Мұнай бағасын бақылап жүргендердің көбіне түсінікті қарапайым қисын бар: баррель қымбаттаса, экспорттаушы ел екі есе ұтуға тиіс — баға өседі әрі көбірек мұнай өндіру тиімді болады. Даллас Федералдық резерв банкінің зерттеушілері жаңа еңбегінде осы қисынды 2026 жылғы Иранмен соғысты таза табиғи эксперимент ретінде пайдаланып, нақты деректермен тексерді. Нәтиже қалыптасқан түсінікті біз ойлағаннан әлдеқайда қатты шайқалтты.
2026 жылғы 28 ақпанда Иранға жасалған соққыдан кейін әлемдік мұнайдың шамамен бестен бірі өтетін Ормуз бұғазы жабылды. Нарықтан бір сәтте әлемдік ұсыныстың шамамен 15%-ы жоғалды. Бұл бұған дейін мұнай нарығы тарихындағы ең ірі геосаяси күйзеліс саналған 1973 жылғы дағдарыстың шарықтау шегіндегі құлдыраудан екі еседен де көп. WTI бағасы орта есеппен 61 доллардан барреліне 115 долларға дейін шарықтады. Авторлар қисынды сұрақ қойды: өзін он жыл бойы әлемдік нарықтың икемді «жылдам реттегіші» деп таныстырып келген америкалық өндірушілер бұл күйзеліске өндірісті қаншалықты арттыру арқылы жауап берді?
Жауап «мұнай қымбаттаса, өндіріс те өседі» деген түсінікке қолайсыз болып шықты. АҚШ тақтатас мұнайы ұсынысының айлық және тоқсандық икемділігі іс жүзінде нөлге тең болды: наурызда да, наурыз-мамыр тоқсанында да 0,02 деңгейінде қалды. Яғни бағаның шамамен 42%-ға өсуі өндірісті 1%-ға да арттырмады. Бұл соңғы жылдардағы ғылыми әдебиеттің бір бөлігіндегі бағалардан күрт алшақ. Онда икемділік 0,6, тіпті 0,3-0,9 аралығында деп есептелген. Мұндай баға өсімі кезінде айлық өндіріс 26-37%-ға, яғни тәулігіне қосымша 2,4-3,5 млн баррельге артуға тиіс еді. Бірақ ірі тақтатас бассейндерінің ешқайсысында мұндай өсім болған жоқ. Елдегі бүкіл тақтатас өндірісінің 80%-ға жуығын беретін Permian және Bakken бассейндеріндегі икемділік небәрі 0,01 болды. Жалғыз елеулі ерекшелік — икемділігі 0,20 болған шағын Woodford бассейні. Алайда мұнда да өндірістің нақты өсімі тәулігіне бар болғаны 6 мың баррельді құрады. Жалпы көрініс аясында бұл статистикалық шу ғана.
Тақтатас өндірісінің икемділігі туралы мифті бірнеше жыл бойы қоректендірген 0,6-0,9 деңгейіндегі жоғары бағалардың қайдан шыққанын бөлек түсіндірген жөн. Оның сыры таза әдістемелік болып шықты: бұл еңбектердің авторлары икемділік формуласына ағымдағы бағаны ғана емес, спот және фьючерстік бағалар арасындағы үш айлық спредті де қосып, оны болашақта баға өседі деген белгі ретінде түсіндірген. Мәселе мынада: тұрақты күйзеліс кезінде жиі болатындай, фьючерстік баға спот бағамен бірге бірдей қарқынмен өзгерсе, бұл үстеме жоғалып, икемділік бағасы нөлге жуықтайды. 2026 жылғы наурызда фьючерстердің нақты қозғалысы ескеріліп қайта есептелгенде, тым жоғары 0,62 көрсеткіші әлдеқайда қарапайым 0,12-ге түседі. Соның өзі өндірістің нақты деректерінен едәуір жоғары.
