Әлем тез қартая бастады. 2030 жылға қарай жер бетіндегі әрбір алтыншы адам 60 жастан асады. Бұл – жай ғана демографиялық факт емес, бұл мемлекеттердің әлеуметтік, медициналық және экономикалық жүйелерінің тиімділігіне сын.
McKinsey Health Institute ұсынған The Economic Case for Investing in Healthy Aging: Lessons from the United States есебі (2025) дәлелдейді: қартаю – ауыртпалық емес, экономикалық мүмкіндік. Қарттардың денсаулығы мен белсенділігіне жұмсалған әрбір доллар экономикаға үш доллар пайда әкеледі.
Қазақстан үшін бұл тұжырым ерекше маңызды. Ел халқының жас құрылымы өзгеріп келеді, егде жастағылардың үлесі артуда. Демек, дені сау және белсенді қарттыққа салынған инвестиция – әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық тиімділіктің жаңа көзі.
McKinsey сарапшылары қартайған тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған 18 шараны талдап, оларды 8 негізгі бағытқа бөлді. Солардың жетеуі нақты экономикалық нәтиже көрсетсе, ғылымға инвестиция ұзақ мерзімді әлеует ретінде қаралды. Бұл бағыттарға еңбекке қайта тарту, еріктілер қозғалысын дамыту, тұрғын үй мен көше қауіпсіздігін жақсарту, медициналық қызмет сапасын арттыру, цифрлық сауаттылықты көтеру және қаржылық кеңес беру сияқты шаралар кіреді.
Барлық 17 бастама оң нәтиже берді. Орташа қайтарым – үш еседен жоғары.
Мысалы, еріктілер бағдарламаларының тиімділігі – 24 есе. Қарт адамдар қоғам өміріне белсенді араласқан сайын жалғыздық пен күйзеліс азаяды, ал денсаулық көрсеткіштері жақсарады.
Дәрі қабылдауды еске салатын технологиялар 7,6 есе пайда әкеледі: жылына небәрі 15 доллар тұратын осындай құрылғылар мыңдаған долларлық аурухана шығынын үнемдейді.
Тұрғын үйді бейімдеу шаралары – мысалы, сырғанамайтын төсеніштер мен жарықтандыруды жақсарту – жарақат алу қаупін 38%-ға төмендетіп, екі еседен астам үнем береді.
Қоғамдық көлікті субсидиялау да өзін-өзі ақтайды: емханаға уақытылы бару арқылы қымбат жедел жәрдем мен шұғыл көмек шығындары азаяды.
Экономикалық есептен бөлек, мұндай шаралар қоғамның сапасын өзгертеді. Қарт адамдардың өмірге қанағаттануы артады, жалғыздық азаяды, ұрпақтар арасындағы байланыс күшейеді. Цифрлық сауаттылық – немерелермен сөйлесудің, әлеуметтік өмірге қайта араласудың мүмкіндігі. Ал жасыл аймақтар мен қауіпсіз көшелер – физикалық белсенділікті, өмір ұзақтығын арттыратын қарапайым, бірақ тиімді құрал.
McKinsey бұл бағыттың табысы тек бір саланың емес, біртұтас экожүйенің жұмысына байланысты екенін айтады. Денсаулығы мықты қарттыққа мемлекет те, бизнес те, қоғам да атсалысуы тиіс.
Мемлекет стратегия мен жоспарлауға жауапты: АҚШ-та 30-дан астам штат қартайған халыққа арналған «Master Plan on Aging» қабылдады. Мысалы, Калифорния «California for All Ages by 2030» жоспары арқылы нақты мақсаттар мен цифрлық көрсеткіштер жүйесін енгізді.
Бизнес қарт адамдарға ыңғайлы өнім мен қызмет ұсынады, инклюзивті жұмыс орындарын ашады.
Ғылым мен технология саласы биологиялық қартаю үдерісін зерттеп, ақылды құрылғылар мен цифрлық шешімдер арқылы адамдардың өмірін жеңілдетеді.
Ал қоғамдық ұйымдар егде жастағыларды үйретіп, қоғамға тартуға көмектеседі.
Табысты мысалдар көп. АҚШ-та үй ішіндегі шағын өзгерістер – тұтқалар орнату, жарықты күшейту – жарақат санын күрт азайтты. «Ақылды» құрылғылар дәрі ішу уақытын еске салып, егде жастағылардың тәуелсіздігін сақтайды. Еріктілер бағдарламаларына қатысқан 140 мыңнан астам адамның 84%-ы өз денсаулығының жақсарғанын айтқан. Ал тегін көлікпен емханаға жету мүмкіндігі аурухана шығындарын қысқартты.
Бұл тәжірибені Қазақстан да пайдалана алады. Елде «Белсенді қарттықтың ұлттық стратегиясын» қабылдап, нақты мақсаттар мен көрсеткіштерді енгізуге болады. Профилактика, оқу, цифрлық сауаттылық және еңбекке тарту бағдарламаларын әлеуметтік саясаттың ажырамас бөлігі ету қажет.
Бизнеске қарт клиенттерге арналған өнімдер мен сервистер – телемедицина, ыңғайлы банкинг, қарапайым интерфейстер – ұсыну тиімді. Қалалар жарықтандыруды, көше қауіпсіздігін және көлікті жақсартуы тиіс. Ал мемлекет әлеуметтік жобаларды экономикалық тұрғыдан бағалап, оларды шығын емес, қайтарымы бар инвестиция ретінде қабылдауы керек.
McKinsey-дің қорытындысы айқын: қартаю – бұл құлдырау емес, өсімнің жаңа формасы. Егде жастағы адамдардың денсаулығы мен белсенділігіне салынған әр шара қоғамның тұрақтылығын арттырады. Қазақстан үшін бұл демографиялық өзгерісті мүмкіндікке айналдыру, ұзақ өмірді елдің жетілу белгісі ету жолы.
Сұлтан Валиханов, EconomyKZ.org порталының сарапшысы


