EC[ON]OMY

Сауда саясаты: шағын және үлкен бизнес үшін сабақтар

Әлемдік бизнес қайтадан белгісіздік жағдайында өмір сүріп жатыр. McKinsey Economic Conditions Outlook, September 2025есебінің деректері бойынша, әлемнің түкпір-түкпіріндегі компания басшылары үшін ең басты қауіп – сауда саясаты мен геосаяси тұрақсыздықтағы өзгерістер. Сауда ережелерінің жиі ауысуы екі тоқсан қатарынан жаһандық және ұлттық экономиканың басты тежегіші болып отыр.

Бірақ бұл жолы жағдайдың жаңа қыры байқалады. Көптеген компаниялар бұл өзгерістерді тек тәуекел емес, даму мүмкіндігі ретінде қарастыра бастады.

McKinsey сауалнамасына 81 елден 799 басшы қатысқан. Олардың қатарында ірі халықаралық корпорациялар да, аймақтық бизнес өкілдері де бар. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бизнес сыртқы тұрақтылыққа сенуді қойып, жаңа экономикалық ортаға икемделуге көшті. Қазірдің өзінде компаниялар жеткізу тізбегін, баға саясатын және инвестициялық шешімдерін қайта қарап жатыр.

Сауда саясаты бүгінде әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күші мен басты қатері болып отыр.

Респонденттердің 60%-ы тарифтер мен сауда келісімдеріндегі өзгерістерді негізгі жаһандық қауіп деп санайды. Екінші орында – геосаяси жанжалдар.

Аймақтар арасында айырмашылық бар: Азия, Еуропа, Үндістан және Солтүстік Америкада басты қауіп ретінде сауда саясаты аталған. Қытайда – экономикалық тұрақсыздық, ал Латын Америкасы мен Таяу Шығыста – ішкі саяси қақтығыстар.

Дегенмен бизнес қол қусырып отырған жоқ. Өзгерістерді мүмкіндікке айналдыру ұмтылысы күшейді.

Саудадағы өзгерістерді даму мүмкіндігі деп есептейтіндер үлесі бір жылда екі есеге жуық өскен – 8%-дан 15%-ға дейін.

Сонымен қатар, бизнес сенімділігінің деңгейі төмен. Тек 34% басшы ғана өз компаниясының сауда саясатындағы өзгерістерге дайын екенін мойындайды.

Бірақ әрекет басталып кетті. Әлемдік компаниялардың екі үшінші бөлігі сауда саясатының әсерінен өз стратегиясын өзгерткен.

Ең жиі қолданылған қадамдар:

  әртүрлі сценарийлерге арналған жоспарлар әзірлеу;

  баға саясатын қайта қарау;

  жеткізу тізбегін түзету;

  жеткізушілермен шарттарды қайта келісу;

  өнім дизайнын өзгерту және капиталды қайта бөлу.

Қытай компаниялары бұл тұрғыда көш бастап тұр. Олар жаңа жеткізушілермен жұмыс істеп, өндірісті жергіліктендіруде белсенді. Бұл — тұрақсыздықты қауіп емес, әрекетке түрткі ретінде қабылдаудың нақты мысалы.

McKinsey деректеріне сүйенсек, әлемдік экономикадағы жағдай сәл жақсарғанымен, сенім әлі де әлсіз.

Маусыммен салыстырғанда «айтарлықтай нашарлады» деп санайтындар саны екі есеге азайған. Алайда алдағы алты айға болжам жасағанда, оптимизм байқалмайды: көпшілік жағдайдың қайта нашарлауын күтеді.

Ұлттық деңгейде де көрініс ұқсас.

Көптеген елдерде басшылар экономикалық ахуалдың нашарлағанын айтады.

Ең пессимистік көзқарас Еуропа мен Солтүстік Америкада байқалады.

Керісінше, Қытай мен Үндістанда сенім жоғарырақ — бұл екі ел бизнесі өсуге әлі де үміт артады.

2025 жылдың күзінде McKinsey алғаш рет 2020 жылдан бері ұлттық экономикаларда жағдай жақсарады деген үміттің азайғанын тіркеді.

Еуропа — қайтадан ең әлсіз буын.

Келесі белгі — жұмыссыздық туралы үрейдің күшеюі.

Сауалнамаға қатысушылардың 53%-ы алдағы жарты жылда өз елінде жұмыссыздық өседі деп болжайды (маусымда бұл көрсеткіш 46% болған).

Солтүстік Америкада әрбір үш басшының екеуі осындай пікірде.

Еуропа мен дамушы елдерде де уайым күшейді.

Қытайда жағдай сәл тұрақталған: бұрын көпшілік жұмыспен қамту азаяды десе, қазір респонденттердің тек жартысы сол пікірде.

Жалпы алғанда, McKinsey есебі бір нәрсені анық көрсетті: компаниялар қазір тұрақсыздыққа бейімделуді үйреніп жатыр.

Бизнес үшін бұл енді күтпеген жағдай емес, жаңа нормаға айналған орта.

Зерттеу әдістемесі де жетілдірілген.

2025 жылдан бастап McKinsey жаһандық экономикалық үлеске сәйкес аймақтық салмақтау әдісін қолданады.

Бұл тәсіл нақтырақ нәтижелер береді және елдер арасындағы дисбалансты азайтады.

Сонымен қатар, Қытай бойынша ірі қалалармен қатар екінші деңгейдегі аймақтар (мысалы, Чэнду мен Ханчжоу) қамтылған — бұл ел ішіндегі шынайы жағдайды дәлірек көрсетеді.

McKinsey есебі – әлемдік трендтер ғана емес, Қазақстан үшін нақты бағыт.

Біріншіден, сауда тосқауылдарының күшеюі мен жеткізу тізбегінің қайта құрылуы Қазақстанға жаңа логистикалық мүмкіндіктер ашады.

Біздің ел Азия мен Еуропаны байланыстыратын сенімді транзиттік орталыққа айнала алады.

Екіншіден, McKinsey мәліметтері бизнес стратегиясының болашағын анық көрсетеді: икемділік пен сценарийлік ойлау басты факторға айналды. Қазақстандық компаниялар да осындай тәсілге көшуі керек — тәуекелдерді есептеп, өндірісті әртараптандыруды үйрену қажет.

Үшіншіден, дамыған елдердегі жұмыссыздықтың өсуі еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер туғызады. Бұл Қазақстан үшін кадрларды қайта даярлау мен инвестиция тарту кезеңін бастауға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, әлем бизнесінің сенімсіздігі — біздің артықшылығымыз.

Қазақстан қаржылық және сауда тәуекелдерін хеджирлеудің аймақтық платформасын құра алады, сондай-ақ экспортқа бағытталған салаларды қолдауды күшейтуі тиіс.

Ақырында, жаһандық экономиканың жаңа құрылымы бізге бір маңызды мүмкіндік береді: ортақ ережесі жоқ әлемде көпвекторлы ойыншы болу.

Егер ел өз стратегиясын уақытылы түзетсе, Қазақстан шеткері нарық емес, сауда көпірінің негізгі бөлігіне айнала алады.

Сұлтан Валиханов, EconomyKZ.org порталының сарапшысы

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading