Психикалық денсаулық бүгінде экономиканың жаңа бағытына айналып отыр. 2025 жылдың сәуірінде McKinsey Health Institute ұсынған «Investing in the Future: How Better Mental Health Benefits Everyone» есебі денсаулық пен экономикалық өсудің өзара байланысын айқын көрсетті. Негізгі қорытынды: психикалық денсаулыққа салынған әр доллар — тек әлеуметтік емес, ең тиімді экономикалық инвестиция. Әр жұмсалған 1 доллар 5–6 доллар экономикалық пайда әкеледі. Ал жалпы әсері 2050 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-ге $4,4 трлн қосуға жетеді.
XX ғасырда адамзат жұқпалы ауруларды жеңсе, XXI ғасырда жұқпалы емес аурулар (NCDs) – қант диабеті, рак, жүрек аурулары мен депрессия – басты қауіпке айналды. Олар бүгінде әлемдегі өлімнің 76%-ына себепші. Ал психикалық бұзылыстар осы дағдарыстың «көрінбейтін қозғаушысы» болып отыр.
McKinsey дерегі бойынша, психикалық және тәуелділікке байланысты дерттер жыл сайын 290 миллион өмір жылын жоғалтады (DALY). Алайда мемлекеттер денсаулық сақтау бюджетінің небары 2%-ын ғана осы салаға бөледі. Нәтижесінде жыл сайынғы тапшылық $200–350 млрд аралығында.
Егер тиімді әрі дәлелденген шараларды кеңейтуге мүмкіндік туса, бұл айырмашылық тек денсаулықты ғана емес, бүкіл экономиканы өзгертеді. McKinsey есебі бойынша, психикалық денсаулыққа инвестиция жасау әлемдік ЖІӨ-ні 2050 жылға қарай $4,4 трлн-ға ұлғайтады.
Психикалық денсаулық мәселесі – тек медицина емес, экономикалық фактор. Депрессия, мазасыздық немесе тәуелділікпен өмір сүретін адамдар жиі басқа ауруларға шалдығады. Мысалы, депрессия жүрек ауруларының қаупін үш есе, асқазан-ішек ауруларының қаупін төрт есе арттырады.
Алкоголь мен стресс ағзаның микрофлорасын бұзып, рактың жеті түрін тудыруы мүмкін. Жыл сайын үш миллион адам алкогольден көз жұмады, оның жартысынан астамы – жұқпалы емес аурулар салдарынан.
Бұл деректер психикалық денсаулықтың физикалық денсаулықпен тығыз байланысын дәлелдейді. Денсаулығы нашар адамдар аз ұйықтайды, дұрыс тамақтанбайды, темекіні тастай алмайды, спортпен айналыспайды. Нәтижесінде олар еңбек өнімділігін жоғалтады, ал экономика шығынға батады.
Психикалық аурулардың басты ерекшелігі — олар көбіне жастар арасында кездеседі. McKinsey мәліметі бойынша, психикалық денсаулыққа байланысты ауыртпалықтың жартысынан көбі 40 жасқа дейінгі адамдарға тиесілі. Бұл кезең – адамның оқу, жұмыс және өмір құру уақыты.
Ал басқа аурулар, мысалы, диабет немесе жүрек жетіспеушілігі, негізінен егде жаста пайда болады. Сондықтан психикалық саулыққа ерте кезеңде көңіл бөлу – елдің болашақ еңбек әлеуетіне инвестиция.
Гендер тұрғысынан да айырмашылық бар.
• Тәуелділіктен көз жұмғандардың 80%-ы – ер адамдар.Бұл «үмітсіздік өлімдері» деп аталатын құбылысты көрсетеді.
• Ал әйелдерде мазасыздық пен депрессия жиі кездеседі, бұл олардың өмір сапасын төмендетеді.
Мұндай жағдай елдің денсаулық саясатын жыныс пен жас ерекшелігіне бейімдеуді қажет етеді.
Егер ешқандай шара қолданбасақ, 2050 жылға қарай әлемдегі психикалық аурулардың ауыртпалығы 365 миллион DALYдеңгейіне жетеді. Ал дәлелденген бағдарламаларды кеңінен енгізсе, оны 41%-ға азайтуға болады, яғни 150 миллион жыл өмір қайта ұтып алынады.
Бұл тек денсаулық емес, өмір сапасын арттыру. Орта есеппен адам өмірінің ұзақтығы үш айға, ал дені сау өмірінің ұзақтығы (HALE) 1,1 жылға артады. Бұл әсердің ауқымы – ожирениені жоюмен тең.
McKinsey зерттеуі ең тиімді шараларды анықтады:
• Психотерапия және дәрі-дәрмекпен емдеу — 80 млн DALY-ді азайтуға қабілетті.
• Цифрлық терапиялар мен онлайн бағдарламалар — қолжетімді әрі тиімді шешімдер.
