EC[ON]OMY

KazLLM: технологиялық егемендіктің жаңа кезеңі

KazLLM-ден «ChatGPT сияқты жасап бер» деп талап ету – бұл ауқымдық қателік. Біз ондаған жыл зерттеу жүргізіп, жаһандық инфрақұрылым құрып, миллиардтаған инвестиция салған жүйені енді ғана институционалдық қалыптасу кезеңіне қадам басқан жобамен салыстырып отырмыз.

Бұл – алғашқы маусымында юниор спортшыдан Олимпиада алтынын сұраумен бірдей. Айырмашылық тек нәтиже емес, даму траекториясында. Әрине, оңай жол бар. Дайын технологияны сатып алып, интерфейсін қазақшалап, мемлекеттік не корпоративтік жүйелерге қосып, «жылдам енгіздік» деп есеп беру. Бұл тез, әсерлі және қысқа мерзімде нәтиже береді. Бірақ бұл – тұтынушы моделі.

Ал жасаушы моделі мүлде басқа. Ол өз мектебіңді қалыптастыруды, өз зерттеу базаңды құруды, инженерлік ортаны дамытуды талап етеді. Қателіктер болады, қайта жасау болады, есептеу қуатына инвестиция қажет, кадр дайындау керек, технологиялық мәдениет қалыптастыру қажет. Бұл – ұзақ жол.

Президент те бірнеше рет айтқандай, біз ондаған жыл бойы шикізат экспорттап, дайын өнім импорттаған модельмен өмір сүрдік. Металды сатып, дайын металл конструкцияларын аламыз. Мұнайды экспорттап, өңделген өнімді қайта сатып аламыз. Ыңғайлы, бірақ қосылған құн ел ішінде қалмайды.

Цифрлық салада бұл логика одан да жылдам қайталанады. Мәліметті сыртқа шығарып, дайын платформаларды қолданып, пайдаланушы деңгейінде қалуға болады. Немесе траекторияны өзгертуге тырысуға болады.

База. Қазақ тіліндегі өз деректеріміз. ISSAI базасындағы өз есептеу қуатымыз. Жергілікті контекстке, құқықтық ортаға, нақты тілдік қолданысқа бейімделген өз модель. Бұл жай интерфейс емес – бұл технологиялық өзек.

Экожүйе. Мемлекет, бизнес, білім беру және медицина үшін қорғалған шешімдер құруға болатын платформа. Әңгіме чат жасауда емес, сервистер құрылатын архитектуралық қаңқа қалыптастыруда.

Қауіпсіздік және егемендік. Сезімтал деректерді ел ішінде сақтау, өңдеу және басқару мүмкіндігі. Бұл идеология емес, бұл – тәуекелді басқару мәселесі. Әсіресе реттеуі қатты секторларда.

Маңыздысы – мақсат «тағы бір чат» жасау емес. Мәселе – жасанды интеллект саласында өз қосылған құн тізбегін қалыптастыру. Деректерден бастап есептеу инфрақұрылымына, одан әрі қолданбалы шешімдер мен салалық сервистерге дейін. Бұл – тұтынушыдан әзірлеушіге көшу. Дайын шешімді интеграциялаудан өз технологиялық базаңды құруға көшу. Иә, бұл бастапқы кезең. Иә, ауқым бойынша жаһандық көшбасшылармен салыстыруға келмейді.

Бірақ стратегиялық сұрақ басқа: 10–15 жылдан кейін біз сыртқы цифрлық экожүйелердің жай қолданушысы болып қала береміз бе, әлде әлемдік деңгейдегі өз әзірлеушілеріміздің пайда болуына жағдай жасаймыз ба?

Егер KazLLM-ді технологиялық егемендікке ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарасақ, оның құны бүгінгі салыстырумен емес, ел ішінде қосылған құн қалыптастыру қабілетімен өлшенеді. Сыртқы платформаларға тәуелділікті азайтуымен және ІТ-сектор, білім беру мен өнеркәсіпке мультипликативтік әсер беруімен өлшенеді.

Әйтпесе біз цифрлық шешімдерді импорттайтын ел болып қала береміз. Ал ережені басқа біреу жазған экономикада, табыстың бөлінуіне де ықпал ете алмаймыз.

Ален Серік,  порталының сарапшысы  EconomyKZ.org

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading