Экономикалық өсімнің негізгі факторлары ұзақ уақыт бойы белгілі болып келді: инвестиция, еңбек өнімділігі, білім деңгейі, институттардың сапасы, қаржыға қолжетімділік. Қазақстанның мемлекеттік бағдарламалары мен даму стратегиялары да осы көрсеткіштерге сүйеніп жасалды. Бірақ уақыт өте келе бұл тізімнің толық емес екені байқалды. Макроэкономикалық модельдерде сирек ескерілетін, алайда салық саясаты немесе капитал құнынан кем әсер етпейтін тағы бір фактор бар. Ол — мәдениет, яғни қоғам қандай мінез-құлықты дұрыс деп қабылдайтынын айқындайтын құндылықтар мен қоғамдық нормалардың жиынтығы. Ұзақ уақыт бойы мәдениет тарихтың, әлеуметтанудың немесе антропологияның мәселесі саналып келді. Алайда іс жүзінде дәл осы фактор көптеген реформаның нәтижесін анықтайды.
Қазақстан бұл тұрғыда ерекше мысал. Өйткені ел экономикалық өсімнің классикалық теориясы ұсынатын қадамдардың басым бөлігін іске асырды. Мемлекет жоғары білімге қолжетімділікті кеңейтті, рекордтық көлемде грант бөлуде, цифрландыруға және жаңа салаларға қажетті мамандарды даярлауға қаржы құйып жатыр. Соған қарамастан, бұл инвестициялардың қайтарымы рационалды модель болжаған деңгейден төмен болып отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, NEET санатындағы, яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін әрі кәсіби даярлықтан өтпейтін жастардың үлесі 2023 жылғы 7,3%-дан 2026 жылдың бірінші тоқсанында 5,8%-ға дейін төмендеді. Бұл — оң өзгеріс. Бірақ оның артында білім алуға мүмкіндігі бола тұра еңбек нарығына қосылмай жүрген жүздеген мың жас қазақстандық тұр. Экономика оларға мүмкіндік жасады, алайда бұл мүмкіндік толық пайдаланылып отырған жоқ.
Дәстүрлі экономикалық теория мұндай айырмашылықты көбіне институттардың сапасымен немесе табыс деңгейімен түсіндіреді. Бұл маңызды себептер болғанымен, бәрін қамтымайды. Жасалған мүмкіндік пен адамның нақты таңдауының арасында тағы бір қабат бар. Ол — қоғамдық нормалар, отбасының күткені және қоғам дұрыс деп санайтын мінез-құлық үлгілері. Дәл осы деңгей жақсы қаржыландырылған реформалардың өзін әлсіретеді.
Түптеп келгенде экономика миллиондаған адамның күнделікті шешімдерінен құралады: білім алу керек пе, жаңа жұмыс іздеу керек пе, басқа қалаға көшу керек пе, кәсіп бастау керек пе, бала туғаннан кейін кәсіби дамуды жалғастыру қажет пе. Осындай әрбір шешімге бір мезетте үш күш ықпал етеді: адамның жеке сенімі, материалдық пайда және айналасының пікірі. Ұзақ уақыт бойы экономикалық модельдерде үшінші фактор ескерілмеді. Ал шын мәнінде ол адамның әрекетін түбегейлі өзгерте алады. Жалақыны көтеруге болады, бірақ егер отбасы қарсы болса, адам жаңа жұмыстан бас тартуы мүмкін. Әйелдердің білім алуына жол ашуға болады, бірақ бұл олардың мамандығы бойынша жұмыс істейтінін білдірмейді. Заманауи жұмыс орындарын құруға болады, алайда қоғамдық нормалар шектеу қойса, олардың бір бөлігі бәрібір бос қалады.

Қазақстанда мұны еңбек нарығынан анық көруге болады. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы 942,5 мың адам бейресми жұмыспен қамтылған. Үш жыл ішінде бұл көрсеткіш 18,1%-ға азайып, бейресми сектордың жалпы жұмыспен қамтылудағы үлесі 12,8%-дан 10,1%-ға дейін төмендеді. Дегенмен бейресми секторда қалғандардың 42%-ы — формалды біліміне сәйкес келмейтін қызметпен айналысатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Мемлекет мамандарды даярлауға қаржы салды, бірақ еңбек нарығы олардың әлеуетінің бір бөлігін пайдалана алмай отыр. Бұл бос жұмыс орындарының жетіспеуінен емес, адамдардың таңдауы тек нарықтық сигналдарға ғана тәуелді болмағандықтан орын алады. Осы тұста мәдениет абстрактілі ұғым болудан қалып, нақты экономикалық институтқа айналады. Ол еңбек ұсынысының көлемін, адами капиталдың жиналу қарқынын және еңбек өнімділігін анықтайды.
