Инновацияларды мемлекеттік қолдаудың тиімділігі жұмсалған қаржының көлемімен емес, мемлекеттің дер кезінде тоқтай білуімен және нарық жақсы атқаратын жұмысты өз мойнына алмауымен өлшенеді. Соңғы он бес жылда әлемнің көптеген үкіметтері керісінше бағытты таңдады: кәсіпкерлікке көбірек қаржы, мемлекеттік қорлар көбірек, технопарктер көбірек, жас компанияларды қаржыландыратын бағдарламалар көбірек. Есеп қарапайым болды — инвестиция көбейсе, жаңа технологиялар да жылдам пайда болады. Бірақ әлемдік тәжірибе бұл үмітті растамады. Мемлекет қаржыны неғұрлым көп бөлсе, инновацияның бюджет логикасына бағынбайтыны соғұрлым анық байқалды.
Мәселе көбіне қаржының жетіспеуінде емес. АҚШ таза энергетика саласындағы тәуекелі жоғары жобаларға 34 миллиард доллардан астам қаржы бөлді. Жиырма жыл бұрын мұндай сома елестетуге келмейтін еді. Оның үстіне мемлекет салған қаржы сол кезеңдегі жеке венчурлік инвестициялардың жалпы көлемінен асып түсті. Мұндай жағдайда саланың қарқынды өсуін күту заңды көрінді. Бірақ нәтиже керісінше болды. Жеке инвесторлар күту тактикасын таңдады. Себебі мемлекет нарықтағы ең ірі ойыншыға айналғаннан кейін, алдымен оның қай жобаны таңдайтынын бақылаған тиімдірек болды. Қаржы бөлу төңірегінде мүдделі топтардың бәсекесі күшейді, мемлекеттік қолдау алған бірнеше танымал компания банкротқа ұшырады. Бірнеше жылдан кейін таза энергетиканың венчурлік инвестициялардағы үлесі бағдарлама басталғанға дейінгі деңгейден де төмендеп кетті.
Ұқсас жағдай Сауд Арабиясында да байқалды. Мемлекет жылдар бойы инновациялық экожүйе қалыптастыруға қомақты қаржы жұмсады: реттеуді реформалады, бизнесті жүргізуді жеңілдетті, жаңа қорлар құрды, халықаралық технологиялық жобаларға инвестиция салды. Масштаб әсерлі болды. Бірақ ел ішіндегі венчурлік қаржыландыру көлемі экономика ауқымымен салыстырғанда бәрібір шағын күйінде қалды. Қаржы болды. Нарық қалыптаспады.

Бұл парадокс Қытайда тіпті айқынырақ көрінді. Бір жылдың ішінде мемлекет венчурлік нарыққа салған жаңа инвестиция көлемі әлемдегі барлық венчурлік қорлар сол жылы тартқан капиталдан асып түсті. Алғашында бәрі үлкен жетістікке ұқсады. Нарық өсті, қорлар көбейді, компаниялардың бағалануы шарықтады. Бірақ артынша күрт құлдырау басталды: капитал көлемі шамамен 90%-ға азайды, ал Қытайдың әлемдік венчурлік нарықтағы үлесі айтарлықтай қысқарды. Мемлекет нарықты неғұрлым қатты ынталандырған сайын, кейінгі түзету соғұрлым ауыр болды. Әрине, бұл үш мысалдың барлығында да нақты нәтижені тек мемлекеттік араласумен түсіндіру дұрыс емес. Венчурлік нарыққа пайыздық мөлшерлемелер, экономикалық циклдер, реттеу, санкциялар және технологиялық компаниялардың қайта бағалануы да әсер етеді. Бірақ жалпы заңдылық өзгермейді.
Үш мысалды біріктіретін ортақ нәрсе бар. Мемлекет нарықтың болашағы бар жобаларды іріктеу механизмін алмастыруға тырысты. Ал инновацияның табиғаты басқаша. Ұзақ уақыт бойы технологиялық прогрестің негізгі қозғаушысы ірі корпорациялар болады деп есептелді. Өйткені оларда қаржы да, зерттеу орталықтары да бар. Алайда тәжірибе көрсеткендей, ең маңызды технологиялық серпілістерді коммерцияландырған жас компаниялар болды. Іргелі ғылым университеттер мен зертханаларда дүниеге келгенімен, идеяның нарықтық әлеуетін бірінші болып шағын кәсіпкерлік командалар байқап, оны өнімге басқалардан жылдамырақ айналдырады.
