2025 жылдың маусымында McKinsey & Company «What the labor market isn’t telling you-yet» атты зерттеуін жариялады. Бұл болашаққа болжам емес, нақты көрініс. Зерттеу бүгінгі еңбек нарығының ішкі өзгерістерін көрсетеді: жасанды интеллект еңбек құрылымын қайта жасап жатыр, демографиялық үрдістер тұрақтылықты әлсіретуде, ал ресми статистика бұл өзгерістерге әлі ілесе алмай отыр.
Зерттеудің негізгі ойы – еңбек нарығы енді бұрынғы ережелермен жұмыс істемейді. Кейбір мамандықтар жоғалып, жаңа бағыттар пайда болып жатыр. Ал талап етілетін дағдылар тез ескіреді. Indeed компаниясының бас экономисі Свеня Гудель қазіргі жағдайды бір сөзбен сипаттайды – «белгісіздік».
Белгісіздік дәуірі
Бүгінгі еңбек нарығы бірнеше үлкен фактордың тоғысында қалып отыр: саясаттағы бағыттар, пандемияның салдары, халықтың қартайып бара жатқаны және жасанды интеллекттің жедел дамуы. Бұл факторлар экономиканы болжауды қиындатады. Классикалық көрсеткіштер – жұмыссыздық деңгейі, қысқарту немесе жұмыстан шығу статистикасы – енді нақты көрініс бермейді. Еңбек нарығына жаңа өлшемдер әсер етеді: вакансия құрылымы, миграция, тұтыну әдеттері мен адамдардың жұмыстан не күтетіндігі.
Indeed талдаушылары еңбек нарығын екі жағынан зерттейді:
• сұраныс жағы – жұмыс берушілер қандай мамандар мен дағдыларды іздейді;
• ұсыныс жағы – адамдар не ұсына алады, қалай үйренеді, не күтеді.
Бұл мәліметтер бір нәрсені көрсетеді: экономика жаңа технологияға бейімделіп жатыр, бірақ ресми деректер әлі де артта келеді.
Пандемиядан кейінгі қайту
COVID-19 кезінде көптеген адамдар жұмыс күшінен кетіп қалды. Ал вакциналардан кейін қайта оралғандар көбейді. «Қайта зейнеткерлер» деген жаңа құбылыс пайда болды — зейнетке шыққандар қайта жұмысқа келді, өйткені бағалар өсті, ал табыс жетпей қалды.
Әйелдердің де еңбекке белсенді қатысуы артты, олар үй мен жұмысты қатар алып жүр. Бірақ 2025 жылы бұл үдеріс баяулады: көптеген компаниялар офиске қайта келуді талап ете бастады, ал икемді жұмыс түрі азайып барады. Еңбекақы да баяу өсуде. Нәтижесінде еңбек нарығы тұрақтырақ, бірақ аз икемді.
Жасанды интеллект: қауіп емес, жаңа мүмкіндік
Зерттеудің басты сұрағы – генеративті жасанды интеллект(ЖИ) еңбек құрылымын қалай өзгертеді? Indeed 3000 дағдыны талдап, маңызды қорытындыға келді: ЖИ ешқандай мамандықты толық жоймайды, бірақ олардың мазмұнын өзгертеді. Бірде-бір жұмыс толықтай автоматтандырылған жоқ. Бірақ көптеген қызмет түрінде ЖИ рутиналық тапсырмаларды өз мойнына алып, тиімділікті арттырып жатыр.
Ең көп өзгеріс ақыл-ой еңбегіндегі қызметтерде: маркетинг, кадр бөлімі, бухгалтерия, бағдарламалау. Ал физикалық қатысуды қажет ететін мамандықтар – жүргізушілер, тәрбиешілер, стоматологтар – әзірге аз әсерге ұшыраған. ЖИ адамның орнын баспайды, керісінше қолдау құралына айналуда. Ол талдау мен шешім қабылдауға уақыт қалдырады. Мысалы, экономистер ЖИ көмегімен зерттеулерді тез талдай алады, бірақ болжау жағын әлі де өздері жасайды.
Агенттік ЖИ және бастапқы лауазымдардың азаюы
Келесі толқын – агенттік жасанды интеллект, яғни өздігінен әрекет ететін жүйелер. Дәл осы технологиялар жастар мен жаңа түлектерге арналған бастапқы позицияларды қысқартып жатыр. Стажировкалар мен entry-level жұмыс орындары азайған. Әсіресе IT саласында. Көптеген компания бір адамның орнын біріктіріп, ЖИ-дің көмегімен өнімділікті арттыруда. Сонымен қатар деректер инженерлеріне сұраныс артып келеді – олар ИИ жүйелерін сапалы деректермен қамтамасыз етеді. Бірақ қызығы – дәл сол ЖИ адамдарға бейімделуге мүмкіндік береді. Көптеген адам өз түйіндемесіне ChatGPT сияқты құралдармен жұмыс дағдыларын қоса бастады. McDonald’s қызметкерлерінің өздері ЖИ-ді меңгергенін көрсетіп отыр. Бұл — жаңа «сауаттылық».
Жаңа мамандықтар және икемді жұмыс
Тарих көрсеткендей, технологиялық төңкерістер әрқашан жаңа кәсіптер туғызады. Қазір ЖИ-консультанттар, prompt-инженерлер, AI өнімдерін сатушылар сияқты жаңа бағыттар өсіп келеді. Бірақ жұмыс берушілер жаңа қиындыққа тап болды: технология мен сатылымды қатар меңгерген мамандар аз. Сондықтан көптеген компаниялар жартылай немесе уақытша жұмысты көбірек қолдана бастады — белгісіздіктен сақтанудың тәсілі ретінде.
Дипломнан дағдыға
Енді басты қағида – «skills first», яғни дағды маңыздырақ. Компаниялар диплом мен жұмыс өтіліне емес, нақты не істей алатыныңа қарайды. Қағаз түйіндеменің орнын онлайн-профильдер басты. Білім мен тәжірибеге қойылатын талаптар төмендеп келеді.
Ақша, икемділік және шындық
Көптеген адам үшін басты мотивация – жалақы. Бірақ икемділік те маңызды. Әйелдер үшін бұл – екінші орында тұрған фактор. Алайда АҚШ-та қашықтан жұмыс істейтін вакансиялар азайып жатыр: 10%-дан 8%-ға түсті. Себебі IT секторында сұраныс төмендеп, офистік формат қайта күшейіп келеді. Сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтық өсіп отыр.
Ұрпақтар арасындағы айырмашылық
Жас буын (Gen Z) үшін жұмыс тек табыс емес. Олар компаниялардың әлеуметтік және моральдық ұстанымынамән береді. Әділдік, әртүрлілік және тең мүмкіндіктер – бұл ұрпақ үшін маңызды құндылықтар. Ал үлкен буын бұған сабырлы қарайды. Бұл айырмашылық жаңа корпоративтік мәдениеттің бағытын айқындайды.
Кәсіпорындар не байқамай отыр
Свеня Гудельдің пікірінше, көптеген компаниялар қысқа мерзімді жаңалықтарға тым назар аударады да, ұзақ мерзімді үрдістерді елемейді. Мысалы, жасанды интеллект туралы айтылатын вакансиялар әзірге бар болғаны 1%, бірақ өсім өте жылдам. Сонымен қатар ең жиі талап етілетін цифрлық құрал әлі де Microsoft Office болып тұр. Бұл бизнес пен технология арасындағы алшақтықтың айқын белгісі.
Талантты сақтап қалу тәсілдері
Жұмыс күші әлі де шектеулі. Сондықтан компаниялар тек еңбекақыны емес, бонус, оқыту, икемді кесте сияқты қосымша мүмкіндіктерді қолданады. Мысалы, медицина саласында жаңа қызметкерлерге қол қою бонусы кең таралған. Ең бастысы – адамды тек ақша емес, құрмет пен даму мүмкіндігі де ұстап қалады.
Демография мен технология: уақыт кімнің жағында
Келешектегі басты жарыс – қартайған жұмыс күші мен жасанды интеллект арасындағы. Қартайған елдерде жұмыс күші азайып, қызмет пен өнімге сұраныс жоғары күйінде қалады. Сұрақ – ЖИ еңбек тапшылығын толтыра ала ма? Компаниялар бұл сұраққа дайын болуы керек. Жаңа технологияларды енгізу тек тренд емес, стратегияға айналуы тиіс.
ЖИ-ге деген көзқарас өзгеруде
2024 жылы Давостағы талқылауларда ИИ-ден қорқыныш басым болды. 2025 жылы жағдай өзгерді: енді адамдар ИИ-ді серіктесретінде қабылдай бастады. ЖИ адамды алмастырмайды, тек оның мүмкіндігін кеңейтеді. Ол әлі де адам эмоциясын, көшбасшылықты және байланыс орнату қабілетін қайталай алмайды. Сондықтан адамның орны ерекше болып қала береді.
Қазақстан үшін сабақ
Қазақстан еңбек нарығы да осы бағытта дамып келеді. Бізде халық жас, бірақ қартаю үдерісі басталып кетті. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында жұмыс күші азаюда. Ал цифрлық білім мен ЖИ дағдылары біркелкі дамымаған.
Ел үшін негізгі бағыттар мыналар болуы тиіс:
1. Икемді кадр саясаты. Білім мен жұмыс жүйесі тез өзгеруге бейім болуы керек.
2. Қайта оқыту мен дағдыны жаңарту. Халықты жаппай оқыту экономикалық тұрақтылықты күшейтеді.
3. ЖИ-ді мемлекеттік басқаруға енгізу. Бұл адамдарды алмастыру емес, олардың жұмысын жеңілдету құралы болуы қажет.
4. Әйелдер мен зейнеткерлердің еңбекке қатысуын арттыру. Икемді жұмыс түрлері бұл топтардың әлеуетін ашады.
5. Жаңа еңбек мәдениеті. Бюрократиясыз, заманауи, цифрлық және ашық жүйе қалыптастыру.
ЖИ жұмыс орындарын жоймайды — ол оларды қайта жазады. Ал бұл үдерісті ертерек түсінген елдер экономикалық және адами капитал тұрғысынан артықшылыққа ие болады.
Сұлтан Валиханов, EconomyKZ.org порталының сарапшысы


