Бағаның күрт көтерілуі әрқашан да қоғамда теріс эмоция туғызады. Экономистер үшін бұл тапшылықтың белгісі әрі ұсынысты арттыруға ынталандыру құралы. Кәсіпорындар үшін — пайда табу мүмкіндігі. Ал қарапайым халық үшін — әділетсіздік пен ашкөздіктің көрінісі. Зерттеу көрсеткендей, адамдарға бағаның еркін өсуі ұзақ мерзімде тиімді екенін түсіндіргеннің өзінде, олардың көпшілігі мұны қабылдай алмайды.
Классикалық экономикада баға — нарықтың тілі. Ол сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін көрсетеді, ресурстарды бөледі, өндірушіні ынталандырады, тұтынуды реттейді. Адам Смиттің өзі де еркін бағаға кедергі жасау тапшылықты күшейтеді деген. Ал Джордж Стиглер бағаны термометрге теңеген: температураны көтеріп тұрған аспап емес, сол сияқты тапшылықты тудырып тұрған баға емес. Бірақ қоғам бағаны басқаша көреді. Көпшілік үшін баға — әділеттіліктің белгісі. Ол бизнес пен халықтың қарым-қатынасын, мемлекеттің қорғау деңгейін білдіреді.
Дағдарыс кезінде бұл айырмашылық айқын сезіледі. Пандемия кезіндегі маска мен антисептик бағасының өсуі, дәрі-дәрмек қымбаттауы, табиғи апаттар кезіндегі такси тарифінің бірнеше есе көтерілуі халық үшін ашкөздіктің белгісіндей болды. Мысалы, Сиднейде теракт кезінде Uber бағасын төрт есе көтергенде, қоғам оны нарық заңы емес, адамдардың қорқынышын пайдалану деп бағалады. Компания ақталуға және ақшаны қайтаруға мәжбүр болды. АҚШ пен Канадада пандемия кезінде мыңдаған шағым түсті. Халық үшін баға экономика емес, мораль мәселесіне айналды.
Бұл пікірталас ежелден бар. Цицерон б.з.д. 44 жылы жазған еңбегінде: егер көпес жақында жаңа астық партиясы келетіні мен бағаның түсетінін білсе, оны сатып алушыларға айтуға міндетті ме, әлде үнсіз қымбатқа сата беруіне бола ма деген сұрақ қойды. Орта ғасырда «әділ баға» түсінігі діни этиканың бөлігі ретінде қаралды. Қазіргі экономика бұл түсінікті ысырып тастап, пайданың барынша артуына мән берді. Бірақ адамдардың санасында әділетті бағаға деген сенім сақталып қалды.
Тарихта нан бағасының өсуінен шыққан халық толқулары көп болды. XIX ғасырдағы «нан бүліктерінен» бастап пандемия кезіндегі наразылықтарға дейін — бәрі бағаның көтерілуін моральдық норманы бұзу ретінде қабылдады.
Бұл құбылысты түсіну үшін зерттеушілер АҚШ пен Канадада 7,600-ден астам адамды қамтыған ауқымды сауалнама жүргізді. Қатысушыларға түрлі жағдай ұсынылды. Бір нұсқада компания бағаны еркін көтерді, екіншісінде мемлекет бағаға шектеу қойды. Тауарлар да әртүрлі болды: өмірге қажетті дәрі, үйге арналған жаттықтырғыш, қол антисептигі және ылғалдандырғыш крем.
Нәтиже айқын болды. Көпшілік бағаның еркін өсуіне қарсы шықты. Әсіресе дәрі-дәрмек пен медициналық тауарларға байланысты. Еркін бағаға қолдау дәріде небәрі 11% болды. Антисептикте — 14%-ға жуық. Тіпті қажеттілігі төмен жаттықтырғышта да еркін бағаға қолдау үштен аспады.
Қоғамдық пікірдің қайшылығы адамдардың дәлелдерінде айқын көрінді. Бағаның өсуіне қарсы болғандар әділетсіздік, ашкөздік, тұтынушыны пайдалану туралы айтты. Ал еркін нарықты жақтағандар сұраныс пен ұсынысты, бәсекенің пайдасын еске салды. Бірі — тең қолжетімділікті бірінші орынға қойды, екіншісі — тиімділікті.
Алайда зерттеудің ең маңызды бөлігі адамдарға бағаның әртүрлі сценарийдегі салдарын түсіндіру болды. Мысалы, дәрінің бағасы өскенде, бірінші жылы оны тек 30% науқас ала алды. Бірақ бір жылдан кейін жаңа компаниялар нарыққа кіріп, бәсеке пайда болған соң, қолжетімділік 80%-ға жетті. Ал егер мемлекет бағаға шектеу қойса, қолжетімділік 50%-дан аспады және өзгермеді. Себебі жаңа өндірушілер нарыққа кірмеді.
Антисептик мысалында да дәл солай: еркін баға кезінде компания тауарды тапшылық бар аймаққа тасымалдады, сөйтіп 80% тұтынушы сатып ала алды. Ал бағаға шектеу қойылғанда компания тасымалдаудан бас тартты, нәтижесінде тек жартысы ғана қол жеткізді.
Осындай «trade-off» түсіндірілгенде, халықтың пікірі өзгере бастады. Еркін бағаны қолдау екі есе артты — 20%-дан 40–45%-ға дейін. Бұл адамдарға уақытша әділетсіздіктің болашақта үлкен қолжетімділікке әкелетінін көрсеткенде ғана қабылдауға дайын екенін білдіреді.
Бұл жерде тағы бір маңызды тұжырым бар. Ақпарат берілгенде қоғамдағы поляризация азайды. Әдетте халық екі лагерьге бөлінеді: бірі қатаң бақылауды жақтайды, екіншісі нарық еркіндігін қолдайды. Ал салдар көрсетілгенде, позициялар жақындады. Моральдық бағалаудағы алшақтық азайды. Бұл ақпарат пен түсіндірудің қоғамдағы шиеленісті төмендететінін көрсетеді.
Қосымша факторлар да әсер етті. Егер өндіріс шығындары артқаны айтылса, еркін бағаны қолдау көбейді. Себебі мұндай жағдайда адамдар бағаның көтерілуін ашкөздік емес, объективті себеппен байланыстырады. Тауар түрі де маңызды. Мысалы, жаттықтырғыш бағасының өсуі әділетсіздік деп аз қабылданды, ал дәрінің қымбаттауы — ең өткір реакция тудырды. Пандемияның өзі таңқаларлықтай, шешуші рөл атқармады: халық кез келген жағдайда бағаның өсуін теріс бағалады.
Зерттеушілер жеті айдан кейін қайта сауалнама жүргізді. Қатысушылардың көзқарасы өзгермеді. Алғашқыда бақылауды жақтағандар кейін де сол пікірде қалды. Сонымен бірге нақты әрекет сынағы жасалды: қатысушыларға қосымша 1 доллар төлеуден бас тартуға мүмкіндік берілді, егер ол ақша еркін нарықты қолдайтын ұйымға аударылса. Әр төртінші адам бонусынан бас тартты. Бұл олардың ұстанымының шынайы екенін, тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де қарсылық білдіруге дайын екенін көрсетті.
Жалпы қорытынды айқын. Қоғам үшін баға — тиімділік құралы емес, әділеттіліктің өлшемі. Бағаны бақылау адамдардың моральдық сұранысын қанағаттандырады, бірақ ұсынысты арттыруға ынталандыруды жояды. Ал еркін баға экономикалық тұрғыдан тиімді, бірақ халыққа әділетсіз болып көрінеді.
Мемлекет үшін бұл өте маңызды белгі. Қарапайым шешім жоқ. Халықтың моралдық қабылдауын елемеуге болмайды, бірақ нарыққа да кедергі жасау қауіпті. Ең дұрыс жол — түсіндіру, ашықтық. Уақытша бағаның көтерілуі ұзақ мерзімде қолжетімділікті арттыратынын көрсету.
Дегенмен, қайшылық ешқашан толық жойылмайды. Көпшілік үшін бағаның өсуі — әрқашан ашкөздік. Ал экономистер үшін — тиімділіктің құралы. Бұл екі тіл ешқашан толық сәйкес келмейді. Мемлекеттің міндеті — осы екі тілдің арасын аудару, қоғамды сендіру, нарыққа да жол ашу.
Ален Серік, порталының сарапшысы EconomyKZ.org


