Қазақстан соңғы он жылдан астам уақыт бойы экономиканы әртараптандыру туралы айтып келеді. Өңдеуші өнеркәсіп, фармацевтика, жасанды интеллект, жаңа материалдар, күрделі экспорт. Бұл бағыттардың бәрін біріктіретін, бірақ сирек айтылатын бір ортақ шарт бар. Ол — еңбек нарығына оқу кезінде-ақ ескіріп кеткен біліммен емес, заман талабына сай біліммен қаруланған мамандардың келуі. Дәл осы тұста университет рейтингтері де, берілген дипломдар саны да көрсете алмайтын алшақтық байқалады.
Йель университетінің экономисті Барбара Бьязи мен Эмори университетінің зерттеушісі Сун Ма бұл алшақтықты алғаш рет тікелей өлшеуге тырысты. Олар АҚШ Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының (NBER) жұмыс құжаты ретінде жарияланған The Education-Innovation Gap зерттеуінде 1,7 миллион университет курсының мазмұнын 20 миллионнан астам ғылыми жарияланыммен салыстырған. Мақсат — студенттерге оқытылатын білім қазіргі ғылымның алдыңғы шебінен қаншалықты алыс екенін анықтау.
Зерттеушілер студент саны немесе университет рейтингі сияқты дәстүрлі көрсеткіштердің орнына табиғи тілді өңдеу әдістері арқылы оқу бағдарламалары мен қазіргі ғылыми білім арасындағы қашықтықты есептеген. Нәтиже таңғаларлық болды. Орташа курсты ең ескірген бағдарламалар тобынан ең заманауи деңгейге жеткізу үшін оның мазмұнының шамамен 70 пайызын толық жаңарту қажет екені анықталды. Бұл әдебиеттер тізімін аздап түзету емес, іс жүзінде жаңа пән жасау деген сөз.
Ұзақ уақыт бойы ғылым мен білім арасындағы байланыс өздігінен қалыптасатын процесс ретінде қабылданды. Ғалымдар жаңалық ашады, университеттер оны біртіндеп оқу бағдарламасына енгізеді, ал түлектер еңбек нарығына жаңа біліммен келеді деген түсінік болды. Бұл модель технологиялар баяу дамыған кезде жұмыс істеді. Қазір ғылым оқу бағдарламаларынан әлдеқайда жылдам алға кетіп барады. Курстар бірнеше жылға бекітіледі, бағдарламалар баяу жаңартылады. Соның салдарынан ғылыми жаңалық пен аудитория арасындағы уақыт айырмасы техникалық мәселе емес, экономикалық проблемаға айналды.
Ескірген білім неге экономикалық мәселеге айналды
Қазақстан үшін бұл теория емес. Өнеркәсіптен бастап IT секторына дейінгі жұмыс берушілер жылдар бойы бір мәселені айтып келеді: түлектердің дипломы бар, бірақ қазіргі жабдықпен және жаңа технологиялармен жұмыс істеу дағдылары жетіспейді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да бұл мәселені кәсіпкерлермен кездесулерде үнемі көтеріп келеді. Кадр мәселесі диплом санына емес, сол дипломның мазмұнына тіреледі. 2026 жылы Қазақстан университеттері рекордтық 193 мың түлек шығарады. Бірақ олардың елеулі бөлігі еңбек нарығы күтіп отырған құзыреттерден өзгеше дайындықпен келеді.
Мұндай жағдайда дипломның өзі көп нәрсені шешпейді. Бір мамандық бойынша екі инженерді елестетейік. Бірі бүгінгі саланы алға сүйреп тұрған технологияларды меңгеріп шықты, екіншісі ескірген тәсілдермен оқыды. Құжат жүзінде екеуінің де дипломы бірдей. Бірақ іс жүзінде алғашқысы бірден өндірістік жобаға кіріссе, екіншісі жұмыс орнында қайта даярлаудан өтеді. Бұл компания үшін қосымша шығын. Ал бүгінде фармацевтикада, автокөлік құрастыруда және өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістер ашып жатқан Қазақстан үшін бұл жаңа желілер мен өнімдерді іске қосуды баяулататын факторға айналады.

Негізгі рөл университетте емес, оқытушыда
Бьязи мен Ма зерттеуінің басты қорытындысы бұл мәселенің қайдан шығатыны туралы қалыптасқан түсінікті өзгертеді. Көпшілік мәселе университеттің өзінде деп ойлайды: бірінің бюджеті көп, ғылыми базасы мықты, рейтингі жоғары. Алайда оқу бағдарламасының заманауилығына университеттің ықпалы салыстырмалы түрде аз болып шықты. Әлдеқайда маңызды рөлді нақты оқытушы атқарады. Белсенді ғылыми зерттеу жүргізетін, мақалалары жиі дәйексөз алатын оқытушылар өз курстарының мазмұнын әлдеқайда жиі жаңартады. Бұл әсіресе магистратура мен докторантурада айқын көрінеді.
Бұл тұжырым оқытушы ғылым мен сабақ берудің бірін ғана таңдауы керек деген кең тараған пікірді жоққа шығарады. Керісінше, ғылыми зерттеу оқу бағдарламасын жаңартатын негізгі ресурс екені анықталды. Егер оқытушы қазіргі ғылымнан алыстаса, оның курсы да біртіндеп ескіреді.
Ғылымды қаржыландыру оқу бағдарламасына қалай әсер етеді
Осы тұста Қазақстанның жүйелі мәселесі анық көрінеді. Елде ғылым жеткілікті деңгейде қаржыландырылмайды. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын шығындар қатарынан екінші жыл ЖІӨ-нің 0,16 пайызынан аспады. Мұндай деңгей оқытушылардың зерттеудің алдыңғы қатарында жүруіне мүмкіндік бермейді.
2025 жылы ғылымды қаржыландыру 19 пайызға өсіп, 261,5 млрд теңгеге жеткенімен, бұл шығындардың 81,5 пайызы мемлекет есебінен қаржыландырылды. Жекеменшік сектор университет бағдарламаларын жаңа біліммен толықтыра алатын зерттеулерге өте аз қатысады. Қазіргі болжам бойынша ғылымға жұмсалатын шығындар ЖІӨ-нің 1 пайызына тек 2027 жылдан кейін ғана жетуі мүмкін. Осы база кеңеймейінше, оқытушылардың заманауи курстар жасауға сүйенетін ғылыми материалы жеткіліксіз болып қала береді.

Қазақстандағы жоғары білімнің екі түрлі жылдамдығы
Зерттеу тағы бір маңызды мәселеге назар аударады. Әдетте экономистер мән бере бермейтін теңсіздік түрі бар. Ауқатты отбасылардың балалары оқитын университеттердің оқу бағдарламалары ғылымның қазіргі деңгейіне әлдеқайда жақын. Бұл айырмашылық университеттің бюджеті, студенттердің дайындық деңгейі немесе оқу орнының көлемі ескерілгеннен кейін де сақталады. Демек мәселе тек қаржыда немесе қабылдау талаптарында емес, білім мазмұнында жатыр.
Қазақстанда мұндай айырмашылық айқын байқалады. Назарбаев Университеті өз білім беру стандарттары бойынша жұмыс істейді және Ғылым және жоғары білім министрлігіне тікелей бағынбайды. Соның арқасында оқу бағдарламаларын жылдамырақ жаңартып, оқытушылардың ғылыми зерттеулерімен тығыз байланысты сақтай алады.
Ал талапкерлердің негізгі бөлігі өңірлік университеттерде білім алады. Олар білім беру бағдарламаларының бірыңғай тізіліміне енгізілген, бағдарламалары баяу жаңартылады және ғылымға бөлінетін қаржы көлемі әлдеқайда төмен. Соның нәтижесінде ел ішінде жоғары білімнің екі түрлі жаңару қарқыны қалыптасады. Студент диплом алғанға дейін-ақ қазіргі білімнің әртүрлі көлемін меңгереді.
