EC[ON]OMY

Аз салық — ауқымды креативті экономика

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда «креативті экономика» деген тіркес болашақтан келген ұғымдай естілетін. Бүгінде бұл ондаған мың компания мен жүздеген мың адам еңбек ететін нақты секторға айналды. Мұны «жоғарыдағылар» да түсіне бастаған сияқты.

Жақында «Курсивтен» бір мақала көзіме түсті. Онда Айда Балаева басқаратын Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі креативті индустрияға жататын қызмет түрлерінің тізімі кеңейтілгенін хабарлаған. ЭҚЖЖ саны 43-тен 53-ке көбейді. Жаңартылған тізімге жарнама, цифрлық өнімдер, баспа ісі және креативті бизнестің өзге де бағыттары енді.

Бұл саладан хабары жоқ оқырманға өзгеріс жай ғана формалдылық болып көрінуі мүмкін — тізімге бірнеше жол қоса салды, болды. Бірақ осы индустрияның ішінде жүрген біз үшін оның мәні әлдеқайда терең. Бұл бизнеске саланың ресми мойындалғанын ғана білдірмейді. Белгіленген талаптарға сай келетін кәсіпкерлер үшін арнаулы салық режимі қолданылады: жеке кәсіпкерлер бірыңғай салықты 2-4% мөлшерінде, заңды тұлғалар 8% мөлшерінде төлейді. Сонымен бірге осы режим аясында ЖТС/КТС пен ҚҚС-тан босату қарастырылған.

Қарапайым тілмен айтсақ:

Мысалы, дизайн студиясы бір жылда 20 млн теңге табыс тапты делік. 4% мөлшерлеме бойынша оның осы режим аясындағы салығы 800 мың теңге болады.

Қалған ақша бизнестің өзінде қалады — жалақыға, команданы дамытуға, жабдыққа, бағдарламалық қамтуға, маркетингке және жаңа жобаларға жұмсалады. Шағын студия үшін осы модель мен ауырлау салық жүктемесінің арасындағы айырма шешуші болуы мүмкін. Кейде ол команданың бір-екі айлық жалақысына тең.

Бір қарағанда: «Жақсы, мемлекет креаторларға салықтық жеңілдік берді. Бәрі түсінікті, тарай берейік», — деуге болады. Бірақ мәселе әлдеқайда терең. Талдап көрейік.

Мысал ретінде «кәдімгі» брендинг агенттігін алайық.

Мұндай компанияның зауыты, станоктары, шикізат қоймасы мен өндірістік желісі жоқ. Агенттік дайын өнім шығару үшін тонналап металл сатып алмайды. Оның негізгі өндірістік ресурсы — адамдар, олардың білімі, тәжірибесі, идеясы мен уақыты.

Агенттіктің стратегі бренд платформасын әзірлейді, аналитик зерттеу жүргізеді, дизайнерлер визуалды жүйе құрады, арт-директор соның бәрін біртұтас шешімге айналдырады, ал жоба менеджері бүкіл процесті ұйымдастырады. Ақырында клиент шикізаттың әр келісіне немесе жабдықтың жұмысына ақша төлемейді. Ол көптеген маманның зияткерлік еңбегінің нәтижесін сатып алады. Бұл — мүлде басқа экономика.

Дизайн студиясы, жарнама немесе брендинг агенттігі шығынының едәуір бөлігі еңбек ақы қоры мен кәсіби сараптамаға тиесілі. Әрине, кеңсе жалдау, техника, бағдарламалық қамту, мердігерлер, өндіріс, түсірілім, баспа және басқа да шығындар бар. Бірақ көптеген жобада олардың үлесі адам еңбегінің үлесімен салыстыруға келмейді. Дәстүрлі салық моделінің әлсіз тұсы да осы жерден көрінеді.

Неліктен ҚҚС зияткерлік бизнеске әсіресе ауыр тиеді

Өндірістік компанияда сатып алудың орасан көлемі кіріс ҚҚС-ын қалыптастырады: шикізат, материалдар, жабдық, бөлшектер, жеткізушілердің қызметтері. Ал зияткерлік өнім жасайтын компанияның шығын құрылымы мүлде басқа болуы мүмкін.

