EC[ON]OMY

Бизнес-омбудсмен бизнесті тексерудің цифрлық жұмысын ету жөнінде ұсыныстар енгізді

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту мақсатында тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің (ТБЖ) толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарын Премьер-Министрге жолдады.

Ұсыныстар Мемлекет басшысының бақылау-қадағалау жүйесін жетілдіру бағытын іске асыру аясында әзірленді. Осы өзгерістердің негізгі құралдарының бірі — «таза парақтан» реттеу реформасында көзделген ТБЖ.

Тәуекелдерді басқару жүйесі қалай жұмыс істеуге тиіс?

2021 жылы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері жөніндегі заң қабылданды. Реформаның негізіне мемлекеттік реттеуге адамдардың өмірі мен денсаулығына, экологияға, құқықтық тәртіп пен имандылыққа қауіп төнген жағдайда ғана жол беріледі деген қағидат қаланды.

Ақпараттық жүйелердің деректері негізінде кәсіпкерлерді тәуекел дәрежесіне қарай бөлетін, тексерілетін субъектілердің тізімдері мен тексеру кестелерін қалыптастыратын икемді автоматтандырылған ТБЖ енгізу жоспарланған еді. Мұндай жүйе болмаған жағдайда заңнамада тексерулермен және бару арқылы жүргізілетін профилактикалық бақылаумен кәсіпкерлік субъектілерінің 5%-ынан аспайтын бөлігін ғана қамту шектеуі көзделген.

Алайда төрт жылдан астам уақыт өтсе де, реформаның негізгі тетіктерінің бірі толық көлемде іске қосылған жоқ.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, 2026 жылы автоматтандыруға жататын 66 саланың тек 15-інде автоматтандырылған шешімдер енгізілген. Қалған 51 салада олар жоқ. Сонымен қатар бақылауға жататын кәсіпкерлердің саны туралы сенімді деректердің болмауы белгіленген 5%-дық шектеудің сақталуын объективті бағалауға мүмкіндік бермейді.

Қолданыстағы тәсілдерді қайта қарау қажеттігін Бас прокуратураның статистикасы да көрсетеді. 2025 жылы бизнесті тексерулердің 92%-ы жоспардан тыс жүргізілген, ал бұзушылықтар анықталмаған тексерулердің үлесі 37%-дан 43%-ға дейін өскен. Бұдан бөлек, 1,5 мыңнан астам заңсыз тексеру анықталған.

Тексеру жүктемесі бизнес санаттары арасында қалай бөлінген?

Бақылау жүктемесінің бизнес санаттары арасында бөлінуінде де елеулі теңгерімсіздік байқалады.

Мәселен, 2025 жылы шағын кәсіпкерліктің 64 субъектісіне бір тексеруден келсе, орта бизнестің бір субъектісіне орта есеппен 2,5 тексеруден, ірі бизнестің бір субъектісіне 4,8 тексеруден келген. Осылайша, шағын кәсіпкерлік санатынан орта кәсіпкерлік санатына өткен кезде бір субъектіге шаққандағы тексеру қарқындылығы 150 еседен астам артып, бизнестің өсуіне қосымша кедергілер туғызады.

Теңгерімсіздік әкімшілік санкциялардан да көрінеді. Жалпы сомасы 96,4 млрд теңге айыппұлдың 60,3 млрд теңгесі немесе 63%-ы ірі бизнеске тиесілі болған.

Бұл ретте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 302 бабында айыппұлдар негізінен айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) белгіленіп, кәсіпкерлік санатына қарай 2-4 есе ұлғаяды. Ал компаниялардың кірістері ондаған және жүздеген есе ерекшеленеді.

Пайыздық айыппұлдар тек 23 бапта көзделген. Олардың мөлшерлемелері де бизнес санаттарына қарай сараланған, яғни бизнестің көлемі екі рет ескеріледі.

Неліктен автоматтандырудың өзі жеткіліксіз?

Қанат Нұров атап өткендей:

«Әңгіме тексерулерді ірі бизнестен шағын және орта бизнеске ауыстыру туралы емес — теңгерім қажет. Оны жаппай көшпелі тексерулерден деректерге негізделген цифрлық бақылауға көшу, яғни толыққанды жұмыс істейтін автоматтандырылған ТБЖ ғана қамтамасыз ете алады».

Бизнес-омбудсменнің пікірінше, мәселе автоматтандырудың жеткіліксіздігінде ғана емес, тәуекелдерді бағалаудың бірыңғай ғылыми негізделген әдістемесінің жоқтығында да болып отыр. Мұндай әдістемесіз цифрландырудың өзі мемлекеттік бақылаудың объективтілігін қамтамасыз ете алмайды.

Премьер-Министрге қандай ұсыныстар берілді?

Осыған байланысты Бизнес-омбудсмен кеңсесі Премьер-Министрге мынадай ұсыныстар енгізді:

1. Автоматтандырылған ТБЖ-ның бірыңғай әдістемесін әзірлеу. Ол тәуекелдерді бағалау қағидаттарын, дереккөздерді, тәуекел бейіндерін қалыптастыру тәртібін, деректер сапасына қойылатын талаптарды және бақылау субъектілерін іріктеу тетіктерін айқындауға тиіс.

2. Бірыңғай цифрлық ТБЖ-ны кезең-кезеңімен енгізу. Бұл жұмысты кәсіпкерлерге әкімшілік қысым ең жоғары салалардан бастау ұсынылады.

3. ТБЖ өлшемшарттарының ашықтығын қамтамасыз ету. Ол үшін өлшемшарттарды, сондай-ақ тәуекел модельдерінің салмақтық коэффициенттерін ашық қолжетімділікте жариялау көзделуге тиіс.

Ұсынылған шараларды іске асыру тәуекелдерді объективті бағалауға негізделген мемлекеттік бақылауға көшуге мүмкіндік береді.

Scroll to Top