Қалалар – әрдайым прогрестің қозғаушы күші. Бүгінгі таңда мегаполистер технологиялар, ғылыми зерттеулер және инвестициялар шоғырланған инновация орталықтары болып саналады. Бірақ бұл өсу шексіз бе? Қалалардың көлемі артқан сайын олардың инновациялық әлеуеті күшейе ме, әлде белгілі бір деңгейден кейін тиімділік төмендей ме?
Бұл сұрақтарға жауап беру үшін National Bureau of Economic Research (NBER) «Are Big Cities Important for Economic Growth?» (Matthew Turner және David N. Weil, 2025) зерттеуіне сүйенеміз. Бұл зерттеу қалалардың инновациялық белсенділігіне, білім өндірісінің тиімділігіне және экономикалық дамуға қалай әсер ететінін талдайды.
Осы мақалада:
• Қалалар қалай инновация орталығына айналады?
• Ғылым мен технологияның дамуына урбанизация қалай әсер етеді?
• Қаланың көлемі инновациялық дамуға қалай ықпал етеді?
• Қаланың өсуінде шек бар ма, және ол қай жерде?
Неліктен қалалар инновация орталығына айналады?
Қалалар ғылыми зерттеулер мен технологиялық дамуға қолайлы жағдай жасайды. Олардың басты артықшылықтары:
1. Адами капиталдың шоғырлануы. Ірі қалалар үздік ғалымдарды, инженерлерді және кәсіпкерлерді өзіне тартады. Мұнда идеялар алмасуы және жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы орта қалыптасады.
2. Тығыз қарым-қатынас. Бірге жұмыс істейтін адамдардың көп болуы жаңа идеялардың тезірек жүзеге асуына ықпал етеді. Ғылыми жарияланымдар мен патенттердің көпшілігі ірі қалаларда тіркелетіні осыған дәлел.
3. Жетілдірілген инфрақұрылым. Қалаларда университеттер, зертханалар, зерттеу институттары және технологиялық парктер орналасқан, бұл білім мен тәжірибенің бір орталыққа шоғырлануына мүмкіндік береді.
4. Инвестиция қолжетімділігі. Ірі қалаларда венчурлық капитал мен қаржы көздері мол. Мысалы, Кремний алқабы мен Лондон қаржы орталығы – инновацияны дамытатын басты орталықтар.
Қаланың көлемі инновацияға қалай әсер етеді?
NBER зерттеуіне сәйкес, қала халқының саны 10%-ға артса, патент саны 3-5%-ға өседі. Себептері:
• Көбірек адамдар – көбірек идеялар;
• Бәсекелестік ғылыми жаңалықтарды ынталандырады;
• Корпорациялар мен стартаптар бірігіп, инновацияны жылдам дамытады.
Бірақ қаланың көлемі ұлғайған сайын қиындықтар да арта түседі: көлік кептелісі, экологиялық мәселелер және өмір сүру құнының өсуі. Бұл факторлар мамандар мен инвесторларды басқа аймақтарға көшуге итермелеуі мүмкін.
Өсу мен шектен шығу арасындағы шекара қайда?
Агломерацияның артықшылықтары белгілі бір деңгейден кейін керісінше әсер ете бастайды. NBER зерттеуі көрсеткендей, қалалар тым үлкейген кезде инновациялық белсенділік баяулайды. Негізгі себептері:
• Жоғары шығындар. Тұрғын үй бағасы, кеңсе жалдау ақысы, салықтар және өмір сүру құны артқан сайын бизнеске қолайсыздық туады.
• Инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуі. Ірі қалаларда көлік кептелісі, экологиялық проблемалар және коммуналдық қызметтердегі қиындықтар жиі кездеседі.
• Әлеуметтік теңсіздік. Өмір сүру құнының жоғары болуы жастар мен жаңа стартаптар үшін мүмкіндік шектейді.
Бұл факторлар талантты мамандар мен кәсіпкерлерді шағын, бірақ дамушы қалаларға көшуге итермелейді.
Мегаполистер инновациялық орталық болып қалу үшін не істеуі керек?
Ірі қалалар тұрақты инновациялық даму үшін келесі стратегияларды қолдана алады:
• Шағын инновациялық кластерлерді дамыту. Ірі компаниялар жаңа ғылыми орталықтарын қала маңында немесе басқа аймақтарда құруы мүмкін (мысалы, Қытай, Франция және Германиядағы технопарктер).
• Цифрландыру және қашықтан жұмыс істеу.Қызметкерлердің онлайн режимде жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау қаланың артық жүктелуін азайтады.
• Инфрақұрылымға инвестиция салу. Ақылды көлік жүйелері, экологиялық таза құрылыс және тұрақты даму жобалары қала өмірін ыңғайлы етеді.
Қалалар инновацияның басты орталығы болып қала береді. Бірақ олардың өсуі белгілі бір шекке дейін ғана тиімді. NBER зерттеуі көрсеткендей, шамадан тыс урбанизация инновацияны бәсеңдетуі мүмкін, себебі шығындар артады, ал өмір сүру сапасы төмендейді. Сондықтан болашақ мегаполистері тек көлемге емес, тұрақты дамуға да назар аударуы тиіс.
Қазақстан және басқа дамушы елдер үшін ірі қалалар мен өңірлер арасындағы теңгерімді сақтау маңызды. Бұл жаңа технологиялық хабтарды дамытуға және бүкіл ел бойынша инновацияларды таратудың тиімді әдісін жасауға мүмкіндік береді.
Дайындаған: Лина Егель қызы, EconomyKZ.org порталының сарапшысы


