Мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың күнделікті жұмысында негізгі жүктің басым бөлігі басқарушылық шешімдердің мазмұндық және орындаушылық сапасына жауап беретін мамандарға түседі. Олар — талдаушылар, сарапшылар, әдіскерлер және әртүрлі бағыттағы кәсіби мамандар. Дәл осы қызметкерлер хаттар, анықтамалар, есептеулер, талдамалық жазбалар, презентациялар, құжат жобалары мен шешім қабылдауға қажетті өзге де материалдарды әзірлейді. Сондықтан ұйым жұмысының өнімділігі мен нәтижелілігі көп жағдайда олардың кәсібилігіне тәуелді.
Алайда мұндай мамандар уақытын тек мазмұндық жұмысқа ғана жұмсамайды. Ақпарат іздеу, бастапқы деректерді нақтылау, дұрыс тұжырымдарды таңдау, материал құрылымын қалыптастыру және құжаттарды талапқа сәйкестендіру де айтарлықтай уақыт алады. Тіпті тәжірибелі мамандардың өзі негізгі міндеттен гөрі қосалқы жұмыстарға көп күш жұмсайды. Бірқатар зерттеулерге сәйкес, мамандардың жұмыс уақытының 20%-дан астамы ақпарат іздеуге және осындай қосымша операцияларға кетеді.
Мұндай жүктеме кәсіби қызметтің қалыпты бөлігі саналғанымен, оны жүйелі тәсіл мен дайын шешімдермен алмасу арқылы едәуір қысқартуға болады. Бұл жеке ұйымдардың ғана емес, жалпы кәсіби ортаның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Осы міндетті шешудің бір жолы — тәжірибе, әдіснама және практикалық шешімдермен тұрақты алмасуға мүмкіндік беретін Сарапшылар одағын құру. Бұл ұйымның басты ерекшелігі — оның кәсіподақтардан өзгеше болуы. Егер кәсіподақтар қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауға бағытталса, Сарапшылар одағы кәсіби қауымдастықты дамытуға және орындаушы мамандарды біріктіруге басымдық береді.
Сарапшылар одағы екі негізгі бағытта жұмыс істей алады:
Әдістемелік алаң. Мұнда тексерілген құжат үлгілері, анықтамалардың типтік құрылымдары, талдамалық материалдардың, презентациялардың, есептеулер мен қызметтік жазбалардың мысалдары жинақталады. Осындай бірыңғай база материал дайындауға кететін уақытты қысқартып, қайталанатын қателердің алдын алады.
Білім беру бағыты. Оқыту нақты жұмыс міндеттеріне негізделуі тиіс. Мысалы, мәтінді мағынасын жоғалтпай қысқарту, белгіленген көлемдегі анықтаманы әзірлеу, қолданбалы және талдамалық есептеулер жүргізу, уақыт шектеуіне сай презентация құру немесе түсінікті әрі талапқа сай талдамалық қорытынды дайындау сияқты практикалық дағдыларды дамыту.
Одақ қызметінің негізгі бағыты — түрлі салалардағы мамандар арасында кең таралған жұмыс міндеттерін орындау тәжірибесімен алмасу. Уақыт өте келе бұл бастама Одақ мүшелеріне де, олар еңбек ететін ұйымдарға да, сондай-ақ Одақ қызметін пайдаланушыларға да нақты практикалық пайда әкеледі.
Одақ жұмысын ұйымдастыру бойынша ұсыныстар:
1) Одақтың мақсатын, миссиясын және негізгі қағидаттарын айқындайтын бастамашыл топ құру. Сонымен қатар басқару құрылымы, мүшелікке қабылдау тәртібі және өзара іс-қимыл тетіктері белгіленуі тиіс.
2) Бірыңғай әдістемелік қор қалыптастыру. Құжат шаблондары, анықтамалардың типтік нысандары, талдамалық жазбалар мен презентациялар үлгілері, материалдардың құрылымы мен ресімделуіне қатысты ұсынымдар алдын ала сараптамалық сүзгіден өткізіліп, ортақ кітапханаға енгізілуі қажет.
3) Семинарлар, вебинарлар, шеберлік сабақтары және нақты кейстерді талқылауға арналған практикалық кездесулерді тұрақты өткізу. Бұл қатысушыларға қажетті білім алып қана қоймай, жиі кездесетін қателерді анықтап, оларды шешудің тиімді жолдарын меңгеруге мүмкіндік береді.
4) Мемлекеттік және жекеменшік ұйымдармен әріптестік орнату. Одақ мамандарды іріктеу, олардың кәсіби деңгейін бағалау, ішкі құжат стандарттарын әзірлеу және талдамалық материалдарға қойылатын талаптарды жетілдіру бағытында қолдау көрсете алады.
5) Кері байланыс жүйесін қалыптастыру. Одақ материалдарын пайдаланатын мамандар мен ұйымдар олардың практикалық тиімділігіне тұрақты баға беріп отыруы қажет. Бұл әдістемелік базаны жаңартуға, оқу бағдарламаларын жетілдіруге және қызметтің басым бағыттарын нақтылауға мүмкіндік береді.
Одақ жұмысының негізгі көрсеткіштері:
- Одақ қызметінің нақты пайдасын атап өткен қатысушылардың үлесі;
- әдістемелік материалдардың орташа сапа бағасы;
- консультацияларға, сараптамалық сүйемелдеуге және кейстерді талдауға түскен сұраныстар саны;
- типтік құжаттарды әзірлеуге кететін уақыттың қысқаруы;
- материалдардағы қателер мен қайта өңдеулер санының азаюы;
- Одақ материалдарын өз жұмысында қолданатын ұйымдар саны;
- мамандардың өз жұмысына қанағаттану деңгейінің артуы.
Дәулет Жамбайбеков, тәуелсіз сарапшы, арнайы үшін www.economyKZ.org