Экономика үшін мұның салдары әлдеқайда маңызды. Инновация өздігінен пайда болмайды. Ол көптеген маман бір мезетте жаңа біліммен жұмыс істей бастағанда қалыптасады. Егер жаңа білім баяу таралса, жаңа технологиялар да баяу енгізіледі. Компаниялар тәуекелге сирек барады, еңбек өнімділігі де баяу өседі.
Бьязи мен Ма өздерінің тағы бір зерттеуінде — Frontier Knowledge in College and Student Success — қазіргі ғылымға жақын курстарды оқыған студенттердің докторантураға жиі түсетінін, патенттерді көбірек тіркейтінін, университеттен дипломсыз кету ықтималдығы төмен екенін және орта есеппен жоғары табыс табатынын көрсетті.
Диплом санынан білімнің өзектілігіне көшу
Қазақстан бұл мәселенің бір бөлігіне жауап ретінде 2023 жылы 2029 жылға дейінгі жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Құжат гранттар санын көбейтуді және 2029 жылға қарай шәкіртақы көлемін екі еселеуді көздейді. Бұл жоғары білімнің қолжетімділігін арттырады.
Алайда тұжырымдаманың негізгі назары білімнің қамтылуы мен қолжетімділігіне бағытталған. Ал оқу бағдарламалары ғылымнан қаншалықты қалып қойып жатқанын өлшеу құжатта қарастырылмаған. Бьязи мен Ма дәл осы көрсеткішті шешуші фактор ретінде атайды. Қазақстанда әзірге жаңа ғылыми нәтиженің университет аудиториясына қанша жылдан кейін жететіні жүйелі түрде есептелмейді.
Осыдан кейін мәселе университеттердің тиімділігін қалай бағалайтынымызға келіп тіреледі. Ұзақ жылдар бойы негізгі өлшем халықаралық рейтингтегі орын, жарияланым саны, қаржыландыру көлемі және шетелдік студенттер үлесі болды. Бірақ зерттеу көрсеткендей, осы факторлардың бәрі ескерілгеннен кейін университеттің жекеменшік немесе мемлекеттік болуы, көлемі мен бюджеті оқу бағдарламасының заманауилығын онша түсіндірмейді. Ал оқытушының ғылыми белсенділігі шешуші рөлін сақтайды.
Бұл ғылымға салынған инвестиция екі бағытта нәтиже беретінін көрсетеді. Біріншісі — жаңа ғылыми білімнің пайда болуы. Екіншісі — сол білімнің аудиторияға әлдеқайда жылдам жетуі.
Қазақстан үшін бұл нақты күн тәртібін қалыптастырады. Жаңа білім беру бағдарламаларының санын емес, қолданыстағы бағдарламалардың жаңару жылдамдығын өлшеу маңызды. Оқытушылар жариялаған мақалалардың санын емес, олардың нәтижесі бірнеше жыл ішінде оқу курсына қаншалықты енгізілгенін бағалау қажет. Диплом санын емес, түлек еңбек нарығына қандай біліммен шығатынын өлшейтін уақыт келді. Биыл ол 193 мың басқа түлекпен бір еңбек нарығында бәсекеге түседі.
Технологияны сатып алуға болады. Жабдықты импорттауға болады. Инвестиция тартуға болады. Бірақ жаңа білімді ұлттық экономика ішінде жылдам тарату қабілетін сырттан сатып алу мүмкін емес. Ол елдің білім беру мен ғылым жүйесінің ішінде қалыптасады.
Қазақстанда ғылымға жұмсалатын шығын әлі де ЖІӨ-нің 0,16 пайызы деңгейінде қалып отыр. Ал университет бағдарламаларының жаңаруы жылдамдықпен емес, басқа көрсеткіштермен бағалануда. Мұндай жағдайда ел жаңа экономиканы құруға ұмтылған сәтте, мамандарды кеше ғана өзектілігін жоғалтқан экономика үшін даярлау қаупі сақталады.
Эльвира Батурова, EconomyKZ зерттеу тобы, арнайы EconomyKZ.org үшін


