Егер жоба алдындағы кезеңде жобаның дайын екені туралы иллюзия қалыптасса, онда жобалау мен құрылыс кезеңінде бұл иллюзия шынайы жағдаймен бетпе-бет келеді. Дәл осы кезеңде бұған дейін тек формалды түрде қабылданған, жан-жақты зерттелмеген, кейінге қалдырылған немесе мүлде назардан тыс қалған шешімдердің салдары айқын көріне бастайды.
Іс жүзінде жобалау көбіне болашақ нысанның «қағаз жүзіндегі рәсімделуі» ретінде қабылданады. Алайда оның рөлі бұдан әлдеқайда ауқымды. Жобалау:
- бұрын қабылданған шешімдердің іске асу мүмкіндігін тексереді;
- нысанның инженерлік және инфрақұрылымдық жүйелерін өзара үйлестіреді;
- құрылыс-монтаж жұмыстары басталғанға дейін қайшылықтарды анықтайды;
- жобаны іске асырудың тұрақты моделін қалыптастырады.
Яғни жобалау — идеяларды жай ғана сызбаға түсіру емес. Бұл — белгісіздіктерді анықтап, оларды жою кезеңі. Бірақ тәжірибеде дәл осы міндет көбіне орындалмайды.
Егер жоба алдындағы кезең үстірт өткізілсе, онда жобалау өзіне тән емес функцияны атқара бастайды. Яғни шешімдерді әзірлеудің орнына жетіспейтін бастапқы деректерді іздеп, қайшылықтарды түзетумен айналысады. Көп жағдайда шектеулердің көптігінен қолда бар мүмкіндіктерге бейімделген, тек жекелеген мәселелерді уақытша шешуге бағытталған тәсілдер қолданылады. Мұндай жағдайда тиімді әрі оңтайлы шешімдер екінші орынға ысырылады.
Нәтижесінде жобалаушылар үнемі өзгеріп отыратын талаптармен жұмыс істеуге мәжбүр болады:
- тапсырыс берушінің талаптары қайта қаралады;
- техникалық шарттар нақтыланады;
- жер рәсімдеу және рұқсат құжаттарына қатысты мәселелер кейін толықтырылады.
Мұның бәрі жобаның құнын өсіреді. Ал жауапкершілік көбіне жобалаушыға артылады. Себебі дәл сол «негізсіз әрі тиімсіз шешімдер ұсынып жатыр» деген сынға ұшырайды. Шын мәнінде жобалау жүйелі процесс болудан қалып, қолдан жасалған проблемаларға бейімделетін үздіксіз түзету режиміне көшеді.
Соның салдарынан тағы бір алшақтық пайда болады. Дұрыс модельде алдымен бастапқы деректер мен талаптар бекітіледі, содан кейін ғана жобалық шешімдер әзірленеді.
Ал іс жүзінде жобалық шешімдер жобаның негізгі шарттары әлі де нақтыланып жатқан кезде қатар әзірленеді. Соның нәтижесінде жобалау барысында көптеген қайталанатын циклдер, түзетулер және қайта келісулер пайда болады.
Сырттай қарағанда бәрі басқарылып жатқандай көрінеді:
- жұмыс кестесі бар;
- кезеңдер белгіленген;
- жобалық құжаттаманың бөлімдері кезекпен әзірленіп жатыр;
- тұрақты кеңестер өткізіледі.
Бірақ процестің болуы әрдайым басқарудың бар екенін білдірмейді. Бұл әсіресе күнтізбелік жоспарлаудан анық байқалады. Идеал жағдайда жобалау кестесі:
- бөлімдердің әзірлену ретін;
- аралық шешімдерді тексеру нүктелерін;
- әртүрлі инженерлік бағыттардың өзара үйлесуін;
- бастапқы деректер мен келісімдерді алу мерзімдерін ескеруі тиіс.
Ал тәжірибеде мұндай кесте көбіне құжаттарды тапсырудың соңғы мерзімдерінің қарапайым тізіміне айналады. Жобалау шешімдерінің сапасы мен тұрақтылығы емес, тек белгіленген мерзімнің сақталуы бағаланады. Бұл өте қауіпті мінез-құлық моделін қалыптастырады. Жоба тұрақтылығын жоғалтқан сайын мерзімге түсетін қысым күшейе береді.
Нәтижесінде мәселелер шешілмейді, тек келесі кезеңге — құрылыс-монтаж жұмыстарына ауысады.
Сондықтан құрылыс көбіне мынадай проблемалармен басталады:
- толық келісілмеген жобалық шешімдер;
- тұрақсыз жобалық құжаттама;
- жалғасып жатқан өзгерістер;
- тұрақсыз бюджет.
