EC[ON]OMY

Иранның дағдарысы: әлемдік экономикаға әсер етуі

Таяу Шығыста жаңа қақтығыс басталса, әлемдік нарықтардың назары бірден мұнайға ауады. Баррель қанша тұрады, инфляция қаншалықты өседі, орталық банктер мөлшерлемені төмендетуді кейінге шегере ме деген сұрақтар алдыңғы қатарға шығады. Алайда Goldman Sachs-тың жаңа шолуы бұл жолы жағдайдың басқаша өрбігенін көрсетеді. Алғашқы соққы мұнай нарығына емес, бизнес, инвесторлар мен сарапшылардың күтулеріне тиді. Мамыр айындағы жаһандық экономикалық индикаторлар жаңартуының ең маңызды қорытындысы да осы болды.

Иран төңірегіндегі соғыс басталғаннан кейін әлемнің ірі экономикалары бойынша жарияланған статистика болжамдардан жиі төмен шыға бастады. Әсіресе бұл Еуропада анық байқалды. Goldman Sachs қолданатын MAP экономикалық тосынсыйлар индексі күрт төмендеді. Бұл нарық күткен нәтиже мен нақты экономикалық көрсеткіштердің арасындағы айырмашылық ұлғайғанын білдіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, инвесторлар экономикадан көбірек нәтиже күтті, бірақ нақты деректер әлсіз болып шықты. Бұл әзірге дағдарыстың белгісі емес. Бірақ көбіне дәл осындай жағдай сенімнің әлсірей бастағанын алғашқы болып көрсетеді.

Бір қарағанда әлемдік экономика әлі де тұрақты көрінеді. Goldman Sachs есептейтін ағымдағы экономикалық белсенділік индексі CAI сәуір айында жаһандық өсімді жылдық есеппен 2,8% деңгейінде бағалайды. Дамыған елдер үшін көрсеткіш 2,2%, дамушы нарықтар үшін 3,8%. Бұл рецессияға тән көрсеткіштер емес. Керісінше, көптеген елдер әлі де жақсы қарқын көрсетіп отыр. АҚШ экономикасы шамамен 3% өсіп жатыр. Жапонияда көрсеткіш 3,2%-ға жеткен. Ал Үндістан әлемдегі ең жылдам өсіп жатқан ірі экономикалардың бірі ретінде 7,9% нәтижемен ерекшеленеді. Осы сандарға ғана қарасақ, әлем экономикасы кезекті геосаяси күйзелісті салыстырмалы түрде жеңіл өткеріп жатқандай әсер қалдырады.

Бірақ мәселе экономиканың барлық бөлігі бір уақытта өзгермейтінінде. Әдетте алдымен күтулер өзгереді. Кейін қаржылық жағдайлар қатаңдайды. Одан соң инвестициялық белсенділік баяулайды. Тек содан кейін өндіріс, жұмыспен қамту және тұтыну көрсеткіштері әлсірей бастайды. Сондықтан Goldman Sachs тосынсыйлар индекстеріне ерекше көңіл бөледі. Олар экономиканың беталысы өзгеріп жатқанын негізгі статистикадан бұрын байқап береді.

Бұл тұрғыда Еуропадағы жағдай ерекше назар аударады. Еуроаймақ ірі экономикалық өңірлер арасында ең әлсіздерінің бірі болып қалып отыр. Ағымдағы белсенділік индексі небәрі 0,8%-ды көрсетеді. Германияда көрсеткіш минус 0,6%-ға дейін түскен. Франция шамамен 0,9% деңгейінде. Еуропадағы жағымды ерекшелік ретінде Испания көзге түседі, онда индекс 2,4%-ға жеткен. Бұл Еуропа экономикасы әлі де өсіп жатқанын көрсетеді, бірақ оның қарқыны басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда баяу. Сондықтан белгісіздік күшейген кезде ең бірінші әлсіз тұстар байқалады. Экономика тоқырауға жақын болған сайын кез келген сыртқы тәуекел ауырлау сезіледі.