Айталық, біздің «кәдімгі» брендинг агенттігіміз компанияға 10 млн теңгеге айдентика әзірледі. Жоба құнының басым бөлігі — команданың еңбегі. Бірақ агенттік ҚҚС төлеуші болса, клиентке ҚҚС қосылған шот береді. Ал агенттіктің өзінде есепке жатқызуға болатын дәл сондай көлемдегі кіріс ҚҚС болмауы мүмкін. Біртүрлі парадокс шығады: экономикалық құн негізінен адам еңбегімен жасалады, ал тауар қозғалысы мен салық салынатын сатып алуларға бейімделген салық жүйесі мұндай бизнес моделіне үнемі дәл келе бермейді. Креативті экономикаға арналған арнаулы режимнің қисынды көрінетіні сондықтан.

Меніңше, мемлекет мұны «шығармашылық адамдардың салығын кешіру» үшін жасап отырған жоқ. Бұл — салық жүйесін саланың нақты экономикасына жақындату талпынысы.

Креативті компанияның айналымы үлкен болғанымен, өзі өте осал болуы мүмкін

Нарығымыздың ресми құжаттарда сирек айтылатын тағы бір ерекшелігі бар. Қазақстандағы креативті бизнесте тапсырыстың тұрақтылығын қамтамасыз ету өте қиын. Брендинг агенттігі бүгін бірнеше айға жететін ірі жоба алып, кейін екі ай бойы келесі тапсырысты іздеуі мүмкін. Жарнама агенттігі ауқымды науқан өткізгеннен кейін клиент бюджетін қысқартып тастауы ықтимал. Дизайн студиясына бірден бірнеше тапсырыс түсіп, артынша жаңа жобалар мүлде жоқ кезең басталуы ғажап емес.

Ал шығын ешқайда жоғалмайды. Жалақы төлеу, команданы сақтап қалу, бағдарламалар мен сервистерге ақы төлеу, кеңсе немесе студия ұстау, өз маркетингіңмен айналысу қажет. Әрине, кәсіби білімің мен тәжірибеңді де үнемі жетілдіріп отыруың керек. Креативті компанияның өндірісті бірнеше аптаға тоқтатып, шикізат сатып алуды қысқарта алатын бизнестен үлкен айырмасы дәл осы тұста көрінеді.

Себебі агенттіктің басты активі — команда. Егер «бәсең маусымда» команда тарап кетсе, агенттік іс жүзінде өндірістік қуатынан айырылады. Сондықтан креативті бизнес үшін салық жүктемесінің төмендеуі меншік иесінің пайдасын көбейту емес. Бұл — нарықтағы тұрақсыз кезеңнен аман өтуге, мамандар мен жұмыс орындарын сақтап, дамуды жалғастыруға берілген мүмкіндік.

Бұл енді жекелеген агенттіктердің емес, бүкіл ел экономикасының мәселесі

Бұл жерде сандарға қарау әсіресе маңызды. Иә-иә, қазір сәл іш пыстырамыз, бірақ статистикасыз болмайды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, Қазақстанда креативті индустрияның 45 мыңнан астам субъектісі бар, ал секторда 140 мыңнан аса адам еңбек етеді. Мемлекет жұмыспен қамтуды, саладағы кәсіпкерлер санын, креативті өнімдер мен қызметтер экспортын арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ 2029 жылға қарай креативті индустриялардың ЖІӨ-дегі үлесін 2%-ға жеткізбек. Бұл — өте маңызды белгі.

Мемлекет креативті экономиканың дербес экономикалық сектор екенін іс жүзінде мойындап отыр. Бұған біздің де таласымыз жоқ.

Қазіргі әлемде компанияның құны станоктардың саны немесе шаршы метрлермен ғана өлшенбейді. Оның технология, өнім, бренд, контент және жаңа мағына жасай алу қабілеті барған сайын маңызды болып келеді.