Осыдан тағы бір парадокс туындайды. Егер инновацияны стартаптар жасайтын болса, мемлекет мыңдаған жобаның ішінен болашақта саланы өзгертетін біреуін алдын ала табуы керек. Бұл кәсіби мамандардың өзіне оңай міндет емес. Венчурлік қорлар мыңдаған өтінімді қарап, соның шамамен бір пайызын ғана қаржыландырады. Бірақ жұмыс мұнымен аяқталмайды. Олар директорлар кеңесіне кіреді, басқарушы команданы қалыптастыруға көмектеседі, серіктестерге жол ашады және ең маңыздысы — қаржыны кезең-кезеңімен бөледі. Келесі кезеңнің мақсаты орындалмаса, инвестиция тоқтатылады. Осылайша капитал ең мықты командаларға тез ауысады.
Ал мемлекет мүлде басқа қағидамен жұмыс істейді. Ол алдын ала бекітілген бюджеттерге, рәсімдерге және ережелерге сүйенеді. Ал инновация мұндай жүйеге сыймайды. Технологиялық стартап жарты жылдың ішінде бизнес-моделін толық өзгертіп немесе жаңа нарыққа шығуы мүмкін. Әкімшілік жүйе үшін мұндай белгісіздік үлкен мәселе. Мемлекеттік қаржы көбейген сайын оны бөлуге деген қызығушылық артады. Соның салдарынан кейбір кәсіпкерлер клиент үшін емес, қолдау бағдарламасына қол жеткізу үшін жарыса бастайды. Нарықты қолдау мен оны алмастырудың шекарасы дәл осы жерде өтеді. Мемлекет болашақ жеңімпаздарды өзі анықтай бастаған сәтте нарықтың ең маңызды қызметі — идеялардың өміршеңдігін үздіксіз тексеру мүмкіндігі жоғалады.

Мұндай бағдарламалардың қайта-қайта іске қосылуының құрылымдық себебі де бар. Инновациялар ешқашан ел аумағына біркелкі таралмайды. Олар университеттер, инвесторлар мен кәсіпкерлер шоғырланған бірнеше орталықта ғана қалыптасады. Кейін бұл үрдіс өзін өзі күшейтеді: табысты компаниялар жаңа капиталды тартады, капитал таланттарды әкеледі, таланттар жаңа кәсіпкерлерді қалыптастырады. Ал инновацияны барлық өңірге жасанды түрде бірдей таратуға тырысу көбіне кері нәтиже береді. Қаржы біркелкі бөлінеді, бірақ қайтарымы төмендейді.
Венчурлік нарықтың циклдік сипаты да жағдайды қиындатады. Өсу кезеңінде ақша арзандайды, инвесторлар күмәнді идеяларға да қаржы салуға дайын болады. Кейін көңіл күй күрт өзгереді. Қызығы, мемлекеттер жаңа бағдарламаларды дәл осындай өрлеу кезеңінде іске қосуды жиі таңдайды. Жоғары белсенділік дұрыс бағыттың дәлелі ретінде қабылданады. Соның салдарынан бюджет қаржысы онсыз да қызып тұрған нарықты одан әрі қыздырып, кейінгі құлдырауды тереңдете түседі. Ақша нарықтық циклдерді жоймайды. Керісінше, оларды күшейтеді.
Шенеунік пен венчурлік инвестордың міндеті сырттай ұқсас көрінеді. Бірақ тәуекелге көзқарасы мүлде бөлек. Инвестор инвестицияның басым бөлігі өзін ақтамайтынын алдын ала біледі. Қателік оның жұмысының ажырамас бөлігі. Ал шенеунік үшін қателік көбіне саяси мәселеге айналады. Сондықтан мемлекеттік жүйе табиғи түрде түсінікті, болжамды және тәуекелі төмен жобаларды таңдайды. Дәл осындай жобалар технологиялық серпіліс көзіне сирек айналады. Ал ең табысты кәсіпкерлердің көбі мемлекеттік бағдарламалардың талаптарына оңай сыймайтын әрі нарық әлі қалыптаспаған бағыттарда жұмыс істейді.
Осыдан мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыратын екі негізгі қағида шығады. Біріншісі — мемлекет нарықты алмастырмауы керек, оны іріктеу сүзгісі ретінде пайдалануы қажет. Егер жоба жеке инвесторды өз қаржысын салуға көндіре алмаса, оған сақтықпен қараған дұрыс. Екіншісі — инновацияны қолдау туралы шешімдер ұзақ мерзімді көзқарасқа және саяси конъюнктурадан барынша тәуелсіз болуы тиіс. Өйткені мықты экожүйе бір бюджеттік кезеңде емес, ұзақ жылдар ішінде қалыптасады.