Қытайдағы жағдай да қызық. Бір қарағанда көрсеткіштер жаман емес. Экономикалық белсенділік индексі 4,3% деңгейінде. Бірақ осы көрсеткіштің ішінде әлсіреу белгілері көріне бастады. Соңғы аптада индекс бірден 2,3 пайыздық тармаққа төмендеген. Goldman Sachs үшін бұл ірі экономикалар арасындағы ең елеулі нашарлаулардың бірі болды. Қытай әлемдік экономика үшін тым маңызды ел болғандықтан, мұндай өзгерістер назардан тыс қалмайды. Әлемдегі екінші ірі экономиканың баяулауы халықаралық саудаға, өнеркәсіпке және шикізатқа деген сұранысқа қатысты күтулерге бірден әсер етеді.

Есептегі тағы бір маңызды белгі қаржылық жағдайларға қатысты. Соңғы аптада Goldman Sachs-тың жаһандық қаржылық жағдайлар индексі шамамен 5,5 базистік тармаққа нашарлаған. Бұған ұзақ мерзімді облигациялар кірістілігінің өсуі себеп болды. Бір қарағанда бұл үлкен өзгеріс сияқты көрінбеуі мүмкін. Бірақ оның астарында әлдеқайда маңызды үрдіс жатыр. Соңғы жылдары инвесторлар ақша құнын тек орталық банктер анықтайды деп үйреніп қалған еді. Қазір облигациялар нарығы қаржылық жағдайларды өздігінен қатаңдата бастады. Кірістілік өсіп жатыр. Капитал қымбаттап барады. Компаниялар үшін қаржы тарту қиындап келеді.

Дәл осы жерде күтулер нақты экономикалық салдарға айнала бастайды. Инвесторлар тәуекел үшін көбірек сыйақы талап еткен сайын қарыз алу құны өседі. Белгісіздік күшейген сайын бизнес инвестициялық жоспарларын қайта қарайды. Болашақ сұранысқа қатысты күмән көбейген сайын компаниялар кеңею жоспарларын кейінге қалдырады. Нәтижесінде экономика нақты өндіріс немесе тұтыну көрсеткіштері өзгермей тұрып-ақ қосымша қысым сезіне бастайды.

Бір қызығы, Goldman Sachs есебі мұнай нарығына аса көп назар аудармайды. Иран төңірегіндегі жағдайдың энергетика секторымен байланысы анық болғанымен, сарапшылардың негізгі назары экономикалық белсенділікке, қаржылық жағдайларға, инфляция мен еңбек нарығына аударылған. Бұл кеңірек картинаны көруге мүмкіндік береді. Геосаяси дағдарыстар экономикаға тек мұнай немесе газ арқылы әсер етпейді. Көп жағдайда олар адамдардың болашаққа деген көзқарасын өзгертеді. Ал дәл осы күтулер инвестицияларға, капитал құнына және іскерлік белсенділікке ықпал етеді.

Сондықтан бүгінгі басты сұрақ мұнай бағасының қаншаға өсетінінде емес. Негізгі мәселе бизнес пен инвесторлардың сенімі қаншалықты тез әлсірейтінінде жатыр. Goldman Sachs-тың мамыр айындағы шолуы бұл процестің басталып кеткенін көрсетеді. Әлемдік экономика әзірге өсуді жалғастырып отыр. АҚШ тұрақтылығын сақтап тұр. Үндістан жаһандық сұраныстың негізгі драйверлерінің бірі болып қала береді. Қаржы жүйесінде де айқын күйзеліс байқалмайды. Бірақ статистика барған сайын күткеннен әлсіз шығып жатыр. Ал мұндай жағдай көбіне экономиканың болашаққа бұрынғыдай сеніммен қарамай бастағанының алғашқы белгісі болады. Егер Иран төңірегіндегі қақтығыс қазірдің өзінде күтулерді өзгертіп үлгерсе, онда әлемдік экономика үшін ұзақ мерзімді салдар да дәл осы жерден басталуы мүмкін.

Сұлтан Валиханов, EconomyKZ.org порталының сарапшысы

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading