EC[ON]OMY

Орталық Азия елдерінің экономикасына фармацевтикалық сала қалай әсер ете алады?

Әлемнің көптеген елдерінде фармацевтикалық өндіріс экономикалық өсудің және ғылыми зерттеулердің қозғаушы күші болып табылады, бұл салада әлем бойынша миллиондаған адам еңбек етуде.

Ал Қазақстан мен жалпы Орталық Азияда жағдай қандай? Алғашқы көзқараспен Қазақстанның ЖІӨ-дегі фармацевтикалық өндірістің үлесі басқа өнеркәсіп салаларымен салыстырғанда мардымсыз (0,1%) болып көрінеді. Алайда, егер барлық дәрілік заттар нарығына қарасақ (2023 жылы 2,2 миллиард АҚШ доллары), бұл ЖІӨ-нің шамамен 1%-ы. Яғни, импорттық дәрілерді алмастыру, экспортты арттыру есебінен өндірісті ұлғайту әлеуеті бар ма?

Өзбекстанда фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндірісінің ЖІӨ-дегі үлесі 1%-дан төмен (0,6%), ал мұндағы фармацевтика нарығының үлесі 1,6% ЖІӨ-ге тең.

Бірақ бұл екі нарықты, яғни Орталық Азиядағы өндірістің басым бөлігін құрайтын елдерді не біріктіреді?

Өндірістің құлдырауы, нарық пен ЖІӨ-нің өсуі

Қазақстан мен Өзбекстан соңғы 3 жылда фармацевтикалық өнім өндірісі мен экспортында құлдырау немесе баяулауды бастан өткеруде. Бұл елдерде жалпы ішкі өнімнің және өңдеу өнеркәсібінің орташа жылдық өсімі жоғары болуына қарамастан, осы салада кері динамика байқалуда. Қазақстанда фармацевтикалық өндіріс жыл сайын 13%-ға, ал экспорт 34%-ға төмендеп келеді. Өзбекстанда бұл көрсеткіштер сәйкесінше 0,3% және 2%-ға төмендеген. Бұның себебі өндіріс үшін шикізаттың жеткіліксіз болуынан шығар немесе жергілікті өндірушілер дайын өнімді импорттауды жөн көрген болар.

Орталық Азияда фармацевтикалық субстанциялардың немесе шикізаттың өз өндірісі жоқ, тіпті ТМД елдерінде де жоқтың қасы (Ресейде тек 20%-ы өз шикізатымен қамтамасыз етіледі). Біздің негізгі субстанция жеткізушілеріміз – Қытай мен Үндістан. Орталық Азияның жетекші екі елінде (90% фармацевтикалық өнім өндірісі нарығының үлесі) отандық нарықтардың өсуіне қарамастан, соңғы үш жылдағы субстанция сатып алу көлемі шамамен бір деңгейде қалды. Орталық Азиядағы фармацевтикалық субстанциялар импортының жалпы көлемі жылына орта есеппен 100 миллион АҚШ долларынан сәл аз, бұл аса көп емес пе?

Экономикалық және саяси сын-қатерлер

Әлемде 200-ден астам мемлекет болғанымен, фармацевтикалық субстанциялар өндірісі негізінен екі елде – Қытай мен Үндістанда шоғырланған (дүниежүзілік өндірістің 67%-ы). Бұл елдер өздерінің алып өндірістік базасы, төмен шығындары және мемлекеттік қолдауының арқасында нарықта көш бастап келеді. COVID-19 пандемиясы мен Ресейдің Украинаға қарсы соғысы әлемдік фармацевтика нарығында елеулі өзгерістерге әкеліп, шикізаттың маңыздылығын көрсетті. Шикізатқа деген «кезек» өсіп, жаһандық жеткізу тізбектері күрделеніп, баға күрт өсті.

Мұнай сияқты, фармацевтикалық субстанциялар әрқашан сұранысқа ие болады, әсіресе жаһандық дағдарыстар жағдайында. Бірақ, минералдық ресурстардан айырмашылығы, молекулалардың бағасы күрт ауытқуға бейім емес, бұл оларды стратегиялық маңызды активке айналдырады. Өз субстанцияларының өндірісі бар елдер тек ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етіп қана қоймай, экономикалық және саяси тәуелсіздігін де нығайтады. Қазақстанда стандарттарға сәйкестікке байланысты тәжірибе бар (Қазақстандағы барлық фармацевтикалық өндіріс халықаралық стандарттарға сәйкес сертификатталған) және мемлекеттің түсінігі де бар.

Ел ішінде бұл сала бойынша скептицизм бар, бірақ ең маңыздысы – әрекет етуге деген ниет пен ерік.

Жалғасы бар.

 

Мұхтар Рамазанов

Орталық Азия мен Моңғолия

фармацевтика нарығының сарапшысы. 

 

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading