EC[ON]OMY

6,5 трлн теңге инвестицияны нақты нәтижеге қалай айналдыруға болады?

Президент Жолдауынан кейін және 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланған «Халықтық құрылыс» ауқымды бағдарламасы жарияланған соң, көптеген қазақстандықты бір сұрақ толғандырды: бұл қаражат шынымен іске жұмсала ма? Күмәнді жобаларға, негізсіз қымбаттаған сметаларға, ашық емес сатып алулар мен жемқорлық схемаларына сіңіп кетпей ме? Мемлекеттік және өзге де жобалардың көпжылдық сәтсіздіктерінен кейін мұндай алаңдаушылықтың тууы түсінікті.

Бірақ мен мәселеге кеңірек қарауды ұсынамын. Сыбайлас жемқорлық оған мүмкіндік берілген, қолайлы жағдай жасалған, жүйенің өзі жол ашқан жерде өрістейді. Әрине, ұрлық пен теріс пайдалануды толық жоққа шығаратын мінсіз жүйе болмайды. Дегенмен жұмысты қаражатты жымқыру әлдеқайда қиын, бұзушылықты жасыру іс жүзінде мүмкін емес, ал қатысушылардың шешімдері мен әрекеттері үшін жауапкершілігі айқын болатындай ұйымдастыруға болады.

Көріп отырғанымыздай, тексерулер мен бақылауды күшейту келеңсіз фактілерді анықтайды, бірақ олардың алдын ала бермейді. Ал есеп талап ету шенеуніктердің жүктемесін арттырып, назарын «жақсы көрініс» жасауға аудартады. Демек, инвестициялық жобаларды дайындау, ұйымдастыру және басқару жүйесінің өзін өзгерту қажет.

Неге назар аударып, күш-жігерді қайда бағыттауды ұсынамын?

6,5 трлн теңге инвестиция: нақты нәтижеге қалай жетеміз?

1. Бақылау қаржы бөлінбей тұрып басталуы керек

Жобалау-сметалық құжаттама әзірленбей тұрып-ақ жобаларды іріктеудің нақты өлшемдері қажет: расталған қажеттілік, экономикалық орындылық, CAPEX пен OPEX есептері, іске асыру мүмкіндігі, ресурстардың қолжетімділігі және тәуекелдерді бағалау.

Жоба іріктеліп, бекітілгеннен кейін алдын ала белгіленген көрсеткіштер мен бақылау нүктелерінің жүйесі құрылады. Солар арқылы бюджеттің игерілуін ғана емес, жоспарланған нәтижеге қарай ілгерілеуді бағалау керек.

Бұл бақылау нүктелеріндегі көрсеткіштерді, яғни аралық нәтижелерді тексеру және жоспармен салыстыру арқылы жасалады. Жобалық менеджментте бұл құрал игерілген көлем әдісі деп аталады. Ол қаражат пен мерзімді бақылаумен қатар, жобаның ілгерілеуін бағалап, оның аяқталуын болжауға мүмкіндік береді.

Осылайша кешігу мен артық шығынның себептері анықталып, туындаған тәуекелдерді жою немесе азайту үшін нақты шаралар қабылданады.

Тағы бір маңызды мәселе бар. Әр жобада тәуекелдерді жабуға арналған резерв болуы керек. Егер команда тәуекелдерді сәтті басқарып, резервтің бір бөлігін пайдаланбаса, қол жеткізілген үнем үшін сыйақы тетігін неге қарастырмасқа?

Бұл жұрт алдында жазғыру мен «кінәлі іздеудің» орнына сапалы шешімдер мен ойластырылған басқаруға ынталандыру болмас па еді?

6,5 трлн теңге инвестицияны нақты нәтижеге айналдыру туралы мақала мұқабасы

2. Мемлекеттік инвестициялық жобаларды тек салалық министрліктер арқылы тиімді басқару мүмкін емес

Қазіргі инвестициялық жоба көбіне бірнеше саланың тоғысында жүзеге асады. Құрылыс, жабдық, технология, логистика, қаржыландыру — бұлардың әрқайсысы бөлек құзыреттер мен әртүрлі ведомстволарды қамтиды.

Егер әр ведомство немесе министрлік тек өз учаскесіне жауап берсе, түпкі нәтижеге кім жауап береді?

Басқарудың матрицалық моделі, ел ауқымындағы толыққанды жобалық офистер қажет. Жобалық қызмет министрліктердің күнделікті операциялық жұмысынан бөлінуі керек.

Қазір әр ведомствода дерлік жобалық офис құрылған. Бірақ олар операциялық қызметке кіріктірілген, мақсаттары бір-бірімен қайшы келеді, кейде тіпті тікелей қарама-қайшы болады. Соның салдарынан жобалық офис есеп дайындайтын тағы бір бөлімшеге айналады.

3. Жобалық менеджмент құрылыс кезінде емес, идеяны талдаудан басталуы керек

Алдымен нені, не үшін, қандай қаражатқа, қандай технологиялар мен ресурстардың көмегімен жасайтынымызды түсіну қажет. Техникалық-экономикалық негіздеме дайындап, тәуекелдерді бағалап, қатысушыларды анықтап, өзара іс-қимыл ережелерін келісу керек.

Алматыдағы ЖЭО-2 жобасын дайындау кезеңіндегі жеткілікті ойластырылмаған шешімдердің құны 256% болды. Бұл мысал техникалық тұжырымдаманы өзгертудің және бастапқы шешімдерді жеткілікті пысықтамаудың қаншалықты қымбатқа түсетінін көрсетеді.

Қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, жоба жылдар бойы аяқталмай қалуы мүмкін. Тағы бір мысал — Астанадағы ЖЭО-3 жобасының мерзімі бастапқы жоспардан жеті жылға асып кетті.

Мемлекет үшін бұл қосымша шығын ғана емес. Бұл — айналымға түспей қалған инвестиция, алынбаған экономикалық нәтиже және инфрақұрылым мәселесінің шешілуін кейінге қалдыру. Мұндай мысалдар көп және олар қоғамның мемлекеттік бастамаларға деген сеніміне елеулі нұқсан келтіреді.

Сонымен бірге жобалық менеджмент қызметтерінің құны сараптамалық бағалаулар бойынша жоба бюджетінің 2-15%-ын құрайды. Бюджет қалыптастыру кезеңінде бұл сомалар қосымша шығын және жобаны қымбаттататын бап ретінде қабылданады.

Бірақ жобаны іске асыру барысында туындаған мәселелерге байланысты бюджетті ұлғайту туралы мәжбүрлі шешім қабылдағанда, бұл шығындар неге екені белгісіз еске алынбайды.

4. Құрылыс саласының цифрлық форматқа көшетін уақыты келді. Тек көшкен болып көріну жеткіліксіз

Құрылыс — цифрландыру деңгейі бойынша артта қалып отырған салалардың бірі. Мұнда кемінде үш міндет бар.

Біріншісі — бастапқы деректерді ретке келтіру.

Бізде жер учаскелері, инженерлік желілер, бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары және басқа да аумақтық мәліметтерді біріктіретін бірыңғай цифрлық база әлі жоқ.

Ал мұндай база жоба басталмай тұрып-ақ учаскенің құрылысқа жарамдылығын, қандай инфрақұрылым қажет екенін және қолданыстағы желілердің қуаты жеткілікті ме деген сұрақтарды анықтауға мүмкіндік берер еді.

Екіншісі — 2D-ден BIM-ге нақты көшу.

Иә, Қазақстанда BIM-ді міндетті қолдануды көздейтін нормативтік база бар. 2026 жылдан бастап бұл талап нысандардың белгілі бір санаттарына кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр, ал 2030 жылдан бастап құрылыстың басым бөлігіне таралуы тиіс.

Бірақ іс жүзінде жобалау әлі де көбіне ескі тәсілмен — екі өлшемді сызбалар арқылы жүргізіледі. Көшуге қарсы негізгі уәж — бағдарламалық өнімдердің қымбаттығы.

Мемлекет жетекші әзірлеушілермен жобалау ұйымдарына жеңілдетілген лицензиялар беру жөнінде неге келіспеске?

BIM — жай ғана әдемі үш өлшемді сурет емес. Бұл жобалық шешімдер, жұмыс көлемі, мерзім мен құн өзара байланыстырылған нысанның цифрлық моделі. Ол құрылыс басталмай тұрып қателер мен сәйкессіздіктерді анықтауға, жұмысты дәлірек жоспарлауға және нақты орындалуды жоспармен салыстыруға мүмкіндік береді.

Үшіншісі — жасанды интеллектіні қосу.

Деректерді жинау және талдау, ауытқуларды қадағалау, тәуекелдерді болжау және мәселелер мерзімнің бұзылуы мен жобаның қымбаттауына әкелмей тұрып ескерту.

Сонда, бәлкім, құрылыс мәселелерін мерзімнің тағы да ұзартылғаны және сметаның қайта өскені туралы есептерден білуді тоқтатармыз.

Бірақ бір мәселе бар: құрылыс саласын цифрлануға жай ғана үгіттеу жеткіліксіз. Оны осы қадамға міндеттейтін уақыт келді. Бұл үшін басқарушылық ерік пен түсінікті, міндетті ережелер қажет.

5. Формалды шарттардан кәсіби келісімшарттарға көшетін уақыт келді

Қазақстанда қалыптасқан, EPC-келісімшарттар деп әдемі аталатын «толық дайын күйінде тапсыру» құрылыс шарттарының тәжірибесі әуелден белгісіздік туғызады.

Мерзім, көлем және құн шартқа қол қойылған кезде, әдетте, әлі дайын болмайтын сметалар мен күнтізбелік кестелерге сілтеме жасалып, жалпылама белгіленеді. Ал жұмыс барысында олар регламенттер сақталғанымен, оңай қайта қаралып, қосымша келісімдермен заңдастырылады.

Нәтижесінде бастапқыда бекітілген бюджет әбден негізделген түрде «ашытқы салғандай өседі».

Дамыған елдердің құрылыс саласында FIDIC келісімшарт үлгілері қолданылады. Олар қатысушылардың рөлдерін, өкілеттіктерін, жауапкершілігін, шешім қабылдау және өзгерістерді басқару тәртібін алдын ала айқындауға мүмкіндік береді.

Келісімшарт смета тіркелген құжатпен ғана шектелмеуі керек. Ол жобаны іске асырудың бүкіл үдерісін басқару ережелерін белгілеуі тиіс.

Мысалы, БАӘ жобалары FIDIC кітаптарымен үйлестірілген PMBOK әдіснамасының көмегімен іске асырылған. Дәл осы сауатты басқару мен кәсіби келісімшарттардың үйлесімі тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы қатынасты жай ғана рәсімдеумен шектелмей, басқарылатын үдеріс құруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік инвестицияларды кәсіби басқару қажет

Мен үшін осы ұсыныстардың бәрін бір қағида біріктіреді:

Мемлекеттік инвестициялар — дұрыс бөліп, бақылау қажет қаражат қана емес. Бұл — кәсіби басқаруды талап ететін жобалар.

Тексерулерді күшейтуге, комиссиялар құруға, көбірек есеп талап етуге болады. Бірақ жоба бастапқыдан негізделмесе, сұраныс расталмаса, қатысушылардың жұмысы үйлестірілмесе және жауапкершілік айқын болмаса, кейінгі қатаң бақылаудың өзі табысқа жеткізбейді.

Бізге қаражаттың игерілуі туралы кезекті есептілік жүйесі қажет емес. Бізге инвестициялық жобаларды жоспарланған нәтижеге жеткізе алатын жүйе қажет.

Светлана Нуртазина, инженер-құрылысшы, т.ғ.к., сертификатталған жобалық менеджер, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top