Қазақстан бұл екі қағиданы сынайтын гипотетикалық мысал емес. Елде мұндай институттардың басым бөлігі әлдеқашан құрылған: QazInnovations, Astana Hub, Ғылым қоры, «Бәйтерек» тобы құрамындағы Qazaqstan Investment Corporation және «Даму» қоры. Сондықтан мәселе жаңа құралдардың жетіспеуінде емес. Мәселе қолданыстағы институттардың сүзгі ретінде жұмыс істей ме, әлде жай ғана қаржы тарататын кассаға айналды ма деген сұрақта.
Бұл жүйедегі нарыққа ең жақын элемент — Astana Hub. Мұнда 2029 жылға дейін арнайы салық режимі жұмыс істейді, акселерациялық бағдарламалар бар, инвесторларға шығу мүмкіндігі ұсынылады, өңірлік IT-хабтар желісі қалыптасқан. Платформаның өз дерегі бойынша, мұнда 1600-ден астам стартап қатысып, 612 миллион доллардан астам инвестиция тартылған. Бірақ бұл көрсеткіштерді салық және экспорт статистикасы арқылы тексерген дұрыс. Өйткені бұл — платформаның өз есебі. Ал резиденттер санының көбеюін әлемдік деңгейдегі компаниялардың көбеюімен шатастыру оңай. Бұл белгілі бір деңгейде Қытайдағы «алдымен сан, кейін құлдырау» моделінің шағын көрінісіне ұқсайды. Егер осы стартаптардың қаншасы шетел нарығында нақты өнім сатып жатқанын білмесек, олардың жалпы саны ештеңені дәлелдемейді.
Ал Ғылым қоры дұрыс модельге біршама жақын. Ол технология әлі дәлелденбеген, ал жеке капитал мүлде бармайтын ғылыми зерттеудің бастапқы кезеңін қаржыландырады. Дәл осы жерде тәуекелді мемлекет көтеруі тиіс. Бірақ мәселе кейін басталады. Грант өтінім берілген кезде бір рет қана бөлінеді. Ал әлемдік тәжірибедегідей ол кейін үлеске айналуы немесе алғашқы коммерциялық сұраныс пайда болған сәттен бастап жеке инвесторлардың бірлескен қаржыландыруын талап етуі керек еді. Осындай сүзгі болмаса, қор жақсы рәсімделген өтінімдерді нақты технологиялардан ажырата алмайтын қарапайым қаржы көзі болып қала береді.
Мемлекеттік бюджеттің логикасы мен стартаптың өмірлік циклі арасындағы қайшылық Қазақстанда нақты көрінеді. Елдегі институттар «зерттеу — прототип — алғашқы тапсырыс беруші — сертификаттау — өндіріс — жеке инвестиция — экспорт» тізбегі ретінде емес, бір-бірімен байланысы әлсіз бағдарламалар ретінде жұмыс істейді. Әр кезеңде компания басқа институтқа қайта жүгініп, сараптамадан жаңадан өтеді. Соның нәтижесінде бір ғана емес, бірнеше «өлім аңғары» пайда болады: зерттеу мен прототиптің арасында, прототип пен алғашқы клиенттің арасында, пилоттық жоба мен өндірістік келісімнің арасында, грант пен жеке инвестицияның арасында.
Соған қарамастан мемлекет басым бағыттарды таңдаудан толық бас тарта алмайды. Қазақстан Ресей, Қытай, Орталық Азия және Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан әрі Орта дәліздің негізгі қатысушыларының бірі. Сондықтан есептеу тәуелсіздігі, киберқауіпсіздік және энергетикалық тұрақтылық бұл ел үшін жай технологиялық тренд емес, ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі. Бірақ мұндай жағдайда мемлекет жеңімпаздарды емес, міндеттерді таңдауы тиіс. Келесі «жалғызмүйізді» стартапты іздеудің орнына нақты өлшенетін технологиялық міндеттерді жариялап, әдемі жазылған өтінімге емес, нақты нәтижеге ақы төлегені әлдеқайда тиімді.
Инновацияны үкімет қаулысымен жасау мүмкін емес.Тек капитал, талант және кәсіпкерлік бастама бір-бірін әкімшілік қысымсыз таба алатын орта қалыптастыруға болады. Қазақстан үшін бұл алтыншы қолдау институтын құру деген сөз емес. Ең маңыздысы — қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған бес институтты қаржы тарататын касса емес, сапалы іріктеу сүзгісі ретінде жұмыс істеуге үйрету.
Айдар Қакимжанов, тәуелсіз сарапшы, арнайы www.economyKZ.org үшін


