EC[ON]OMY

Жасанды интеллект пен инфляция: экономикалық шектеулер

Бірнеше жыл бұрын экономикалық болжамдардың басым бөлігі сұранысқа негізделіп жасалатын. Экономика баяуласа, орталық банктер мөлшерлемені төмендететін. Тұтынушылар аз шығынданса, үкіметтер ынталандыру бағдарламаларын іске қосатын. Инвестициялар қысқарса, нарық жаңа қолдау шараларын күтетін. Барлық назар бір сұраққа тірелетін: сұраныс қаншалықты күшті болады және ол экономикалық өсімді қаншалықты қолдай алады?

Алайда BlackRock Investment Institute жариялаған жаңа шолу әлемдік экономиканың біртіндеп басқа бағытқа бұрылып жатқанын көрсетеді. Бүгінде басты мәселе тұтынушылардың ақшасы немесе несиенің қолжетімділігі емес. Негізгі шектеу ұсыныс жағында қалыптасып жатыр. Әңгіме энергия, инфрақұрылым, өндірістік қуаттар, жұмыс күші және капитал туралы болып отыр. Қазір дәл осы факторлар инфляцияға, инвестицияларға және қаржы нарықтарының қозғалысына көбірек әсер ете бастады.

BlackRock жасаған негізгі қорытынды өте қарапайым: әлем біртіндеп “ұсыныс әлеміне” айналып келеді. Таяу Шығыстағы қақтығыс бұл үрдісті күшейтті, бірақ оның өзі жаңа құбылыс емес. Энергия жеткізіліміндегі тәуекелдер, инфрақұрылымға түсетін жүктеменің артуы және жасанды интеллект үшін қажет алып инфрақұрылымның салынуы жаңа экономикалық ортаны қалыптастырып жатыр. Мұндай жағдайда сұранысты ынталандырудың өзі жеткіліксіз. Сол сұранысты қамтамасыз ететін нақты қуаттар қажет. Сондықтан энергетика, логистика және өндірістік инфрақұрылым қайтадан экономикалық саясаттың ортасына шықты.

Шолуда ерекше орын жасанды интеллектке берілген. Қазір көпшілік ЖИ-ді болашақтағы өнімділіктің өсуімен байланыстырады. Ол компаниялардың тиімділігін арттырып, шығындарды азайтып, экономикалық өсімді жеделдетеді деген пікір кең таралған. Бірақ BlackRock басқа қырын көрсетеді. Жасанды интеллект пайда әкелмес бұрын оны құру қажет. Ал оны құру үшін орасан зор ресурстар керек.

Мұнда деректер орталықтары, серверлер, жартылай өткізгіштер, салқындату жүйелері, электр станциялары және жаңа электр желілері қажет болады. Сонымен бірге инженерлер, энергетиктер және техникалық мамандар керек. Осындай қажеттіліктердің барлығы инвестициялардың жаңа әрі өте ауқымды толқынын қалыптастырып жатыр. Бұл инвестициялар енді жекелеген компаниялардың мәселесі емес, бүкіл экономикаға әсер ететін факторға айналуда.

BlackRock бағалауынша, әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың күрделі шығындары бойынша жоспарлары бұрынғы болжамдардан әлдеқайда жоғары болып шыққан. Бұл инвестициялардың көлемі соншалықты үлкен болғандықтан, бірнеше компанияның қабылдаған шешімдері тұтас елдердің экономикалық көрсеткіштеріне ықпал ете бастады. Сондықтан есеп авторларының негізгі тұжырымдарының бірі қысқа әрі нақты айтылған: micro is macro. Бұрын жеке компаниялардың стратегиясы болып көрінген нәрсе бүгінде жаһандық экономиканың драйверіне айналып отыр.

Бұл өзгеріс әсіресе энергетика саласында анық байқалады. BlackRock әлем экономикасының Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай мен газ жеткізілімдеріне тәуелділігіне ерекше назар аударады. Көптеген ірі экономикалар үшін бұл бағыт әлі де маңызды. Егер жеткізілімдерде іркіліс болса, оның салдары мұнай бағасынан бастап инфляцияға дейін әсер етеді. Бірнеше жыл бұрын энергия тұрақты және сенімді ресурс болып көрінетін. Қазір жағдай өзгерді. Энергия қайтадан экономикалық өсімнің негізгі шектеулерінің біріне айналып отыр.

Жасанды интеллект бұл үрдісті одан әрі күшейтуде. Жаңа деректер орталықтары бұрынғыдан әлдеқайда көп электр энергиясын тұтынады. Есептеу қуаты өскен сайын электрге деген сұраныс та арта береді. Сондықтан BlackRock атом энергетикасына, газ турбиналарын өндірушілерге, энергетикалық инфрақұрылымға және электрмен қамтамасыз ету жүйелеріне ерекше көңіл бөледі. Бұл салалардың артықшылығы — жасанды интеллекттің қай компаниясы жеңсе де, инфрақұрылым бәрібір қажет болады.

Осыдан тағы бір маңызды қорытынды шығады. BlackRock инфляцияның төмендеуі нарық күткеннен әлдеқайда ұзақ уақыт алуы мүмкін деп есептейді. Таяу Шығыстағы шиеленіс күшеймей тұрып-ақ қызмет көрсету секторындағы базалық инфляция жоғары деңгейде сақталып келген. Еңбек нарықтарында жұмыс күші тапшылығы байқалды. Енді оған жасанды интеллектпен байланысты инвестициялық бум қосылып отыр.

Жасанды интеллекттің инфляцияға ықпалы туралы көзқарас та ерекше. Көпшілік жаңа технологиялар бағаның өсуін баяулатады деп есептейді. Бірақ жақын жылдары жағдай керісінше болуы мүмкін. Алдымен инфрақұрылым салынуы керек. Бұл жабдықтарға, энергияға және жұмыс күшіне деген сұранысты арттырады. Тек содан кейін өнімділік өсімінің нәтижелері көріне бастайды. Сондықтан BlackRock алғашқы кезеңде жасанды интеллект инфляцияны төмендетпей, керісінше күшейтуі мүмкін деп санайды. Яғни XXI ғасырдағы ең үлкен технологиялық революция алдымен бағаға қысым жасап, кейін ғана тиімділік әкелуі ықтимал.

Осының аясында қаржы нарықтарының құрылымы да өзгеріп жатыр. BlackRock дәстүрлі әртараптандыру тәсілдерінің бұрынғыдай тиімді болмай қалғанын атап өтеді. Ұзақ уақыт бойы инвесторлар әртүрлі активтер бір-бірінен тәуелсіз қозғалады деп есептеп келді. Қазір жағдай басқаша. Инфляция, энергетикалық тәуекелдер, жасанды интеллект және жеткізу тізбектеріндегі өзгерістер акцияларға да, облигацияларға да бір уақытта әсер етуде.

Әсіресе АҚШ-тың ұзақ мерзімді мемлекеттік облигацияларына қатысты көзқарас өзгерген. BlackRock пікірінше, олар бұрынғыдай қорғаныс құралы бола алмайды. Инфляция негізгі қауіпке айналған кезде акциялар да, облигациялар да қатар қысымға ұшырауы мүмкін. Бұл инвесторларды капиталды басқарудың жаңа тәсілдерін іздеуге мәжбүрлейді.

Сондықтан компания инвестицияларға белсендірек қарауды ұсынады. Бірнеше мегатренд басқаратын әлемде активтерді жай ғана бөліп қою жеткіліксіз. Инвесторлар энергетика, инфрақұрылым, технологиялар және геосаясаттың әрбір активке қалай әсер ететінін мұқият бағалауы керек.

BlackRock инфрақұрылымға, энергетикалық жобаларға және жасанды интеллектпен байланысты кейбір бағыттарға оң көзқарасын сақтап отыр. Сонымен бірге АҚШ пен дамушы нарықтардың акцияларына да қызығушылық жоғары. Компания мұны әлемдік экономиканың құрылымдық өзгерістерінен дәл осы өңірлер көбірек пайда көре алады деп түсіндіреді.

Жалпы алғанда, BlackRock шолуы кезекті экономикалық циклді емес, әлдеқайда терең өзгерісті сипаттайды. Соңғы ондаған жыл бойы әлем арзан энергия, жаһандану және өндірістік қуаттардың молдығы жағдайында өмір сүрді. Қазір бұл кезең аяқталып келеді. Ұсынысқа байланысты шектеулер барған сайын маңызды болуда. Энергия қайтадан стратегиялық ресурсқа айналып жатыр. Өндірістік тізбектер экономикалық тұрақтылықтың маңызды бөлігіне айналды. Ірі компаниялардың инвестициялық шешімдері макроэкономикалық көрсеткіштерге әсер етуде. Ал жасанды интеллект технологиялық тақырыптан шығып, қазіргі заманның ең ірі инфрақұрылымдық жобасына айналып барады.

BlackRock жасаған негізгі тұжырым қарапайым: әлемдік экономика біртіндеп сұраныс дәуірінен ұсыныс дәуіріне өтіп жатыр. Ал жасанды интеллектке арналған инфрақұрылым неғұрлым жылдам салынған сайын, бұл өзгеріс соғұрлым айқын көріне береді. Ендігі басты сұрақ адамдар қанша тұтынатынында емес. Басты сұрақ — сол тұтынуды қамтамасыз ету үшін қажетті ресурстар мен қуаттардың жеткілікті болуында.

Шыңғыс Ерболат, EconomyKZ.org порталының сарапшысы

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading