Әлемдік экономикада Қытай баяғыда-ақ жай ғана «фабрика» болудан шықты. Ол индустриялық саясаттың үлкен зертханасына айналды. Ауқымды, қатал, әрі серіктестерге әрдайым ыңғайлы емес. Бұл саясат нәтиже берді. Қытай технологиялық баспалдақпен ең жылдам көтерілген елдердің бірі болды. Бірақ сол табыспен бірге ұзын тізім қоса келді: бұрмаланулар, қақтығыстар, құрылымдық тәуекелдер. Сондықтан қытай тәжірибесі бүгін бір мезетте қызықтырады да, қорқытады да.
Соңғы жылдардың негізгі тренді қарапайым: көп ел Қытайға енді «ерекше жағдай» ретінде емес, практикалық сабақ көзі ретінде қарай бастады. Әсіресе индустриялануды тездеткісі келетін және сыртқы технологияға тәуелділікті азайтқысы келетін экономикалар. Қазақстан да солардың қатарында. Бірақ негізгі сұрақ бар: қытай моделінде нақты өсім қай жерде аяқталады да, өзін-өзі алдау қай жерде басталады.
Қытайдың индустриялық саясаты мемлекет тарапынан жүйелі араласуға сүйенеді. Бұл бөлек-бөлек шаралардың жиынтығы емес. Бұл стратегия, жоспарлау, субсидия, нарықты бақылау және басымдықтарды қатаң таңдау сияқты құралдардың бір пакеті. Мақсат та ашық: шетелдік технологияға тәуелділікті азайту және алдыңғы қатарлы өндірісте көшбасшы болу. «Бір күні» емес, нақты мерзімде.
Осы үшін бірнеше негізгі құрал қолданылады: тікелей субсидиялар, жеңілдетілген кредиттер, салықтық ынталандыру, мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялар арқылы саясатты жүргізу, шетелдік ойыншыларға шектеулер, локалконтент талаптары, бірлескен кәсіпорындар арқылы технология трансфері. Ең маңыздысы — бұлардың бәрі жеке-жеке емес, бір жүйеретінде жұмыс істейді.
Нәтиже көзге көрініп тұр. Қытай бірқатар маңызды салаларда өз тізбегін құра алды: электр батареялары, электротехника, жоғары жылдамдықты көлік, цифрлық инфрақұрылым. Қысқа уақытта ел құрастырудан негізгі компоненттерді бақылауға өтті. Көп ел осыны қайталағысы келеді.
Бірақ сыртқы әдемі суреттің артында жайсыз шындық бар. Қытай моделі өте үлкен ресурс пен әкімшілік бақылауға сүйенеді. Ол үлкен бұрмалануларға жол береді. Және тұрақты тиімділікке автоматты кепілдік бермейді. Үнемі қысым, түзету, қайта бөлу қажет.
Қытайдың өз ішінде де мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға сүйенудің шегі бар екені көрінеді. Бұл сегменттерде өнімділік төменірек. Икемділік шектеулі. Артық қуат инновациядан жылдам жиналады. Соның салдарынан өсім барған сайын инвестиция көлеміне тәуелді болып, инвестицияның қайтарымы әлсірей береді.
Қазақстан үшін бұл өте маңызды сигнал. Қытайдың табысын кейде «субсидия мен локалконтент әрдайым жұмыс істейді» деген дәлел ретінде көрсетеді. Бұл қауіпті жеңілдету. Қытайда субсидиялар жұмыс істеді, себебі олар қатал стратегияға байланған, өңірлер арасындағы бәсекемен күшейген және ресурстар үнемі қайта бөлініп отырған. Тіпті осының өзінде шығындар өсіп келеді.
Ал осы модельді институтсыз көшіруге тырысқанда нәтиже жиі керісінше болады. Субсидия тұрақты табыс көзіне айналады. Локалконтент құрастыруға түседі. Технология трансфері қағазда қалады. Экономика сырттай «индустриялық» көрінеді, бірақ іші бос болады.
Қытайда локалконтент пен бірлескен кәсіпорын талаптарының мақсаты нақты болды: жай ғана өндірісті кіргізу емес, білімді, процесті, стандартты шығарып алу. Бірақ тіпті соның өзінде нәтиже әр салада әртүрлі болды. Кейбір жерде шетелдік компаниялар негізгі құзыреттерін өзінде сақтап қалды. Кейбір жерде қытайлық ойыншылар шынымен қуып жетіп, басып озды.
Осыдан басты қорытынды шығады: локалконтенттің өзі ештеңе кепілдемейді. Ол не қосылған құнды өсіру стратегиясына кірігеді, не жай ғана «есеп үшін пайыз» болып қалады. Бірінші жағдайда инженерлік қабілет өседі. Екінші жағдайда құрастырудағы «отвертка» саны ғана көбейеді.
Қазақстан үшін бұл шекара тіпті жұқа. Экономика ашық. Нарық шағын. Саудаласу позициясы Қытайдан әлдеқайда әлсіз. Бұл технология трансферін қатаң талап ету мүмкіндігін автоматты түрде шектейді. Қытай талаптарын механикалық көшіру инвесторлардың міндеттемені минимумға түсіріп, негізгі технологияны елден тыс ұстап қалуына әкелуі мүмкін.
Қытай тәжірибесі тағы бір нәрсені анық көрсетті: технология трансфері тек қабылдаушы тарапта оны сіңіретін қабілет болса ғана жұмыс істейді. Кадр. Инженерлік база. Ғылыми орта. Өндірістік тізбек. Бұлар болмаса, берілген технология «қағаздағы актив» болып қалады.
Тағы бір ерекшелік — масштаб. Қытай қателесуге «қымбат әрі ұзақ» мүмкіндік табады. Артық қуатты ұзақ ұстап, нарықтың кейін түзелуін күте алады. Қазақстанда мұндай люкс жоқ. Мұнда индустриялық саясаттағы әр қате салыстырмалы түрде әлдеқайда ауыр соғады.
Сондықтан Қазақстан үшін қытай сабағын «нұсқаулық» ретінде емес, ескерту ретінде оқу керек. Субсидия өсімді жылдамдата алады, бірақ тек уақытша, бәсекелі және нақты шығу шартымен байланысса. Локалконтент дамуды ынталандыра алады, бірақ ол құрастыру пайызы емес, қосылған құн арқылы өлшенсе. Технология трансфері мүмкін, бірақ оның артында нақты «үйрену қабілеті» тұрса.
Көбіне талқылауда түсіп қалатын бір фактор бар — бәсеке. Қытай жүйесі қатал, бірақ біркелкі емес. Ел ішінде провинциялар, қалалар, компаниялар ресурстар мен статус үшін бәсекеге түседі. Бұл ішкі қысым мемлекеттік араласудың бір бөлігін теңестіреді.
Қазақстанда мұндай қысым аз. Аймақтық та, корпоративтік те бәсеке әлсіздеу. Бұл саясаттың мүдделі топтардың қолына өту тәуекелін арттырады. Осындай ортада субсидия мен локалконтент тезірек тұрақты рентаға айналады.
Қытай мемлекеттік компанияларды да саясат құралы ретінде кең қолданады. Оларға арзан қаржы мен нарыққа жол ашық. Бұл масштабтауға көмектеседі, бірақ тиімділікті төмендетеді. Қытайдың өз деректері де мемлекеттік сектордың өнімділігі жекеменшік сектордан төмен екенін көрсетеді. Қазақстан үшін бұл екі есе маңызды, өйткені квазимемлекеттік сектордың үлесі бізде онсыз да жоғары.
Мемкомпанияларды индустриялық серпілістің негізгі тасымалдаушысы ету — жүйелі тәуекел. Көлемнің өсуі сапаның тоқырауын жасыра алады. Инвестиция өседі, қайтарым түседі. Экономика ауыр әрі инертті бола бастайды.
Қытай тәжірибесі тағы бір нәрсені көрсетеді: тіпті қатал саясаттың өзінде нарық іріктеу механизмі болып қала береді. Бәсеке толық басылған жерде тиімділік ең тез құлайды. Сондықтан соңғы жылдары Қытайдың өз ішінде де модельді түзету, тиімсіз құрылымдардың рөлін азайту қажеттігі жиі талқыланып жатыр.
Қазақстан үшін қорытынды қарапайым: қытай саясатының сыртқы формасын ішкі қарсы салмақтарсыз көшіру қауіпті. Субсидия бәсекесіз болса — тоқырау. Локалконтент құзырет өспесе — құрастыру. Трансфер үйрену қабілетінсіз болса — жаңа қаптамадағы тәуелділік.
Даму мен өзін-өзі алдаудың шекарасы өте қарапайым критериймен өлшенеді. Ел ішінде қосылған құн өсіп жатыр ма. Жаңа компаниялар пайда болып жатыр ма. Күрделі компоненттер мен қызметтердің экспорты өсіп жатыр ма. Егер жауап жоқ болса, саясат жұмыс істемейді, есеп әдемі болса да.
Қазақстан үшін қытай сабағы «солай істеу» емес. Ол — табыстың бағасын және шарттарын түсіну. Және өз шектеулеріңді анық білу. Қазақстанға индустриялық саясат керек. Бірақ лозунгты көшіретін емес. Дамуды имитациядан ажырата алатын саясат керек. Нағыз суверенитеттің сызығы дәл осы жерде өтеді.


