбектерін бұзды. Украинадағы соғыс Еуропаның энергетикалық картасын түбегейлі өзгертті. Ал Парсы шығанағындағы соңғы қақтығыстар мұнай мен газ жеткізіліміне қатысты алаңдаушылықты қайта күшейтті. Әрбір дағдарыс бір нәрсені көрсетті: қазіргі энергетикалық жүйе сыртқы жеткізілімдерге тым тәуелді. Сол себепті күн панельдері, аккумуляторлар, электромобильдер мен жылу сорғылары енді тек экология құралы ретінде емес, елдердің энергетикалық тәуелсіздігін арттыратын құрал ретінде қарастырыла бастады.
Мұның себебі қарапайым. Мұнайды өндіру керек, тасымалдау керек, сақтандыру керек, кейін тұтынушыға жеткізу керек. Газ құбырларға, терминалдарға және халықаралық бағыттарға тәуелді. Осы тізбектің кез келген жеріндегі мәселе бағаның өсуіне немесе жеткізілімнің қысқаруына алып келуі мүмкін. Ал күн электр станциясы орнатылғаннан кейін энергияны сол елдің ішінде өндіреді. Сыртқы жағдайларға тәуелділігі әлдеқайда төмен болады. BloombergNEF болжамынша, алдағы онжылдықтарда көптеген мемлекеттер энергия импортына тәуелділікті біртіндеп азайтады. Әсіресе энергияның едәуір бөлігін сырттан сатып алатын Азия елдері үшін бұл үлкен өзгеріс болуы мүмкін.
Бүгінде әлем бір тәуелділіктен екіншісіне ауысып жатыр деуге болады. Бұрын басты мәселе мұнай мен газ жеткізілімі болса, енді назар технологиялар мен жабдықтарға ауып келеді. Әрине, бұл да жаңа тәуекелдер тудырады. Бірақ олардың сипаты мүлде басқа.
Сонымен қатар энергетикалық ауысым көмірсутектердің толық жоғалуын білдірмейді. BloombergNEF есебіндегі ең қызық тұжырымдардың бірі — мұнай мен газдың болашағы әртүрлі болады. Электромобильдердің көбеюі мұнайға деген сұраныстың өсуін баяулатып жатыр. Қытайда бұл үрдіс қазірдің өзінде байқалады. Сарапшылардың бағалауынша, әлемдік мұнай тұтынуы осы онжылдықтың соңына қарай ең жоғары деңгейіне жетіп, кейін біртіндеп төмендей бастайды.
Газдың жағдайы басқа. Электр энергиясына сұраныс өсіп жатқан кезде газ энергетикалық жүйенің маңызды бөлігі болып қала береді. Күн мен жел энергетикасы қаншалықты қарқынды дамыса да, электр энергиясын тәулік бойы тұрақты жеткізу мәселесі сақталады. Сондықтан газ жаңа рөлге ие болып, көптеген елдер үшін стратегиялық ресурс ретінде маңызын ұзақ уақыт сақтайды. BloombergNEF тіпті 2040 жылдардың ортасына қарай газдың әлемдік энергетикадағы үлесі мұнайдан асып түсуі мүмкін деп есептейді.
Бұл жерде күтпеген тағы бір фактор бар. Ол — жасанды интеллект. Әлемдегі электр энергиясына сұранысты ең жылдам арттырып жатқан салалардың бірі деректерді өңдеу орталықтары болып отыр. BloombergNEF бағалауынша, 2035 жылға қарай олардың электр энергиясын тұтынуы үш еседен астам өседі және әлемдік сұраныстың 5,4%-ына жетеді. Кейбір елдер мен өңірлерде бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. Жасанды интеллекттің дамуы, есептеу қуаттарының көбеюі және экономиканың цифрлануы энергетикалық инфрақұрылымға жаңа жүктеме түсіріп жатыр. Сондықтан энергетика туралы әңгіме климаттан гөрі электр желілері, генерация қуаттары және энергиямен тұрақты қамтамасыз ету мәселелеріне көбірек ойыса бастады.
Осының бәрі электр энергиясының жаңа экономиканың басты ресурсына айналып келе жатқанын көрсетеді. Қазір соңғы тұтынуда мұнай өнімдері әлі де алдыңғы орында тұр. Бірақ BloombergNEF болжамы бойынша 2047 жылға қарай электр энергиясы әлемдегі ең ірі энергия көзіне айналады. Электромобильдер саны артып келеді. Жылу сорғылары кең таралып жатыр. Кондиционерлерге сұраныс өсуде. Өнеркәсіптің электрленуі күшейіп келеді. Деректер орталықтары мен жасанды интеллект жаңа қуаттарды қажет етеді. Бұл тек энергетиканың құрылымын өзгертіп жатқан жоқ. Экономиканың өз логикасын өзгертуде.
Егер ХХ ғасыр мұнай өндіру мен тасымалдауға сүйенсе, ХХІ ғасыр барған сайын электр энергиясын өндіру, сақтау және басқару мүмкіндіктеріне тәуелді болып келеді. Мұны күн энергетикасы мен аккумуляторлар нарығынан анық көруге болады. BloombergNEF болжамынша, алдағы онжылдықтың басында күн энергетикасы әлемдегі ең ірі электр энергиясы көзіне айналады. Бірнеше жыл бұрын бұл өте батыл болжам болып көрінер еді. Бірақ өндіріс көлемінің ұлғаюы мен жабдықтардың арзандауы жағдайды түбегейлі өзгертті.
Сол сияқты аккумуляторлар нарығы да қарқынды өсіп келеді. BloombergNEF 2050 жылға қарай әлемдегі энергия сақтау қуаты қазіргі деңгейден шамамен 17 есе артады деп күтеді. Бұл батареялардың энергетикалық жүйедегі рөлін түбегейлі өзгертеді. Олар енді қосымша құрал емес, энергетикалық инфрақұрылымның негізгі бөлігіне айналады.
Соған қарамастан, бұл өзгерістер климат мәселесін толық шешіп тастамайды. BloombergNEF қазіргі технологиялардың өзі жаһандық жылынуды 1,5 градус деңгейінде ұстап тұру үшін жеткіліксіз екенін ашық айтады. Электромобильдер, күн энергетикасы мен батареялар қарқынды дамып жатқанымен, сутегі энергетикасы мен көмірқышқыл газын ұстау технологиялары күткендей жылдам дамып жатқан жоқ. Сондықтан климаттық күн тәртібі сақталады, бірақ ол инвестициялық және саяси шешімдердің жалғыз себебі болмайды.
Есептің басты қорытындысы өте қарапайым. Әлем мұнай мен газдан тек шығарындыларды азайту үшін бас тартып жатқан жоқ. Ол энергетикалық жүйені геосаяси тәуекелдерге, сыртқы жеткізілімдерге және баға күйзелістеріне азырақ тәуелді ету үшін қайта құрып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда энергетикалық ауысым экологиялық жоба ғана емес. Бұл экономикалардың тұрақтылығын арттыру жобасы.
Сондықтан алдағы онжылдықтарда мемлекеттер арасындағы бәсеке мұнай кен орындары үшін ғана жүрмейді. Бәсеке технологиялар, электр желілері, батареялар, деректер орталықтары және сенімді энергия жүйесін құра алу қабілеті үшін жүреді. Себебі қазіргі әлемде энергетика мен геосаясат бұрынғыдан да тығыз байланысып барады.
Сати Сұлтанқызы, EconomyKZ.org порталының сарапшысы


