EC[ON]OMY

Өзбекстандағы автокөлік нарығының өсімі: негізгі факторлар

Өзбекстандағы автокөлік нарығы соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетуде. Бұл — елдегі экономикалық көрсеткіштердің жақсаруы, жергілікті өндірістің дамуы және халық тарапынан сұраныстың артуымен байланысты.

2024 жылдың 1 қаңтарына қарай жеке тұлғалардың меншігінде 4 миллионнан астам көлік тіркелген, оның ішінде 3,8 миллионы — жеңіл автокөліктер. 2023 жыл — жаңа көліктер сатылымы бойынша рекордтық көрсеткішке жетті: 456,3 мың авто сатылып, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 33%-ға көп. Оның 380 мыңнан астамы (84%) Өзбекстанда өндірілген. Бұл — UzAuto компаниясының нарықтағы үстем жағдайын көрсетеді.

Импорт көлемі де артып келеді: 2022 жылғы 30 мыңнан 2024 жылы 74,5 мыңға дейін. Дилерлік желінің дамуы мен автонесиелеудің қолжетімділігі (берілген несиелер көлемі 87%-ға өсіп, $3,1 млрд-қа жетті) тұтынушылар сұранысын, әсіресе жеке тұлғалар тарапынан (барлық көлік санының 90%-ы), күшейтуде.

Алайда, оң үрдістерге қарамастан, нарық құрылымы әлі де теңгерімсіз. Бір өндірушінің басымдығы, шетелдік брендтерге шектеулі қолжетімділік, жоғары салықтар мен экологиялық және жанармайға қатысты қиындықтар толыққанды бәсекелі ортаның дамуына кедергі келтіруде.

Саладағы негізгі проблемалар

1.⁠ ⁠Автокөлік импортына қатысты жоғары салықтық және кедендік тосқауылдар:

  • ⁠ ⁠Кедендік баж: автокөлік құнының 20%-на дейін + қозғалтқыштың әр см³ үшін $3.
  • ⁠ ⁠Утилизациялық алым: 3,5 литрден жоғары қозғалтқыштары бар көліктерге $13 900-ге дейін.
  • ⁠ ⁠ҚҚС: жалпы құннан 12% (тасымалдау мен утилизацияны қоса есептегенде).

Бұл саясат жергілікті өндірісті қорғауға бағытталғанымен, нарықтағы шынайы бәсекені шектеп, тұтынушылардың таңдау мүмкіндігін азайтады. Бұл әсіресе премиум сегментте байқалады — Mercedes, BMW, Porsche секілді бірнеше ғана ресми дилер бар, ал басқа шетелдік брендтер нарыққа кіру кезінде шығындардың көптігінен қиындық көреді.

2.⁠ ⁠Сертификация жүйесінің өткізу қабілетінің төмендігі:

2024 жылдың қарашасынан бастап автокөліктерді міндетті сертификаттау ережелері енгізілді. Бірақ бұл процесті жүргізетін жалғыз зертхана — Пскент қаласында орналасқан, жылына тек 18 мың көлікке қызмет көрсете алады. Ал 2024 жылы 74,5 мың көлік импортталған. Бұл — ұзақ күту, тасымалдау мен сақтау шығындарының артуы және тестілеу құнының ($703-қа дейін) жоғары болуы есебінен көлік бағасының қымбаттауына әкеледі.

3.⁠ ⁠Экологиялық талаптардың күшеюі:

2024 жылдан бастап «Экологиялық көлік» бағдарламасы кезең-кезеңімен енгізілуде. Бағдарлама көліктердің экологиялық класына қарай елге кіруін реттейді. Бұл тұрақты даму қағидаттарына сай болғанымен, төмен экостандарттағы арзан көліктерге сұраныс білдіретін халық үшін тосқауыл болуы мүмкін.

4.⁠ ⁠Ұлттық өндірушімен күшейген бәсеке:

UzAuto жақын арада премиум сегментке шығуды көздеп отыр — Chevrolet Tahoe және Equinox модельдерін импорттауда. Компанияның кеңейтілген дилерлік желісі мен мемлекеттік қолдауы — айтарлықтай артықшылық. Ал шетелдік брендтер болса, жоғары салық пен сертификаттауға байланысты кедергілерге тап болады.

5.⁠ ⁠Жанармай сапасының төмендігі:

Өзбекстандағы көліктердің 80%-дан астамы АИ-80 бензинін пайдаланады. Бұл жанармайдың сапасы жиі сынға алынады. 2023 жылы 9 млн литрге жуық жасанды жанармай анықталған. АИ-95 және еуропалық стандарттағы дизельдің тапшылығы — заманауи және премиум автокөліктерді, сонымен қатар электромобильдерді пайдалануда үлкен қиындық тудырады.

Жаңа трендтер мен мүмкіндіктер

1.⁠ ⁠Электромобильдер мен BYD феномені:

2024 жылы электромобильдер импортының үлесі 7%-ға жетті. Бұл — кедендік және акциздік жеңілдіктердің, сондай-ақ BYD сияқты брендтердің сәтті ілгерілеуінің нәтижесі. BYD компаниясы исламдық қаржыландыру мен alifshop.uzмаркетплейсіндегі онлайн-сатылымдарды ұтымды пайдаланып, электромобильдерді халық үшін қолжетімді етті.

2.⁠ ⁠Автонесиелеудің артуы:

Несиенің қолжетімділігі — нарықтың негізгі драйверіне айналуда. 2023 жылы автонесиелер көлемі $3,1 млрд-ты құрап, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өсті.

Автонарықты орнықты дамытуға арналған ұсыныстар

Мемлекеттік органдарға:

1.⁠ ⁠Жоғары экологиялық стандарттарға сай көліктерге кедендік баж бен утильалым мөлшерлемелерін қайта қарау — бұл бәсекелестік ортаны жақсартып, халық үшін қолжетімділікті арттырады;

2.⁠ ⁠Сертификаттау инфрақұрылымын аймақтарда дамыту — жаңа зертханалар ашу;

3.⁠ ⁠Жанармай сапасын жақсарту үшін мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жобаларын қолдау;

4.⁠ ⁠«Экологиялық көлік» бағдарламасын жүзеге асыруда әлеуметтік осал топтардың мүддесін ескеріп, электромобильдерге субсидия немесе баламалы көлікке өтемақы ұсыну.

Дилерлер мен халықаралық өндірушілерге:

1.⁠ ⁠Онлайн сату мен исламдық қаржыландыруды біріктіру — BYD + alifshop моделі жақсы нәтиже көрсетті, бұл тәсілді басқа брендтерге де қолдануға болады;

2.⁠ ⁠Электромобильдер мен гибридтерге арналған инфрақұрылымды дамыту;

3.⁠ ⁠Логистикалық хабтар мен мультибрендті техникалық қызмет көрсету орталықтарын құру — бұл техникалық қызмет көрсету шығындарын төмендетеді.

 
Ерлан Каримов, тәуелсіз сарапшы, арнайы  үшін www.economyKZ.org

Scroll to Top