EC[ON]OMY

Шығыс Азияның өнеркәсіптік саясаттағы табыстары

Соңғы жарты ғасырда Шығыс Азия әлемдік экономикада көшбасшылардың біріне айналды. Бұл аймақ табысы төмен елдерден жоғары технологиялы өнеркәсіп орталығына дейінгі ең ірі құрылымдық өзгерістерді бастан кешті. Ауыл шаруашылығынан — өнеркәсіпке, қарапайым өндірістен — электроника, автомобиль, кеме жасау салаларына дейінгі жолға басты қозғаушы күш тек жеке сектор емес, сонымен бірге белсенді өнеркәсіптік саясат болды.

Аймақтан шығатын басты сабақ анық: егер мемлекет жүйелі әрі тәртіппен әрекет етсе, өнеркәсіптік саясат ұзақ мерзімді өсудің катализаторы бола алады. Бірақ бұл жолда табыс автоматты түрде келмейді — қолданылатын құралдардың дұрыс таңдалуына және қажет кезде бағытты өзгертуге дайындыққа байланысты.

Тарихқа көз жүгіртсек, Жапония бірінші болып әлемге мемлекеттік қолдаудың индустрияландыруды жеделдете алатынын көрсетті. Соғыстан кейінгі кезеңде ел автомобиль, электроника, металлургия салаларын таңдады. Сауда және өнеркәсіп министрлігі (MITI) негізгі үйлестіруші рөл атқарды: жеңілдетілген несие берді, компаниялардың экспортқа шығуына көмектесті, маңызды салалардағы бірігу процестерін ынталандырды. Нәтиже белгілі — жапондық корпорациялар жаһандық алпауытқа айналды, ал елдің өзі «экономикалық ғажайыптың» символына айналды.

Оңтүстік Корея жолды одан да батыл таңдады. 1960–70 жылдары ел кедей, ауыл шаруашылығына тәуелді болды. Бірақ Пак Чон Хи үкіметі экспортқа бағытталған салаларды басты басымдық етті. Сыртқы нарықта табыс көрсеткен компаниялар несиеге және мемлекеттік кепілге қол жеткізді. Ал нәтиже бере алмағандар қолдаудан айырылды. Бұл қатаң тәртіп «ұлттық чемпиондарды» тез анықтап берді. Samsung, Hyundai, LG сынды алыптар осы жүйеде өсті.

Корея тәжірибесінің өзегі — тәртіп пен жаһандық нарыққа бағыт. Импортты алмастыру түпкі мақсат болған жоқ. Керісінше, компаниялар бірден сыртқы бәсекеге төтеп беруі тиіс болды. Бұл тоқырауды болдырмады және тиімділікті үнемі арттыруға итермеледі.

Тайвань электроника мен жоғары технологияға сүйенді. Үкімет ғылыми-зерттеу орталықтарын және арнайы индустриялық парктерді құрды. Мемлекет шағын компаниялар мен стартаптарға нарыққа шығуға жағдай жасады, инфрақұрылым мен технологияға қол жеткізуді қамтамасыз етті. Тайваньның микроэлектроникадағы табысы — 1970-жылдары қабылданған стратегиялық шешімнің жемісі.

Қытай ДСҰ-ға кірген соң басқаша жол таңдады. Шетелдік инвестицияларды өнеркәсіптік саясаттың бөлігіне айналдырды. Инвесторлар елге кірді, бірақ технология беру және өндірісті жергілікті ету шарттарымен. Сонымен қатар ауқымды мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды: субсидиялар, несиелер, салаларды біріктіру. Кеме жасауда, мысалы, жаңа ойыншыларды қолдаудан бастап, компанияларды ірілендіруге дейінгі шаралар қолданылды. Соның арқасында Қытай әлемдегі №1 кеме жасаушыға айналды.

Алайда Шығыс Азияның жетістігі кез келген өнеркәсіптік саясат табыс әкеледі деген сөз емес. Көптеген елдер бұл тәжірибені көшіруге тырысып, сәтсіздікке ұшырады. Латын Америкасы мен Африкада индустрияландыру әрекеттері жиі нәтиже бермеді. Себебі — тәртіптің және жүйеліліктің болмауы. Мемлекет «жеңілгендерді жіберуге» дайын болмай, шығынды компанияларды ұзақ қолдады. Бұл тиімсіздікке әкелді.

Аймақтан шыққан басты сабақ — икемділік пен қатал тәртіптің үйлесімі. Икемділік — үкіметтің қателескен кезде бағытты өзгерте білуі. Қатал тәртіп — қолдаудың шартсыз еместігі. Компаниялар нақты нәтиже көрсетуге тиіс болды, әсіресе сыртқы нарықта.

Тағы бір маңызды сабақ — институттардың рөлі. Жетістік тек мемлекеттік аппарат қабілетті болғанда мүмкін болды. Мұнда «ендірілген автономия» тұжырымдамасы іске асты: мемлекет бизнеске тәуелсіз, бірақ онымен үнемі байланыста болды. Бұл саясатты шағын топтардың мүддесіне берілуден сақтап қалды.

Бүгінде көптеген елдер Шығыс Азияға қарап, рецепт іздейді. Бірақ тура көшіру мүмкін емес. Контекст өзгерді: жаһандану, автоматтандыру, қызмет көрсету саласының өсуі. Азия индустрияны жаппай өндіріс арқылы дамытса, қазіргі экономикалар жаңа бағыт іздеуі керек — жасыл энергетика, цифрлық технология, қызмет көрсету секторы.

Дегенмен негізгі қағидалар сол күйінде қалады. Мемлекет инвестицияға жағдай жасап, маңызды салалардың дамуын үйлестіріп, инновацияны қолдауы тиіс. Бірақ қателік болғанда мойындап, дер кезінде түзетуге де дайын болуы қажет. Шығыс Азия тәжірибесі көрсеткендей, өнеркәсіптік саясат тек тәртіп пен нәтиже бірінші орынға шыққанда ғана жұмыс істейді.

Жапония, Корея, Тайвань және Қытай тәжірибесі айқын көрсетеді: өнеркәсіптік саясат құрылымдық өзгерістердің қуатты қозғаушысы бола алады. Ол аграрлық экономикадан индустрияға, қарапайым өндірістен жоғары технологияға көшуге мүмкіндік берді. Бірақ табысқа жету үшін тәртіп, икемділік және бизнес-пен диалог жүргізе алатын институттар қажет болды.

Қазіргі таңда жаңа даму стратегиясын ойлап жүрген елдер үшін басты қорытынды мынадай: өнеркәсіптік саясат — өткеннің қалдығы емес, болашақтың құралы. Ол ресурстарды жай үлестіру емес, ұзақ мерзімді құрылымдық өзгерістердің тетігі болғанда ғана тұрақты өсімге әкеледі.

Ален Серік,  порталының сарапшысы  EconomyKZ.org

Scroll to Top