Шетелдік алпауыттар мен жаһандық экономика көшбасшылары осы бағытта нық жылжып барады. Apple тек құрылғы сатпайды. Nike — тек аяқ киім емес. Google — тек технология емес. Қазіргі экономикадағы құнның басым бөлігі өндірістік ресурсты қолмен ұстап көру мүмкін емес жерде жасалады. Америкалықтар мен еуропалықтар мұны әлдеқашан түсінген. Қазақстан неге бұл үрдістен тыс қалуы керек?

Брендинг — жаңа экономиканың жақсы мысалы

Кәдімгі қазақстандық бизнесті алайық. Ол су, азық-түлік, жабдық немесе киім өндіреді, болмаса қызмет көрсетеді. Бірақ нарықта бәсекеге түсу үшін оған атау, бренд, қаптама, коммуникация, сайт, жарнамалық материалдар мен ілгерілету стратегиясы қажет. Мұның бәрін креативті мамандар жасайды.

Сонда мынадай қызық тізбек құрылады:

өндірістік бизнес өнім жасайды → креативті бизнес оның нарық алдындағы құнын қалыптастырады → маркетинг сол құнды сатуға көмектеседі → экономика айналым, жұмыс орындары мен салық алады. Демек, креативті индустриялардың дамуы дәстүрлі салалардың да өркендеуіне жұмыс істейді.

Мықты бренд қазақстандық өндірушіге ел ішінде ғана емес, сыртқы нарықта да бәсекеге түсуге мүмкіндік береді. Сондықтан дизайн, жарнама, брендинг, сәулет, кино, цифрлық өнімдер және өзге де креативті бағыттардың дамуы — елдің экспорттық әлеуетін күшейту, шетелден инвестиция тарту және бізде әлі толық зерттелмеген жаңа экономика секторларының құнын арттыру деген сөз.

Мемлекеттің салықтық қана емес, инфрақұрылымдық жағдай жасай бастауы әсіресе маңызды

Салық режимі — ауқымды жүйені жаңғыртудың бір ғана бөлігі. Біз мемлекет жұмысының біршама сырттай бақылаушысы болсақ та, өңірлік креативті хабтардың, қаржылық және қаржылық емес қолдау тетіктерінің дамып жатқанын көріп отырмыз. Креативті секторға қаржыландыру бағдарламалары мен басқа да қолдау шараларына қатысу мүмкіндігі берілген. Бұл — дұрыс тәсіл. Себебі креативті экономиканы салықты төмендетумен ғана құру мүмкін емес.

Бізге білікті мамандар қажет. Жас мамандарға білім беру бағдарламалары керек. Шығармашылық командаларға жұмыс істейтін кеңістік қажет. Креативті бизнеске тапсырыс берушілер мен инвестиция керек. Ал экономикаға экспорт қажет. Ең алдымен, қоғам дизайн, жарнама, музыка, кино, сәулет, IT және басқа да креативті мамандықтардың «қосалқы бір дүние» емес екенін түсінуі керек.

Бұл жерде Президенттің ұстанымына да жеке тоқталғым келеді

Меніңше, бұл мәселеде Президент шынымен де алысты көздейтін ұстаным танытып отыр. 2021 жылдан бері оның Жолдауларында креативті секторды дамыту қажеттігі бірнеше рет айтылды. Бүгінде бұл біртіндеп нақты мемлекеттік саясатқа айналып келеді: ұғымдар айқындалды, қызмет түрлерінің тізімі жасалды, салық құралдары, инфрақұрылым мен саланы дамытудың нысаналы көрсеткіштері пайда болды. Бұл жағдайда мемлекеттік қолдау экономикада әлдеқашан басталған өзгерістерге берілген жауап болып отыр.

Креативті экономика бар және оның өсу қарқыны алдағы уақытта тек үдей береді. Өндіріс неғұрлым автоматтандырылып, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар неғұрлым белсенді дамыған сайын, толық автоматтандыру қиын дүниелердің құны соғұрлым арта түседі. Олар — идея, мәдениет, адамды түсіну, жаңа мағына, тұжырымдама мен өнім жасай білу қабілеті.

