EC[ON]OMY

Қазақстандағы өндірістік жобалардың проблемалары

Қазақстанда соңғы онжылдықтарда экономиканы әртараптандыру және технологиялық тәуелсіздікті дамыту мақсатында көптеген ауқымды өндірістік және инновациялық жобалар қолға алынды. Алайда, олардың кейбірі миллиардтаған бюджет қаражатына қарамастан, толық іске аспай қалды.

«КазАвиаСпектр» ұшақ зауыты (Қарағанды)

2011 жылы Қарағандыда «Фермер» ауыл шаруашылығы ұшағын шығару үшін зауыт салтанатты түрде ашылған еді. Жобаның жалпы құны – 2 млрд теңгеден астам:

•  750 млн теңге – инфрақұрылымға («Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы);

•  846 млн теңге – «ҚазАгро»-дан 6% жылдық мөлшерлемемен алынған несие;

•  1,7 млн АҚШ доллары – өндіріс технологиясын сатып алуға жұмсалды.

Жылына 36 ұшақ шығару жоспарланғанымен, бірде-бір ұшақ өндірілмеді. Себептері: техникалық құжаттардағы қателіктер, сертификаттаудың болмауы және серіктестермен келіспеушілік.

«Tecata» компьютер құрастыру жобасы (Алматы облысы)

2007 жылы әлеуметтік осал топтар мен мектептерге арналған арзан компьютерлер шығару үшін зауыт құрылысы басталды. Жоба аясында жылына 100 мың данаға дейін компьютер өндіру жоспарланған. Әр компьютердің құны – 350 доллардан аспауы тиіс еді.

450 млн теңгелік инвестицияны «Glotur Technology Fund» венчурлік қоры қамтамасыз етті. Жоба өзін 4,5 жылда ақтауы тиіс болатын. Бірақ құрылыс жұмыстарының сапасыздығы мен қаржыландырудың жетіспеушілігі жобаны 2009 жылы тоқтатуға мәжбүр етті.

«Акку» планшет шығару жобасы (Ақтау)

2011 жылы Ақтауда «Акку» деген атаумен отандық планшеттер өндіретін зауыт ашылды. Бұл өнім сол жылы сатылымға шығуы керек болатын. Алайда жоба сәтсіз болып, мемлекетке 200 млн теңге көлемінде шығын әкелді.

Неліктен жобалар сәтсіз болды?

•  Жобаларды жеткілікті сараптамаудан өткізбеу. Нарық, технология және тәуекелдер дұрыс зерттелмей іске кіріскен.

•  Мемлекеттік бақылаудың әлсіздігі. Уақытында бақылау болмағандықтан, қаражат дұрыс игерілмеген.

•  Сенімсіз серіктестер. Көп жағдайда серіктестер сапасыз құжаттар ұсынған немесе өз міндетін орындамаған.

•  Жемқорлық тәуекелдері. Кейбір жобаларда жемқорлық фактілері орын алып, сенімділікке сызат түсірген.

•  Шикізат тапшылығы. Көптеген жобалар қажетті шикізатқа қол жеткізе алмағандықтан, толық қуатында жұмыс істей алмады.

Не істеу керек?

1.Жобаларды алдын ала көпсатылы бағалау жүйесін енгізу:

– Нарықтағы сұранысты талдау;

– Технологиялық база мен кадр ресурстарын бағалау;

– Логистика мен инфрақұрылымға шолу жасау.

2.Мемлекеттік қаржыны жеке инвестициямен байланыстыру:

– Мемлекет тек жеке инвестор 50% үлеспен қатысқанда ғана қаржы салуы керек.

3.Өндірісті тек нақты өткізу нарығына бейімдеу:

– Тек сұранысы расталған, экспорттық келісімдері бар жобаларды қолдау.

4.Инкубация және біртіндеп кеңейту жүйесін дамыту:

– Алдымен пилоттық жобаны сынақтан өткізіп, кейін ғана кеңейтуге рұқсат беру.

5.Ашықтық пен қоғамдық бақылау:

– Құны 100 млн теңгеден асатын жобалар міндетті түрде қоғамдық талқылаудан өтіп, азаматтық бақылауға алынуы керек.

 
Дайындаған: Ерлан Каримов, тәуелсіз сарапшы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top