Қазақстандағы тұрмыстық химия нарығы – болашағы бар, бірақ бірқатар тәуекелдерге бейім бағыттардың бірі. Елде тұтыну көлемі жылдан-жылға өсіп жатқанымен, отандық өндіріс бұл сұранысты толық жаба алмай келеді. 2024 жылы Қазақстанда өндірілген тұрмыстық химия көлемі 5,6 мың тоннаны құрады. Бұл жалпы тұтыну көлемінің (123 мың тонна) небәрі 4,5%-ын ғана өтей алады.
Соған қарамастан, өндірісті жергіліктендіруге қызығушылық бар. Қазіргі таңда бірнеше инвестициялық жоба дайындық сатысында тұр. Мысалы, «Муса Гранд» жеке кәсіпкерлігі жылына 400 мың дана өнім өндіруді жоспарласа, «Сибэкохим» сауда үйі сұйық өнімдер бойынша 12 мың тоннаға дейін шығару мүмкіндігін қарастыруда.
Қазіргі негізгі отандық өндірушілерге мыналар жатады:
- «ПК Аврора» ЖШС;
- «Chistodeloff» ЖШС;
- «КазБыт Хим» ЖШС;
- «GOLDMAN AND YOUNG» ЖШС;
- «Радуга» ЖШС;
- «ПрофХим» ЖШС;
- «Marschall» ЖШС;
- «NAZAR GLOBAL TRADE» ЖШС;
- «VVM-Company» ЖШС;
- «Telli Ondiris» ЖШС.
Дегенмен, аталған кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығы ел ауқымындағы сұранысты жабуға жеткіліксіз. 2024 жылы бір отбасының жеке гигиена тауарларына жұмсаған жылдық шығыны орта есеппен 80,8 мың теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 7,8%-ға артты. Елдегі 6 миллионнан астам отбасыны есепке алсақ, ішкі нарықтың жалпы көлемі шамамен $1 млрд-ты құрайды.
Алайда, нарықта импорттың үлесі басым. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанға тұрмыстық химия импорты $624 млн-ға жеткен. Ал экспорт көлемі – небәрі $103 млн. Импорттың негізгі көзі – Ресей (47%).
Ерекше назар аударуды қажет ететін ТН ВЭД санаттары бойынша (3305, 3306, 3307, 3401 және 3402) Қазақстанның Ресейге тәуелділігі айқын байқалады. 2024 жылы Ресейден осы санаттар бойынша Қазақстанға $291 млн-нан астам өнім жеткізілген. Ал Қазақстан керісінше осы тауарларды Ресейге $49 млн-ға ғана экспорттаған.

Қазақстанда тұрмыстық химияға жыл сайын $1 млрд-тан астам қаражат жұмсалады. Ішкі сұраныстың тұрақты өсімі мен географиялық орналасуымызды ескерсек, бұл салада даму әлеуеті жоғары. Мемлекеттік қолдау күшейсе, отандық өнімді Ауғанстан, Орталық Азия және ЕАЭО елдеріне экспорттау бағытында нақты серпін беруге болады.