• Мектеп және жұмыс орындарындағы бағдарламалар — ерте профилактика құралы.
• Әлеуметтік және қаржылық ынталандырулар — көмек алуға тосқауылдарды азайтады.
Осы тәсілдердің ішінде 82%-дық әсер терапевтік емдеу үлесіне тиесілі. Бірақ бұл үшін қаржы керек. Ал қазіргі қаржыландыру деңгейі тым төмен.
Зерттеу нәтижесіне сай, психикалық денсаулық бағдарламаларының орташа құны — $4 300 бір жыл өмірді сақтап қалу үшін (DALY). Төмен табысты елдерде бұл — $800, ал жоғары табысты елдерде — $6 800.
Барлық мұқтаж адамдардың 90%-ын қамту үшін 2025 жылы $350 млрд қажет. Бірақ бұл шығын емес — инвестиция. Себебі әрбір доллар $5–6 экономикалық қайтарым береді.
McKinsey бұл құбылысты «ми экономикасы» (brain economy) деп атайды. Бұл — адамның басты капиталы – ми, яғни когнитивтік, эмоциялық және әлеуметтік дағдылар.
Жақсы психикалық денсаулық – шығармашылық, ойлау, бейімделу мен эмпатияның негізі. Осындай адамдар қоғамның инновациялық және экономикалық дамуын қамтамасыз етеді.
Есепке сәйкес, психикалық денсаулықты жақсарту 2050 жылға қарай еңбек нарығына қосымша 60 млн адам әкеледі, ал әлемдік экономика $4,4 трлн өсімге ие болады.
Бұл әсердің бес негізгі көзі бар:
1. Ерте өлімнің азаюы.
2. Мүгедектік пен еңбекке қабілетсіздіктің азаюы.
3. Үй күтіміндегілердің еңбекке қайта қосылуы.
4. «Презентеизмнің» төмендеуі — жұмысқа келгенмен, өнімсіз еңбек етудің азаюы.
5. Денсаулығы жақсы балалардың жоғары табыс әлеуеті.
Көп елдер ақшаны тиімсіз бағыттайды. Психиатриялық бюджеттің 66%-ы ауруханаларға кетеді, ал қауымдастыққа негізделген қызмет түрлері әлдеқайда арзан әрі тиімді.
Басты бағыт – интеграцияланған көмек. Психикалық денсаулықты алғашқы медициналық қызметпен біріктіру тиімді нәтиже береді. ВОЗ және ЮНИСЕФ бағдарламалары (mhGAP, MHPSS) мұндай модельдің нақты нәтижесін көрсетті: науқас бір қабылдауда дене және психикалық тексеруден өтеді.
McKinsey бұл бағытты XXI ғасырдың ең табысты инвестициясы деп санайды. Психикалық денсаулық экономиканың жаңа өсу нүктесіне айналып отыр. Бүгінде әлемдік тапшылық $350 млрд болса да, оны жабу үшін тек әлемдік ЖІӨ өсімінің 0,01 бөлігі жеткілікті. Бұл — адамзат тарихындағы ең жоғары әлеуметтік қайтарымы бар инвестиция.
Қазақстан үшін бұл есеп стратегиялық бағдар бола алады. Ел денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртып жатқан сәтте психикалық денсаулыққа басымдық беру – халықтың өнімділігі мен ұзақ өмірінің кепілі.
Елімізде жастар арасында стресс пен мазасыздық артып келеді, бірақ көмек жүйесі көбіне ескі үлгіде – аурухана мен стационарға сүйенеді. McKinsey мәліметінше, мұндай тәсіл тиімсіз: қаражат емдеуге кетеді, ал алдын алу шаралары назардан тыс қалады.
Қазақстан не істей алады:
• «Психикалық денсаулық – 2050» ұлттық стратегиясын қабылдау;
• Профилактика мен цифрлық қызметтерге қаржы бағыттау;
• Жұмыс орындарында және мектептерде психологиялық тұрақтылық бағдарламаларын енгізу;
• Мұғалімдер мен дәрігерлерді ерте диагностикаға үйрету;
• Қаржыны ауруханалардан қауымдастық деңгейіндегі көмекке көшіру.
Бұл шаралар еңбек өнімділігін арттырып, денсаулық шығындарын азайтып, халықтың өмір сапасын жақсартады. Психикалық денсаулықты ұлттық басымдық ету – экономикалық өсім мен адами капиталды нығайтудың ең сенімді жолы.
Психикалық денсаулыққа салынған инвестиция – ең тиімді шешім. Ол өмірді ұзартады, өнімділікті арттырады, экономикаға миллиардтаған пайда әкеледі. Қазақстан үшін бұл – өз халқының «ми капиталына» инвестиция салып, жаңа дәуірдің табысты экономикасын құру мүмкіндігі.
Лина Егель қызы, EconomyKZ.org порталының сарапшысы