ЖИ сурет, мәтін және презентация жасауды үйреніп алды делік. Бірақ бизнеске нақты не жасау керегін, оның нарыққа не үшін қажет екенін және қандай құн қалыптастыруы тиіс екенін түсінетін адамдар әлі де керек. Сондықтан креативті индустриялардағы адами капиталдың құны еселеп өседі.

Қазақстанға креаторларды қолдау ғана емес, оларды қуатты экспорттық секторға айналдыру маңызды

Енді мәселенің келесі деңгейіне тереңірек үңілейік.

Елестетіп көріңіз: қазақстандық талантты дизайнер Дубайдағы клиентпен жұмыс істей алады. Астанадағы брендинг агенттігі Еуропадағы компанияға айдентика әзірлей алады. Мысалы, дәл қазір біз осындай жобамен айналысып жатырмыз. Алматыдағы мобильді қосымша әзірлеуші Америка нарығына цифрлық өнім жасай алады. Сәулетші халықаралық топ құрамында ауқымды құрылыс жобаларына қатыса алады. Музыкант, режиссер, фотограф, иллюстратор немесе ойын әзірлеуші шекарадан физикалық тауар өткізбей-ақ өз еңбегінің нәтижесін бүкіл әлемге сата алады. Креативті экономиканың бірегей әрі басты ерекшелігі осында.

Экспортқа мұнай, металл немесе астық қана емес, өзіміз жасаған зияткерлік құнды да шығаруға болады. Экономикасын әртараптандыруға ұмтылған Қазақстан үшін бұл әсіресе маңызды әрі келешегі зор бағыт.

Сондықтан арнаулы салық режимі — бастамасы ғана

Бір маңызды жайтты ескеру керек. Бүгінде сөз креативті индустрияның әрбір субъектісі аталған салық жеңілдіктерін бірден пайдалана алады деген туралы емес. Әңгіме ең алдымен креативті бизнеске арналған жаңа жағдайлар жүйесін қалыптастыру жайында.

Бағыт айқындалды: үкімет креативті қызмет түрлерінің тізімін кеңейтіп, арнайы қолдау тетіктерін қалыптастырып, осы салаға қолайлы салық жағдайларын әзірлеп жатыр. Ендігі ең маңызды міндет — осы жұмысты іс жүзінде толық іске асыру.

Брендинг немесе жарнама агенттігі, дизайн студиясы және басқа да зияткерлік компания үшін салық жүктемесінің төмендеуі нақты нәтиже бере алады: команданы сақтап қалу, дамуға инвестиция салу, көбірек жоба алу, мамандардың жалақысын өсіру, жаңа нарықтарға шығу. Бірақ меніңше, мұндай режимнің пайда болуының өзі әлдеқайда маңызды. Бұл мемлекеттің креативті бизнестің ерекшелігін түсіне бастағанын және оны экономиканың толыққанды бөлігі ретінде мойындағанын көрсетеді. Ең құндысы да осы. Себебі экономиканың болашағы — технология, бренд, дизайн, контент, сәулет, кино, ойын, музыка, жарнама және зауыттарда, жолдарда немесе кен орындарында емес, адам зердесімен жасалатын мыңдаған өнім.

Креативті экономика — идеялар экономикасы. Алға ұмтылған елде сол идеяларды жасайтын адамдарға орын болуы керек. Егер Қазақстан бүгін оларға қолайлырақ жағдай қалыптастырса, бұл қазіргі экономикаға салынған қуатты инвестицияға айналуы мүмкін. Бәлкім, болашақ экономикаға қосар үлесі одан да көп болар.

Ең бастысы қалды — қабылданған шешімдер іс жүзінде шынымен жұмыс істеуі керек.

Максим Еремкин,
«KemelDesign» брендтік агенттігінің жетекшісі,
арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading