2025 жылы Қазақстанның телеком нарығы 11,8%-ға өсіп, 1 522 млрд теңгеге жетті. Зерттеу нәтижесі осыны көрсетеді. Нарықтағы өсімге интернет-трафиктің көбеюі, цифрлық сервистерге сұраныстың артуы және инфрақұрылымға салынған ірі инвестициялар әсер етті. Соның салдарынан тарифтер де қымбаттады. Алдағы кезеңде нарықтың дамуы 5G-ге көшу, операторлардың әртараптануы және B2B сегментінде жаңа өнімдердің шығуымен байланысты болады.
Nexign компаниясы мен TelecomDaily ақпараттық-талдау агенттігі Қазақстандағы телеком нарығын зерттеді. Соңғы жылдары нарық тұрақты өсіп келеді: 2024 жылы 11%-ға, 2025 жылы 11,8%-ға артқан. Бұл көрсеткіш әлемдік деңгейден әлдеқайда жоғары. Мысалы, жаһандық нарық осы кезеңде жылына шамамен 2,5% ғана өсті, ал Ресейде өсім 6,5% болды.
Қазақстандық операторлардың негізгі табысы бұрынғыдай мобильді байланыс қызметтерінен келеді — шамамен 56%. Интернетке қол жеткізу қызметтері 12% шамасында, ал ІТ қызметтерінің үлесі 8%-ға жуық.
5G — негізгі драйвер
Мобильді байланыс сегментінде басты тренд — 5G желісін кеңейту. Қазақстан 2023 жылы ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып 5G-ді коммерциялық түрде іске қосты. Алдағы жылдары бұл технология барлық республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында толық енгізіледі деп жоспарланып отыр.
5G инфрақұрылымына салынған үлкен инвестициялар 2024-2025 жылдары тарифтердің өсуіне себеп болды. Бұл үрдіс әлі де жалғасуы мүмкін. Бірақ сонымен қатар тарифтер икемдірек бола бастайды. Операторлар жаңа жазылым форматтарын, шексіз қызметтерді және біріктірілген пакеттерді ұсынады. Яғни енді тек минут пен интернет сату емес, әр клиентке жеке бейімделген өнімдер пайда болады.
Одан бөлек, операторлар қосымша сервистерді де дамытып жатыр. Олардың қатарында OTT сервистер, финтех шешімдер, ойындар, билеттер және кэшбэк бар.
Интернет сапасы мен сұраныс өсіп жатыр
Интернет саласында да өзгерістер байқалады. 5G енгізілуі мобильді интернет жылдамдығын арттырды. 2026 жылғы ақпан айындағы Speedtest деректеріне сүйенсек, Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша әлемде 49-орында тұр. Бұл кейбір дамыған елдерден де жоғары.
Мобильді интернетке сұраныс өсіп келеді. Бұған стриминг, әлеуметтік желілер, онлайн ойын-сауық және қашықтан жұмыс әсер етіп отыр.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына сәйкес, 2027 жылға қарай Қазақстан халқының 100%-ы жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылуы тиіс. Әсіресе, шалғай өңірлерге көңіл бөлінеді. Ауылдардың 90%-ына оптикалық желі тартылады, ал қалған 10%-ы спутниктік интернет арқылы қамтылады. Жоба бюджет есебінен және нарық қатысушыларымен бірге іске асады.
Сонымен қатар операторлар 5G негізінде Fixed Wireless Access FWA қызметін енгізіп жатыр. Бұл үйге арналған жоғары жылдамдықтағы интернетті кеңінен ұсынуға мүмкіндік береді. Осылайша дәстүрлі кеңжолақты интернет операторларына бәсеке күшейеді.
Қалаларда FTTH технологиясы біртіндеп FTTB-ны ығыстырып жатыр. Яғни оптика тікелей пәтерге дейін жеткізіледі. Бұл интернеттің жылдамдығы мен тұрақтылығын арттырады. Сонымен қатар операторлар интернет, ТВ және OTT сервистерін біріктіріп, пакет түрінде ұсына бастады.
2026 жылдың басында Қазақстанда мобильді интернет жылдамдығы фиксирленген интернеттен жоғары болды — 99 Мбит/с қарсы 88 Мбит/с.
Нарықтың жаңа бағыты — бизнес сегмент
Қазақстандағы бөлшек телеком нарығы қазірдің өзінде қанығу кезеңіне жақындады. Сол себепті операторлар назарын B2B сегментіне аударып жатыр. Олар LTE және 5G негізінде ақылды қала, логистика және өндіріс жобаларын іске қосуда.
2024-2025 жылдары B2B қызметтері операторлар табысының үштен бірінен астамын қалыптастырды.
Сарапшылардың болжамынша, алдағы үш жылда телеком нарығы жылына орта есеппен 7% өседі. 2028 жылға қарай оның көлемі 1 861 млрд теңгеге жетеді.
Nexign компаниясының бірінші бас директорының орынбасары Сергей Карповтың айтуынша, Қазақстанның телеком нарығы — дамыған және бәсекесі жоғары нарық. Мұнда тек абонент саны емес, қызмет сапасы мен пайдаланушы тәжірибесі маңызды.
Операторлар табысын арттыру үшін заманауи технологиялық база қажет. Атап айтқанда, биллинг жүйелері мен 4G және 5G қызметтерін тиімді басқару шешімдері. Бұл жаңа өнімдерді тез іске қосуға, тарифтерді нақты сегменттерге бейімдеуге және табысты тиімді басқаруға мүмкіндік береді.


