Қазақстандағы бьюти-нарық 2025 жылға қарай 1,1 трлн теңгеден асады деп бағаланып отыр. Ең қызығы, басқа нарықтарда, мысалы тұрмыстық техникада, тұтыну азайып жатқанда, косметика нарығы тұрақты өсіп келеді.
БНС АСПР РК деректеріне сүйенсек, соңғы екі жылда қазақстандықтардың маркетплейстер арқылы косметикаға жұмсаған шығыны екі есеге жуық өсті. 2022 жылы 54,8 млрд теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 106,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл өсімнің негізгі қозғаушы күші — жастар. Барлық сатып алулардың 63 пайызы 29 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі. Олардың таңдауы көбіне әлеуметтік желілердің ықпалымен қалыптасады.
Алғаш қарағанда, бұл жағдай қазақстандық әйелдердің әл-ауқаты мен қаржылық тәуелсіздігінің белгісі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ сырт келбетке жұмсалатын шығындардың өсуі табыстағы гендерлік алшақтық сақталып отырған кезеңде орын алып отыр.
«Сұлулық салығы» деген не?
Әйелдер үшін бьюти-индустрияға кететін шығын — жай ғана хобби емес. Көп жағдайда бұл «сұлулық салығы». Яғни қоғам қабылдайтын деңгейде көріну үшін жасалатын мәжбүрлі инвестиция. Ер адамдарға кәсіби екенін дәлелдеу үшін көбіне жинақы, таза жүру жеткілікті. Ал әйелдер жұмысқа орналасу кезінде немесе мансапта өсу үшін жоғары эстетикалық талаптарға сай болуы керек деген үнсіз талаппен бетпе-бет келеді.
Қазақстан еңбек нарығындағы парадокс мынада: әйелдер көбіне ерлерге қарағанда білімдірек.
Ғылыми дәрежесі бар азаматтардың үлесіне қарасақ:
- Ғылым докторлары — 2 359 ер адам және 2 607 әйел
- Ғылым кандидаттары — 7 930 ер адамға қарсы 8 885 әйел
- PhD дәрежесі — 2 157 ер адам және 2 377 әйел
- Сала бойынша докторлар — 494 ер адам, 564 әйел
- Магистрлер — 47 108 ер адам және 49 889 әйел
Басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі де айтарлықтай өскен. 2001 жылы 32,8 пайыз болса, 2024 жылы 41,3 пайызға жетті. Соған қарамастан, бұл зияткерлік капитал тең жалақыға айналып отырған жоқ. 2024 жылы әйелдердің орташа жалақысы ерлердің жалақысының 73,5 пайызы ғана болды. Нақтырақ айтсақ, әйелдер — 344,4 мың теңге, ерлер — 468,9 мың теңге алады.
Не істеу керек? Ұсыныстар
- Қызметкерлер саны 50 адамнан асатын компанияларға тұрақты гендерлік аудит жүргізіп, бірдей лауазымдағы ерлер мен әйелдердің жалақы айырмасы туралы ашық есеп жариялау;
- Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы HR-қызметтер үшін «соқыр» іріктеу тәсілін енгізуге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлеу;
- Ұлттық компаниялардың директорлар кеңесінде әйелдер үшін жұмсақ квоталар белгілеу. Кемінде 30-40 пайыз деңгейінде.
Ерлан Каримов, тәуелсіз сарапшы, арнайы үшін www.economyKZ.org