Мұндай икемсіздіктің бірінші себебі — таза физикалық шектеу. Даллас ФРЖ мұнай компанияларының топ-менеджерлері арасында тұрақты өткізетін сауалнама бұрғылау туралы шешімнен алғашқы мұнайға дейін әдетте төрт-алты ай өтетінін көрсетеді. Компаниялардың жартысынан көбі бұл процеске алты айдан көп уақыт бөледі. 21 мыңнан астам нақты ұңғыма туралы спутниктік деректер де осыны растайды: бұрғылау қондырғысы келгеннен өндіріс басталғанға дейінгі медианалық мерзім — 5,7 ай. Ұңғымалардың небәрі 0,8%-ы бір айға жетпей іске қосылады. Компанияның реакция жылдамдығы оның көлеміне де байланысты. Шағын жеке өндірушілер, әдетте, бірнеше ұңғымадан тұратын тұтас бұтаны бірден бұрғылайтын ірі жария компанияларға қарағанда әлдеқайда жылдам қимылдайды. Ал мұндай тәсіл процесті ұзартады.
Салада жедел әрекет етуге арналған теориялық резерв бар. Бұл — бұрғыланған, бірақ жұмысы аяқталмаған, DUC деп аталатын ұңғымалар. Оларды салыстырмалы түрде тез өндіріске қосуға болады. Алайда мұндағы сандар да көңілді су сепкендей басады: бригада осындай ұңғымаға келгеннен өндіріс басталғанға дейінгі медианалық мерзім — 1,4 ай. Өлшеу қателігі ескерілгеннің өзінде резервтегі ұңғымалардың шамамен 6%-ы ғана үш аптаға жетпей аяқталады. 2026 жылғы ақпанда бүкіл Америкада мұндай 2357 ұңғыма болған. Икемділікті әлгі 0,62 деңгейіне жеткізу үшін бір мезетте 12 мыңнан астам ұңғыманы аяқтау керек еді. Бұл сол кездегі бүкіл резервтен бес есе көп. Тіпті түзетілген 0,12 көрсеткішіне жету үшін екі аптада 2400 ұңғыманы аяқтау қажет болатын. Ал тарихи тұрғыдан мұндай мерзімде ең көбі 150-230 ұңғыма іске қосылған. Тағы бір маңызды белгі: наурызда аяқталмаған ұңғымалар резерві қысқармады, керісінше, 2357-ден 2381-ге дейін аздап өсті. Бұл өндірушілер резервті жаппай іске қоса бастады деген болжамға тікелей қайшы.

Екінші себеп — күтулер. Өндірушілер бүгінгі бағаға емес, жаңа ұңғыма өндірістің шарықтау шегіне жеткен кездегі бағаға қарайды. Алаңды дайындау, бұрғылау және аяқтау уақытын есептегенде, бұл сегіз ай немесе одан да ұзақ мерзім. 2026 жылғы наурыздың соңындағы фьючерстік қисық 2027 жылдың соңындағы бағаның соғысқа дейінгі барреліне 67 долларға жуық деңгейге қайта түскенін көрсетті. Ал сол сәттегі спот баға екі есе жоғары еді. Нарық күйзелісті уақытша деп бағалағандықтан, сол үшін жаңа ұңғыма бұрғылаудың экономикалық мәні болмады. Бүгін ұңғыма іске қосқан өндіруші өндірістің шарықтау шегіне нарық болжамы бойынша баға соғысқа дейінгі деңгейге оралған тұста ғана жетер еді.
Осы тұстан құжатта тікелей талданбағанымен, бүкіл қисын жетелеп әкелетін қазақстандық бөлік басталады. Авторлар кәдімгі, яғни тақтатасқа жатпайтын мұнай ұсынысының икемділігі жалпыға бірдей мойындалғандай нөлге тең екенін бөлек атап өтеді. Бұл болжам емес, бүкіл академиялық әдебиеттегі ортақ тұжырым. Оны Техастың өзіндегі дәстүрлі мұнай өндірісінің деректері де растайды. Ал Қазақстан мұнайы іс жүзінде түгелдей дәстүрлі әдіспен өндіріледі. Бірнеше айда бұрғыланып, аяқталатын әрі әлемдік нарықтағы ең икемді актив ретінде дәріптелген тақтатас ұңғымасының өзі соншалық икемсіз болып шықты. Елеулі реакция көрсетуге мыңдаған дайын ұңғымадан тұратын арнайы жедел резерв те жетпеді. Ендеше Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді супергигант кен орындарының икемділігі бұдан да бірнеше есе төмен. Оның үстіне, оларда мұндай резервтің баламасы мүлде жоқ.

Айырмашылық ауқымда емес, шешім қабылдау табиғатында. Тақтатас компаниясының реакция циклі айлармен өлшенеді: бұрғылау бригадасына қоңырау шалу, қондырғыны жалға алу және ұңғыма бұрғылау. Қашағанды немесе Теңізді басқаратын консорциумда осыған ұқсас цикл жылдарға созылады. Ол бірнеше халықаралық серіктеспен келісуді, миллиардтаған долларлық жоба бюджетін қайта қарауды және инженерлік есептерді жаңадан жүргізуді талап етеді. Теңіздің өндірістік қуатын кеңейту жобасы он жылға жуық дайындалып, ондаған миллиард долларға түсті. Бұл қаражат нақты баға күйзелісін біреу болжай алардан әлдеқайда бұрын жоспарланған. Мұндай өндірісте Таяу Шығыстан жеткен жаңалыққа жауап ретінде екі аптада жабдықтап, іске қосуға болатын «аяқталмаған ұңғыманың» баламасы жоқ. Тіпті америкалық тақтатас компанияларының теориялық тұрғыда қолынан келетіндей, бірнеше аптада қажетті бригадалар мен техниканы жинау мүмкіндігі де жоқ. Оның өзі АҚШ-та жеткіліксіз болып шықты.
Күтулер логикасы жедел реакцияға одан да қатты кедергі келтіреді. Егер америкалық өндіруші сегіз айдан кейінгі бағаға қарап, сол көкжиектің өзінде бұрғылаудың мәнін көрмесе, супергигант кен орнының операторы бірнеше жылдан кейінгі бағаны есепке алады. Өйткені мұндай жобадағы күрделі салымдардың өтелуі сонша уақытқа созылады. Фьючерстік қисыққа қарағанда, басталғанына бір ай өткенде-ақ нарық уақытша деп бағалаған геосаяси күйзеліс ондаған жылға есептелген инвестициялық шешімді өзгерте алмайды. Қазіргі бағаның қаншалықты күрт өскені мұнда маңызды емес.
Қазақстан жағдайында осы физикалық және инвестициялық икемсіздікке америкалық өндірушілерде мүлде жоқ тағы бір шектеу қосылады. Ол — бағаға қарамастан өндіріс көлемін тежейтін ОПЕК+ квоталары. Бір есікке екі құлып салынғандай: өндірісті күрт арттыруға физикалық мүмкіндік болған күннің өзінде, ұжымдық келісім оны пайдалануға жол бермес еді.
Бұдан шығатын практикалық қорытынды қарапайым. Мұнай бағасы күрт өскен сайын оны еске алған жөн. Әлемдік бағаның шарықтауы Қазақстан үшін қосымша баррельге айналмайды. Ол тек бұрыннан жоспарланған мұнайды қымбатырақ сатуға мүмкіндік береді. Баға күйзелісінен бюджет пен Ұлттық қорға түсетін бүкіл қосымша кіріс өндіріс көлемінің емес, таза баға әсерінің нәтижесі. Бұл пайданың шегі көбірек мұнай өндіруге деген ниетке емес, ұңғыманың физикалық мүмкіндігіне, көп жыл бұрын жасалған консорциум келісіміне және картель деңгейінде келісілген квотаға тіреледі.
Сұлтан Уәлиханов, EconomyKZ зерттеу тобы, арнайы EconomyKZ.org үшін


