Қазақстанда эмиссия квотасы берілетін кәсіпорындар үшін әр бес жыл сайын бір мәселе қайта көтеріледі. Ол — алдағы бес жылға арналған парниктік газдар шығарындыларына квоталарды бөлу. Уәкілетті орган халықаралық міндеттемелер мен ұлттық деңгейде айқындалған салымдарды орындау қажет екенін алға тартады. Ал кәсіпорындар тегін квота жеткіліксіз болып, кейін нарықтан квота немесе офсеттік бірліктер сатып алуға мәжбүр боламыз деп алаңдайды. Бұған қоса, өндіріс көлемі ұлғайған жағдайда қосымша квота беріле ме деген сұрақ та күн тәртібінен түспейді. 2021 жылы жаңа Экологиялық кодекс қабылданғалы бұл қалыпты жағдайға айналды.
Қолданыстағы шығарындылар саудасы жүйесі халықаралық талаптарға сай келеді деген пікір кең тараған. Алайда Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, 2023 жылы Қазақстанның жаһандық парниктік газдар шығарындыларындағы үлесі небәрі 0,8% болды. Салыстыру үшін Қытайдың үлесі — 15%, Ресейдікі — 7%, Германияныкі — 5%. Осындай жағдайда климаттың өзгеруімен күресте біз өзімізге шамадан тыс міндет жүктеп отырған жоқпыз ба деген заңды сұрақ туындайды. Өйткені халықаралық міндеттемелердің негізгі салмағы түптеп келгенде бизнеске түседі.
Шығарындылар саудасы жүйесі төмен көміртекті жобаларды іске асыруға және энергия тиімділігін арттыруға ынталандыратыны сөзсіз. Бірақ халықаралық талаптарға сай жүйе құруға ұмтыламыз деп, ең маңызды мақсатты екінші орынға ысырып қойдық. Бүгінде кәсіпорынның қолында квота жеткілікті болса, өндірісті декарбонизациялауға нақты ынта да болмайды. Ал шын мәнінде ең маңызды көрсеткіш — бір тонна өнімге шаққандағы парниктік газ шығарындылары. Дәл осы көрсеткіш кәсіпорындардың декарбонизация бойынша нақты нәтижесін көрсетуі тиіс.
Көмірқышқыл газы шығарындылары мен энергия тиімділігіне қатысты тәсілдерді салыстырсақ, айырмашылық анық байқалады. Кәсіпорындар квота көлеміне ғана назар аударады, ал өндірістегі нақты өзгерістер назардан тыс қалады. Ал отын-энергетикалық ресурстарды тұтыну бойынша есептілік кәсіпорындардың энергия тиімділігі мақсаттарына қаншалықты жақындағанын әлдеқайда нақты көрсетеді.
Экономиканы немесе жекелеген салаларды декарбонизациялау ең алдымен бір тонна өнім өндіруге қанша тонна СО₂ шығарылатынын анықтауданбасталуы тиіс. Қазіргі бенчмарктер бұл көрсеткішті ескеруге тиіс болғанымен, олардың көпшілігі өндірістің нақты ерекшеліктерін толық қамтымайды. Мысалы, барлық мұнай өңдеу зауыттары шығаратын өнімінің түріне қарамастан бір ғана бенчмаркпен бағаланады. Бұл мәселе Дүниежүзілік банктің PMI жобасы аясында шешіледі деген үміт бар. Бірақ оған сенім аз.
Бүгін не істеуге болады? Мұның бәрі қандай мақсат көзделетініне байланысты. Егер Қазақстан халықаралық талаптарды орындаумен ғана шектелсе, қолданыстағы жүйе соған жеткілікті. Экологиялық кодекс бұл бағытты айқындап қойған. Соның нәтижесінде нарықта тегін квота артық, ал офсеттік бірліктің бағасы 1 АҚШ долларына да жетпейді.
Ал егер ел шынымен 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етсе, онда реттеу тәсілін өзгерту қажет. Негізгі талап кәсіпорындарға бөлінетін квота емес, бір тонна өнімге шаққандағы шығарындылар деңгейі болуы тиіс. Әрине, бұл кәсіпорындар үшін жаңа талап болады және квотасы жеткілікті компаниялар мұндай өзгерісті қуана қабылдай қоймайды. Соған қарамастан, уәкілетті орган мен шығарындылар саудасы жүйесінің операторы квоталанатын кәсіпорындардың осы көрсеткіштерін жүйелі түрде талдай бастағаны жөн.
Мұндай өзгеріс түптің түбінде қандай нәтиже береді? Тегін квоталар біртіндеп жойылады. Белгіленген үлестік шығарындылар деңгейіне жете алмаған кәсіпорындар артық эмиссияны офсеттік жобалардан алынған офсеттік бірліктер арқылы өтеуге мәжбүр болады. Соның арқасында офсеттік бірліктердің бағасы нарықтық деңгейде қалыптасады. Қазіргідей тегін квоталардың көптігінен демпингке ұшырамайды. Себебі бүгінгі жағдайда Қазақстанның ішкі нарығында офсеттік жобаларды іске асыру экономикалық тұрғыдан тартымсыз.
Үлестік шығарындылар нормативтері ең үздік қолжетімді технологиялар қағидатына ұқсас түрде тұрақты түрде қайта қаралып, кезең-кезеңімен қатаңдатылып отыруы қажет. Ал бұл жұмысты ең алдымен отын-энергетикалық ресурстарды тұтынуды қысқартудан бастау керек. Өйткені дәл осы тұтыну көлемі парниктік газдардың ғана емес, атмосфераны ластайтын басқа да заттардың шығарындыларына тікелей әсер етеді.
Көміртегі бейтараптығына ұмтылу бірнеше міндетті қатар шешуге мүмкіндік береді. СО₂ шығарындыларын азайтуға, энергия ресурстарын үнемдеу арқылы кәсіпорындардың қаржылық тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға және шығарындылар саудасы жүйесінің жұмысын жандандыруға болады.
Көпшілік үшін климаттың өзгеруімен күрес әлі де күнделікті өндірістік қызметтен алыс тақырып болып көрінеді. Бірақ Қазақстан энергия тұтыну, энергия тиімділігі және шығарындыларды қысқарту саясатын бір жүйеге біріктіре алса, ел жариялаған 2060 жылғы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу әлдеқайда нақты мақсатқа айналады.
Әлия Шалабекова, тәуелсіз сарапшы, арнайы EconomyKZ.org үшін