Бұл құбылыс әсіресе әйелдердің еңбекке қатысуынан айқын көрінеді. Соңғы онжылдықтарда Қазақстанда әйелдердің жоғары білімге қолжетімділігі айтарлықтай артты. Көптеген мамандық бойынша қыздардың үлесі жігіттерден кем емес. Экономика үшін бұл жаңа өсім көзіне айналуы тиіс еді. Алайда қазақстандық жастар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар гендерлік теңдікті маңызды деп санайтындардың үлесі әйелдер арасында 51%, ал ерлер арасында небәрі 12,9% екенін көрсетті. Екі топ та бір экономикада өмір сүреді, бірдей білім алады. Бірақ қалыпты мінез-құлық туралы түсінігі әртүрлі болғандықтан, олар бірдей жұмыс ұсынысына, бірдей жалақыға немесе жаңа мамандық игеру мүмкіндігіне әрқалай жауап береді.
Мұның себебі қарапайым: экономика қоғамнан жылдамырақ өзгереді. Жаңа технологиялар мен жұмыс орындары бірнеше жылдың ішінде қалыптасады. Білім беру жүйесі де салыстырмалы түрде тез бейімделеді. Ал қоғамдық көзқарастар әлдеқайда баяу өзгереді. Кейде бұл айырмашылық тұтас бір ұрпаққа созылады. Соның салдарынан елдің әлеуеті мен нақты нәтижесінің арасында жасырын алшақтық пайда болады. Мемлекет адами капиталға инвестиция құяды, бірақ оны толық пайдалана алмайды. Компаниялар дайын мамандар жеткілікті бола тұра кадр тапшылығына тап болады. Отбасылар ықтимал табысының бір бөлігін жоғалтады. Экономика еңбек өнімділігінің бір бөлігін ала алмайды. Қазақстандағы NEET көрсеткіші мен бейресми жұмыспен қамту статистикасы дәл осыны көрсетіп отыр: мүмкіндік бар, бірақ ол толық іске аспайды.
Бұл алшақтықтың ең қызық түсіндірмесін көпшіліктің консервативтілігі емес, қоғамдық пікірді қате бағалау береді. Адамдар өзгелердің не ойлайтынын жүйелі түрде дұрыс болжай алмайды. Соның салдарынан өздері іштей өзгеруге дайын болса да, ескі мінез-құлық үлгісін жалғастыра береді. Мұны 2025 жылы Қазақстанда 3123 респонденттің қатысуымен жүргізілген және Frontiers in Human Dynamics журналында жарияланған “Consensus without convergence” (“Келісім бар, бірақ жақындасу жоқ”) зерттеуі растады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың негізгі құндылықтары бойынша келісімі өте жоғары. Денсаулықты басымдық деп 95,5%, жауапкершілікті 93,6%, адалдықты 91,9% атаған. Респонденттердің 81,5%-ы қоғамда ортақ құндылықтар бар екенін мойындайды. Бірақ сол адамдардың өзі қоғамды қатты бөлінген деп қабылдайды: 79,4%-ы шенеуніктер мен халық арасында үлкен алшақтық бар дейді, ал 75,1%-ы байлар мен кедейлер арасында терең жіктелуді көреді.
Парадокс осында. Қоғам шын мәнінде ортақ құндылықтар бойынша өз мүшелері ойлағаннан әлдеқайда біртұтас. Бірақ әр адам айналасындағы келісім деңгейін төмен бағалайды да, өзін келіспейтін адамдар көп ортада жүргендей ұстайды. Экономистер мұндай кезеңдерді бетбұрыс нүктесі деп атайды. Ұзақ уақыт бойы ештеңе өзгермегендей көрінеді. Бірақ кейін бірнеше жылдың ішінде бұрын мүмкін емес саналған өзгерістер жүзеге асады. Себебі адамдардың көзқарасы бұрыннан өзгерген, тек олар бір-бірінің де өзгергенін кеш байқайды.
Осыдан экономикалық саясат үшін маңызды қорытынды шығады. Егер материалдық ынталандыру қоғамдық күтулерге қайшы келсе, оның әсері реформаторлар күткеннен әлдеқайда әлсіз болады. Жалақыны өсіру немесе жаңа жұмыс орнын ашу жеткіліксіз. Егер адам жаңа таңдау әлеуметтік нормаға қарсы келеді деп ойласа, экономикалық рационалдылық әлеуметтік қысыммен бәсекеге түседі. Жеңімпаз әрдайым экономика бола бермейді. Сондықтан Қазақстанда және басқа елдерде көптеген реформалар күткен нәтижеге жете алмайды. Жағдай жасалғанымен, қоғам оған толық бейімделіп үлгермейді.
Бірақ кері процесс те бар. Белгілі бір деңгейде адамдардың мінез-құлқы өзгерсе, қоғамдық нормалардың өзі де өзгере бастайды. Ұзақ уақыт бойы экономистер мәдениетті ондаған жыл бойы өзгермейтін тұрақты фактор ретінде қарастырды. Алайда өмір сүру жағдайы, адамдардың күткені және экономикалық ынталандыру қатар өзгерсе, мәдениет әлдеқайда жылдам бейімделеді. Бұл үш арна арқылы жүреді.
Біріншісі — білім беру. Ол тек білім ғана емес, өмірдегі қалыпты стратегиялар туралы түсінік береді.
Екіншісі — медиа. Олар мансап пен отбасының жаңа үлгілерін көрсетеді. Қазақстанда бұл ерекше маңызды. Ел халқының 92,9%-ы интернетті, 75,7%-ы әлеуметтік желіні пайдаланады. Бұл шамамен 15,7 миллион адам. Сондықтан жаңа мінез-құлық үлгілері Орталық Азиядағы ең ауқымды цифрлық ортада өте жылдам таралады.
Үшіншісі — адамдардың өз болашағы туралы шешімді өздері қабылдау мүмкіндігін кеңейтетін бағдарламалар. Бұған “Бастау Бизнес” жобасы жақсы мысал. Бағдарлама жастарды, соның ішінде NEET санатын, ауыл мен шағын қала тұрғындарын кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытады және кейін өз ісін бастау үшін 400 АЕК-ке дейін грантбереді. Жоба дерегіне сәйкес, осы бағдарлама арқылы шамамен 60 мың жұмыс орны құрылды. Яғни ол мемлекет адами капиталға салған инвестицияның қайтарымы төмендеп отырған дәл сол мәселеге ықпал етеді.
Мәдениет бір сәтте өзгермейді. Көбіне қоғам жаңа үлгілерге біртіндеп бейімделеді. Алдымен жаңа әрекет ерекшелік болып көрінеді. Кейін ол қалыпты баламаға айналады. Соңында жаңа норма ретінде қабылданады. Қазақстанда мұны жастар кәсіпкерлігінен байқауға болады. Қазір жаңа бизнестің 40%-дан астамын 18-30 жас аралығындағы азаматтар ашады. Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында соңғы үш жылда жас кәсіпкерлер саны 18%-ға артқан. Осыдан он жыл бұрын бұл жаста жеке кәсіп бастау қалыпты құбылыс емес, тәуекел ретінде қабылданатын. Қазір ол күнделікті тәжірибеге айналып келеді. “Бастау Бизнес” сияқты бағдарламалар дәл осы мәдени өзгерісті жеделдетіп отыр.
Бұл үрдістер Қазақстан үшін дәл қазір ерекше маңызды. Ел экономикасында заманауи қызмет көрсету секторының рөлі өсіп келеді, цифрландыру жалғасуда, жоғары білікті мамандарға сұраныс артып жатыр, бірнеше жыл бұрын болмаған жаңа кәсіптер пайда болуда. Бірақ кез келген құрылымдық өзгеріс қоғамдық көзқарастың да өзгеруін талап етеді. Егер еңбек нарығы адамдардың әдеттері мен түсінігінен жылдам дамыса, адами капиталдың бір бөлігі бәрібір пайдаланылмай қалады. Жастар мамандықты экономиканың сұранысына қарап емес, отбасының бұрыннан қалыптасқан күтулеріне сүйеніп таңдай береді. Соның салдарынан ел өзінің ең маңызды ресурстарының бірінен — адами капиталды жылдам іске қосу қабілетінен айырылуы мүмкін.
Сондықтан мәдениетті жол, энергетика немесе қаржы жүйесі сияқты экономикалық инфрақұрылымның маңызды бөлігі деп қарастыруға болады. Оны километрмен немесе миллиард теңгемен өлшеу мүмкін емес. Бірақ дәл сол мәдениет экономиканың басқа элементтерінің қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін анықтайды. Мәдениет реформаның орнын баспайды. Ол реформаның шекті тиімділігін белгілейді. Мемлекет білімге көбірек қаржы бөле алады, инфрақұрылым сала алады, инвестор тартып, жаңа өндіріс аша алады. Бірақ қоғамдық нормалар адами капиталды толық пайдалануға мүмкіндік бермесе, елдің әлеуетінің бір бөлігі бәрібір іске аспай қалады.
Шикізаттық модельден білім экономикасына өтуді мақсат еткен Қазақстан үшін бұл теориялық мәселе емес. Алдағы өсім мұнай өндіру көлемінен гөрі адами капиталдың сапасына, кәсіпкерлікке және қоғамның өзіне берілген мүмкіндіктерді қаншалықты жылдам пайдалана алатынына тәуелді болады. Келесі онжылдықтағы бәсеке тек технологиялар мен компаниялар арасында ғана емес, өзгеріске әртүрлі бейімделетін қоғамдар арасында да жүреді.
Осы тұрғыдан алғанда “Келісім бар, бірақ жақындасу жоқ” зерттеуі Қазақстанның экономикалық саясаты үшін күтпеген, бірақ өте маңызды қорытынды ұсынады. Қоғам негізгі құндылықтар бойынша өзі ойлағаннан әлдеқайда біртұтас. Сондықтан мәселе қазақстандықтарды жаңа нормаларға көндіруде емес. Көп жағдайда олар бұл нормаларды әлдеқашан қабылдап қойған. Ең маңыздысы — адамдарға бұл пікірде жалғыз емес екенін көрсету. Кейде ең арзан әрі ең тиімді экономикалық реформа — көпшіліктің шын мәнінде не ойлайтыны туралы нақты ақпараттың өзі.
Эльвира Батурова, EconomyKZ зерттеу тобы, арнайы EconomyKZ.org үшін


