2026 жылдан бастап мемлекеттік органдар жаңартылған Бюджет кодексінің логикасына сай жаңа даму жоспарларына көшті. Негізгі идея — декомпозиция. Яғни, 2029 жылға дейінгі Ұлттық жоспардағы көрсеткіштерді өңірлер мен ведомстволар деңгейіндегі нақты міндеттерге бөлу. Енді әрбір әкімдік өз жобаларының ұлттық мақсаттарға қалай әсер ететінін нақты көрсетуі керек.
Маңызды жаңалық — инвестициялық жоспарларды міндетті түрде енгізу. Көрсеткіштер, іс-шаралар және жобалар бір құжатқа біріктірілді. Басым және проблемалық аймақтардың карталары пайда болды. Ашықтық артты. Бұл бұрынғы тәжірибемен салыстырғанда айқын ілгерілеу. Бұрын стратегиялық көрсеткіштер мен инвестициялық жобалар қатар өмір сүріп, бірақ бір-бірімен толық байланыспайтын.
Абай облысының мысалы
Бір индикатор бойынша декомпозицияны қарастырайық. Облыстың даму жоспарында өңдеуші өнеркәсіп өнімдерінің экспортын 2029 жылға қарай 657,6 млн АҚШ долларына жеткізу көзделген.
Осы мақсатқа жету үшін 809,7 млрд теңге көлемінде сыртқы қаржыландыру есебінен жобалар жоспарланған:
- күнбағыс майын рафинациялау цехының құрылысы
- Семей қаласында Puke-Pak қаптамасын шығару желісін іске қосу
- көлік құралдарын құрастыру алаңын құру
- Аягөз ауданында мыс балқыту зауытын салу
- Жаңасемей ауданында ет өңдеу кешені
- Жарма ауданында май және ет өнімдерін өндіру жобасы
Маңызды артықшылық — сыртқы қаржыландыруға басымдық берілуі. Бұл бюджетке тікелей салмақты азайтады және өңірлердің жеке капитал тартуға ұмтылысын көрсетеді.
Жалпы облыстың даму жоспарына 5 жыл ішінде 5,1 трлн теңге қарастырылған. Оның ішінде:
67% немесе 3,4 трлн теңге — жеке инвестициялар
17% немесе 906 млрд теңге — жергілікті бюджет
12% немесе 628 млрд теңге — республикалық бюджет
Іс жүзінде екі контурлы модель қалыптасқан.
Бірінші контур — жеке инвестициялар. Олар өнеркәсіпке, өңдеуге, экспортқа бағытталады. Дәл осы секторлар қосылған құн, жұмыс орындары және салық базасын қалыптастыруы тиіс.
Екінші контур — мемлекеттік қаржы. Ол инфрақұрылым мен қолдауға жұмсалады: жолдар, инженерлік желілер, ирригация, әлеуметтік нысандар, коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, субсидиялау тетіктері.
Жоспарда бюджет есебінен жүзеге асатын жобалар да бар:
Семей және Үржар әуежайларын қайта жаңарту,
суару каналдарын қалпына келтіру,
жылу және су желілерін жаңғырту,
мектептер, колледждер және денсаулық сақтау нысандарын салу,
39 мәдениет нысаны және 41 спорт нысаны,
жолдар, көпірлер, жағалауды бекіту және қорғаныс дамбалары.
Жаңа жоспарлау жүйесі құрылымдалған әрі қаржылық тұрғыдан ашық модельге көшкенін көрсетеді. Ұлттық индикаторлар нақты жобалар мен қаржыландыру көздеріне дейін бөлінген. Екі контурлы жүйе жасалған: жеке капитал экономикалық өсімге жұмыс істейді, ал мемлекет инфрақұрылымдық негізді қалыптастырады. Бірақ құжаттың сапалы жазылуы экономикалық нәтижеге автоматты түрде кепілдік бермейді. Негізгі мәселе — жеке инвестициялардың іске асуы және олардың мақсатты көрсеткіштерге нақты әсері.
Жаңа модельдің басты сынағы — стратегиялық логиканы тұрақты өсімге, экспортқа және қосылған құнға айналдыра алу қабілеті. Нәтиже іске асыру кезінде көрінеді. Бұл архитектура шынымен даму құралы бола ма, әлде тек сапалы рәсімделген жоспарлар жүйесі болып қала ма — оны уақыт көрсетеді.
Біз өңірлер мен аудандардың даму жоспарларын талдауды жалғастырамыз. Инвестициялық логикасын, қаржылық қамтамасыз етілуін және ұлттық индикаторларға ықпалын бағалап, талдау нәтижелерін тұрақты түрде жариялап отырамыз.
Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы арнайы EconomyKZ.org үшін


