EC[ON]OMY

Қазақстанның экономикалық өсімі: орта бизнес қажеттілігі

Экономика өнеркәсіп өндірісін сенімді өсіріп, экспортты ұлғайтып, ірі жобаларға инвестиция сала алады. Бірақ сонымен бірге өсім сапасы төмен деңгейде тұрып қалуы мүмкін. Тұрақты орта бизнес қабаты болмай, әрі өнімді қызмет көрсету секторы қалыптаспай, өсім тез арада төбеге тіреледі. Бұл проблема енді теория сияқты емес. Ол индустриялық серпіліс кезеңінен өткен елдер үшін негізгі құрылымдық шектеуге айналды.

Соңғы жылдардың тренді қарапайым әрі ыңғайсыз: күшті өнеркәсіп енді тұрақты өсімге кепіл емес. Ол экономиканы жалғыз өзі тарта алмайды. Жанында жылдам өсетін шағын және орта компаниялардың тығыз қабаты болмаса және қызмет көрсету секторы өнімділік бойынша артта қалса, экономика тұралап қалады. Мұндай жағдай өнеркәсіп базасы дамыған бірқатар елде көрінді. Қазақстан да дәл осы нүктеге келіп тұр.

Сырттай қарасаң бәрі жаман емес сияқты. Өнеркәсіптің экономикадағы үлесі салмақты. Экспорт көбіне ірі компанияларда шоғырланған. Мемлекеттік саясат ұзақ жылдар индустриялық жобаларды қолдады. Бірақ фасадтың артында құрылымдық үзіліс бар. Ірі бизнес пен микробизнес арасында орта қабат жоқтың қасы. Ал қызмет көрсету секторы көбіне тиімділік есебінен емес, жұмыспен қамту есебінен өсіп отыр.

Бұл үзіліс көрінгеннен де қауіпті. Ол өнімділікке соққы береді. Сапалы жұмыс орындарының пайда болуын шектейді. Экономиканың шоктарға төзімділігін төмендетеді. Және өсімді тар шеңбердегі салалар мен компанияларға тәуелді қылып қояды.

Жетілген экономикаларда өсімнің негізгі көзі көбіне орта бизнес пен қызметтер болады. Олар тезірек бейімделеді. Процестерді жиірек жаңартады. Шикізат пен аса капиталоемкий салалардан тыс жұмыс орындарын құрады. Егер бұл қабат болмаса, экономика нәзік болады. Өнеркәсіп жақсы жұмыс істеп тұрса да.

Негізгі мәселенің бірі кәсіпкерлікті түсінуден басталады. Шағын кәсіпорындар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны жиі кәсіпкерлік ортаның сапасымен шатастырылады. Бірақ бұл екеуінің арасында үлкен айырма бар. Экономикаға жай ғана шағын фирмалар емес, өсуге дайын компаниялар керек. Тірі қалу шеңберінен шығатын, инвестиция жасайтын, масштабталатын және жаңа нарыққа шығатын бизнес керек.

Көп елде жылдам өсетін ШОБ үлесі төмен болып қала береді. Кәсіпорындардың көбі не микро деңгейде тұрып қалады, не өсім кезеңіне жетпей жабылады. Себеп тек ақшаға қолжетімділікте емес. Ол тереңірек. Ол қолдау саясатының дизайнына байланысты.

Мемлекеттік бағдарламалар жиі бизнесті ашуды ынталандырады, бірақ оның өсуін ынталандырмайды. Табысты тіркелген компания саны немесе құрылған жұмыс орны арқылы өлшейді. Бұл ыңғайлы. Бірақ ынталандыруды бұзады. Кәсіпкерлер өсімге емес, қолдау алуға бейімделеді. Кей компаниялар әдейі кішкентай болып қалады. Өйткені өсу дегеніміз — жеңілдіктен айырылу, тексерістердің көбеюі, талаптың қатаюы.

Осындай шектік әсерлер тұзаққа айналады. Экономикада шағын фирма көп, бірақ мықты бизнес аз. Орта қабат қалыптаспайды. Өнімділік өспейді. Инновация масштабталмайды.

Қазақстанда бұл жағдай жақсы таныс. Шағын бизнесті қолдау ұзақ жыл жұмыспен қамтуды және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға сүйенді. Өтпелі кезең үшін бұл түсінікті. Бірақ келесі кезеңде ол дамуды тежей бастайды. Компаниялар өсуді үйренбейді. Ыңғайлы аймақта қалуды үйренеді. Нарыққа емес, субсидияға қарап жұмыс істеуді үйренеді.

Тағы бір бұрмалану — мемлекет бағдарламалардың тиімділігін қалай бағалайды. Көбіне басты көрсеткіш ретінде жаңа жұмыс орындарының саны алынады. Әлеуметтік жағынан тартымды көрінеді. Бірақ экономикалық тұрғыдан шатастырады. Жылдам өсетін компаниялар алғашқы кезеңде жұмыс орнын көп қоспауы мүмкін. Олар технологияға, процеске, нарыққа инвестиция салады. Негізгі жұмыс орындары кейін пайда болады, бизнес тұрақты траекторияға шыққанда.

Егер инкубаторлар мен акселераторлар жұмыспен қамтумен өлшенсе, олар ең перспективалы жобаны емес, ең еңбек сыйымды жобаны таңдай бастайды. Портфель сапасы төмендейді. Қолдаудың қайтарымы да азаяды.

Қаржыландыру да жиі тұзаққа түседі. Мемлекет венчурлық және квазивенчурлық құралдарды дамытады. Қорлар құрылады. Бірлесіп қаржыландыру бағдарламалары іске қосылады. Қағаз жүзінде ақша бар. Бірақ нақты проблема сұраныс жағына ауысады.

Инвесторларға сапалы жобалар жетіспейді. Пысықталған бизнес-модель жетіспейді. Масштабтауға дайын команда аз. Ақша жобаны іздейді, жоба ақшаны емес. Бұл қауіпті белгі. Бұл өсім экожүйесі қалыптаспағанын көрсетеді.

Мұндай жағдайда қаржы нарығы дамығанның өзі мәселені шеше алмайды. Ол тек орта бизнес қабатының тапшылығын айқындай түседі. Компаниялар ақша алуға дайын емес. Немесе өсуге дайын емес.

Жағдайды қызмет көрсету секторының құрылымы күрделендіреді. Көп елде қызметтер жұмыспен қамтудың негізгі көзіне айналады. Бірақ өнімділіктің негізгі көзіне айналмайды. Демек жұмыс орны көбейеді, бірақ табыс сол қарқынмен өспейді. Экономика жоғарыға емес, енінеөседі.

Қызметтер өнімділігінің әлсіздігі белгілі себептерден шығады: бәсекенің шектеулі болуы, реттеудегі кедергілер, жабық нарықтар, технологияға төмен инвестиция, тиімділікке қысымның болмауы. Күшті өнеркәсіптік саясат жүргізген елдерде қызметтер жиі шеткері қалып қойды. Оны қосалқы сектор ретінде қарады. Бұл логика қазір жұмыс істемейді.

Білім экономикасында қызметтер ядроға айналады. Инжиниринг. Дизайн. Логистика. IT. Кәсіби сервистер. Денсаулық сақтау. Білім беру. Қосылған құнның үлкен бөлігі дәл осы жерде жасалады. Егер бұл сектор артта қалса, өнеркәсіптің өзі де бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады.

Тағы бір мәселе ірі корпорациялар қызметтерді өз ішінде «жабық» ұстағанда пайда болады. Ішкі логистика, IT, маркетинг, инжиниринг нарыққа шықпайды. Бәсеке туғызбайды. Озық тәжірибені таратпайды. Қызметтер экожүйесі дамымайды. ШОБ тапсырыс пен тәжірибеге қол жеткізбейді.

Мұндай құрылым индустриялық өсімнің жалпы әсерін төмендетеді. Өндірістік компаниялар мықты, бірақ олардың айналасындағы экономика әлсіз қалады. Бұл қайтадан орта қабаттың жоқтығына әкеледі.

Қазақстан үшін бұл тәуекел ерекше өзекті. Ірі компаниялар үстем. Көп сервистік функция корпоративтік контур ішінде қалып қояды. Қызметтер нарығы бөлшектенген және жиі өнімділігі төмен. Реттеу кей жерде тиімділікті емес, статус-квоны қорғайды.

Енді еңбек нарығын қосыңыз. Икемділік шектеулі. Секторлар арасындағы ауысу қиын. Әлеуметтік қорғау өзгеріс тәуекелін әлсіз өтейді. Мұндай жағдайда құрылымдық өзгерістер баяулайды. Адамдар өнімділігі төмен жұмысқа жабысып қалады. Компаниялар ескі модельді ұстап тұрады.

Тағы бір маңызды қыр — білім мен дағды. Қызмет көрсету секторы басқа компетенцияны талап етеді. Коммуникация. Процесті басқару. Цифрлық дағды. Дерекпен жұмыс. Егер кадр дайындау жүйесі негізінен өнеркәсіпке немесе формалды біліктілікке ғана сүйенсе, қызметтер көлеңкеде қалады.

Осының бәрі тұйық шеңбер құрайды. Әлсіз қызметтер өсімді тежейді. Әлсіз өсім сапалы қызметке сұраныс тудырмайды. Орта бизнес өспейді. Экономика өткеннің индустриялық моделі мен болашақтың білім экономикасының арасында ілініп қалады.

Бұл шеңберді жаңа бір бағдарлама ашумен бұзу қиын. Мұнда ынталандыруды қайта құрастыру қажет. Бәсеке. Реттеу. Салық. Әлеуметтік саясат. Қолдау компанияны «шағын» статусқа байлап қоймауы керек. Ол өсімге өтуді жеңілдетуі тиіс.

Қазақстан үшін бұл ауыр, бірақ қажет бұрылыс. Сақтап қалу саясатынан даму саясатына. Жұмыс орнын қорғаудан мобильділікті қорғауға. Сандық көрсеткіштен сапалық көрсеткішке.

Орта бизнес қабаты жарлықпен жасалмайды. Ол өсудің пайдасы кішкентай болып қалудан жоғары болған жерде пайда болады. Қызметтер бәсекеге түсе алатын жерде пайда болады. Нарық тиімсіздікті жазалайтын жерде пайда болады. Мемлекет нарықты алмастырмай, ережені дұрыс қойған жерде пайда болады.

Орта қабатсыз экономика өмір сүре алады. Тіпті өсуі де мүмкін. Бірақ ол тұрақты болмайды. Және қарқынды ұзақ ұстай алмайды. Бұл сабақ тым белгілі, оны елемеу қауіпті.

Руслан Сұлтанов, экономист, Tengenomika Telegram-арнасының авторы,
«ФармМедИндустрия Казахстана» қауымдастығының президенті,
арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top