Осы сәттен бастап кез келген өзгерістің құны бірнеше есе өседі. Жобалау кезеңінде тек есептеулерді қайта қарап, құжаттарды түзету арқылы шешілетін мәселе құрылыс барысында:
- орындалған жұмыстарды бұзып, қайта жасауға;
- техника мен жұмысшылардың бос тұрып қалуына, соның салдарынан адамдар мен техниканың нысандар арасында қажетсіз орын ауыстыруына;
- жұмыстардың реттілігінің бұзылуына;
- орындалатын жұмыстар мен түпкі нәтиженің сапасының төмендеуіне;
- жеткізу кестесін қайта жоспарлауға;
- қоймаларда құрылыс материалдарының артық жиналуына және олардың бүлінуі немесе ұрлану қаупінің артуына;
- жобаға қатысушылар арасындағы қақтығыстарға алып келеді.
Дәл осы жерде жоба басқару режимінен біржола салдарға әрекет ету режиміне өте бастайды. Бұл әсіресе өзгерістерді басқару тәсілінен анық байқалады. Тұрақты модельде өзгеріс — толық басқарылатын процесс. Оның мерзімге, бюджетке, техникалық шешімдерге және нысанның кейінгі пайдаланылуына әсері алдын ала бағаланады.
Ал тәжірибеде өзгерістер көбіне бірден құрылыс алаңында енгізіледі:
- «құрылысты тоқтатпау үшін»;
- «уақыт жоғалтпау үшін»;
- «құжаттарды кейін рәсімдейміз» деген уәжбен.
Соның салдарынан жобалық құжаттама нақты орындалып жатқан жұмыстардың соңынан қуып жетуге мәжбүр болады. Яғни құжаттар орын алған жағдайды кейіннен ғана бейнелейді. Бұл жобадағы ең қауіпті кезеңдердің бірі.
Өйткені белгілі бір межеден кейін қателіктер енді қағазда емес, нақты нысанның өзінде бекітіледі:
- бетонда;
- инженерлік жүйелерде;
- құрылыс конструкцияларында;
- көлемдік-жоспарлау шешімдерінде.
Осы сәттен бастап жоба өзгерістерге аз шығынмен бейімделу қабілетін жоғалтады. Сырттай бақылау сақталғандай әсер қалдырады:
- құрылыс жүріп жатыр;
- жұмыстар жалғасуда;
- мердігерлер алаңда;
- есептер уақытында тапсырылуда.
Алайда шын мәнінде басқару енді ең тиімді нәтижеге қол жеткізуге емес, бұрын жиналған проблемалардың салдарын азайтуға бағытталады. Бұл екі түрлі басқару моделі.
Біріншісінде басқару проблемалардың алдын алады.
Екіншісінде басқару тек олардың салдарын оқшаулап, «өрт сөндірумен» айналысады.
Осы жерде тағы бір маңызды құбылыс байқалады. Жоба салдарға әрекет ету режимінде неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, соғұрлым нақты адамдарға, бейресми келісімдерге және «қолмен басқаруға» тәуелділігі күшейеді. Жүйе өзінің тұрақсыздығын процестер арқылы емес, адамдардың тұрақты араласуы, бақылауы және жеке шешімдері арқылы өтеуге тырысады.
Сондықтан мұндай құрылыс жобалары жүйелі процестердің арқасында емес, жағдайды қолмен «құтқарып» жүрген жекелеген мамандардың арқасында ғана жүзеге асады. Бірақ мұндай модельді кеңейту де, қайталау да қиын. Өйткені ол кәсіби дағдарыс-менеджерлердің жеке тәжірибесіне тәуелді.
Соның салдарынан пайдалануға берілген нысанның өзі жобаның сәтті аяқталғанын білдірмейді. Өйткені нақты шығындар, іске асыру мерзімі, пайдалану сапасы және жиналып қалған жасырын мәселелердің көлемі бастапқы жоспардан айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін.
Осыдан құрылыс-монтаж жұмыстары жобаны қалыптастыратын кезең емес екенін көруге болады. Бұл — бұған дейін қабылданған шешімдерді материалдық нысанға айналдыратын кезең ғана. Ал ол шешімдердің сапалы болғанына ешкім кепілдік бере алмайды.
Келесі бөлімде құрылыс аяқталғаннан кейінгі кезеңді — пайдалану, жөндеу және жаңғырту сатыларын қарастырамыз. Дәл осы кезеңде жобаның өмірлік циклі басында қабылданған шешімдердің нақты құны мен ұзақ мерзімді салдары толық көріне бастайды.
Светлана Нуртазина, инженер-құрылысшы, т.ғ.к., сертификатталған жобалық менеджер, арнайы www.economyKZ.org үшін

