EC[ON]OMY

Өнімділік және сала жоғалту: факторлық саясаттың рөлі

Қазақстанда салалардың әлсіреуін көбіне өнімділіктің төмендігімен және технологиялық артта қалумен түсіндіреді. Бірақ жаһандық тәжірибе басқа нәрсені көрсетеді. Көп жағдайда салалар технология үшін емес, капитал мен еңбек құрылымы өзгергені үшін кетеді. Орта табысты елдерде дәл осы факторлар өндірістің сақталуын немесе жоғалуын анықтайды. Бұл соңғы онжылдықтардағы негізгі үрдіс. Және ол Қазақстанға тікелей қатысты.

Негізгі факт қарапайым. Әлемдік экономикада салалар көбіне инновация жетіспегендіктен емес, капитал мен білікті еңбектің қайта бөлінуі салдарынан жоғалады. Осыны елемеген елдерде өнеркәсіп тіпті өнімділік тұрақты болғанның өзінде қысқарады.

Қазақстандағы экономикалық пікірталастарда «өнімділік» сөзі әмбебап түсіндірмеге айналды. Егер сала қысқарса – бәсекеге қабілетсіз дейді. Зауыт жабылса – технология ескірді дейді. Импорт өссе – ішкі өндіріс әлсіз дейді.

Бұл түсінік ыңғайлы. Қарапайым. Бірақ көбіне дұрыс емес.

Қазіргі экономикада өнімділік тек технология емес. Ол – капиталдың құны, еңбектің құрылымы және олардың үйлесімінің нәтижесі. Факторлар өзгерсе, өнімділік те өзгереді. Тіпті технология өзгермесе де.

Көптеген орта табысты елдерде өнімділіктің өсуі немесе төмендеуі инновациядан емес, капиталдың және білікті еңбектің өзгеруінен болады. Технология екінші орында.

Өнеркәсіпте үш негізгі фактор бар:

•  капитал,

•  білікті еңбек,

•  біліксіз еңбек.

Технология – бөлек фактор емес. Ол осы үшеуінің өзара әсерінен пайда болады.

Егер капитал қымбаттаса немесе қолжетімсіз болса, технологиясы жақсы сала да әлсірейді. Егер білікті еңбек үлесі өссе, сала өнімділік төмендесе де сақталуы мүмкін. Ал біліксіз еңбек тез ығыстырылса, капитал аз салалар бірінші жоғалады.

Соңғы онжылдықтардағы жаһандық өзгерістер осыны дәлелдейді. Көшбасшылардың ауысуы көбіне технологиядан емес, факторлар құрылымынан болған.

Орта табысты елдер ең қауіпті аймақта тұр. Олар енді арзан еңбекпен бәсекелесе алмайды. Бірақ технологиялық көшбасшы да емес. Мұндай елдердің тағдырын капитал шешеді.

Егер капитал дамыған елдерге қарағанда тез өспесе, салалар кетеді. Технология өзгермесе де. Өнімділік күрт құламаса да.

Сондықтан көптеген орта табысты елдер өнеркәсіпті жоғалтады. Олар технология үшін күреседі, бірақ факторлық негізді жіберіп алады.

Қазақстанға сыртқы ұрандарды алып тастап қарасақ, ол – факторлық теңгерімі бұзылған орта табысты экономика.

Капитал аз ғана салаларда шоғырланған. Көбіне шикізатта. Өңдеуші өнеркәсіпте капитал баяу өседі. Ұзақ мерзімді қаржыға қолжетімділік шектеулі. Капитал қымбат. Бұл тікелей шығындарға әсер етеді.

Білікті еңбек өсіп келеді. Бірақ ол өндірісте бекімей жатыр. Саудаға, қызмет көрсетуге, қаржы секторына кетеді. Бұл адамдардың емес, ынталандыру жүйесінің мәселесі.

Біліксіз еңбек қысқарып жатыр. Бірақ оны технология алмастырып жатқан жоқ. Оны қажет ететін салалар капиталсыз қалып жатыр.

Нәтиже түсінікті. Салалар өнімділік үшін емес, факторлық қолдаудың жоқтығынан кетіп жатыр.

Өнімділікті тиімділіктің көрсеткіші деп қабылдайды. Бірақ ол көбіне құрылымның көрсеткіші.

Егер капитал құны шығарылымнан жылдам өссе, өнімділік төмендейді. Егер жалақы инвестициядан жылдам өссе, өнімділік төмендейді. Егер еңбек құрылымы өзгерсе, өнімділік те өзгереді.

Сондықтан факторларды ескермей елдерді өнімділік арқылы салыстыру – қате. Әсіресе өнеркәсіпте.

Салалар бір күнде жоғалмайды.

Алдымен капитал қымбаттайды. Инвестиция азаяды. Жабдық жаңаруын тоқтатады. Кейін аралық тауарлар импорты өседі. Сосын өндіріс төмендейді. Тек соңында ғана статистикада өнімділік құлдырауы көрінеді.

Осы кезде технология туралы айта бастайды. Бірақ ол кезде сала факторлық негізінен айырылып қойған болады.

Әлемдік деректер бір нәрсені дәлелдейді. Егер:

•  капитал үлесі баяу азайса,

•  білікті еңбек тез өссе,

салалар сақталады. Өнімділік әлсіз болса да.

Ал капитал тез кетсе, салалар жоғалады. Технология өзгермесе де.

Бұл жеңіл өнеркәсіпке де, ауыр өнеркәсіпке де қатысты.

Инновация маңызды. Бірақ ол факторлық саясатты алмастыра алмайды.

Капиталсыз инновация масштабталмайды. Білікті еңбек бекімесе, салаға айналмайды. Дұрыс ынталандыру болмаса, қызмет көрсетуге кетеді.

Сондықтан инновацияға ғана сенген елдерде өнеркәсіп бәрібір қысқарған.

Экономикалық саясатқа сигнал

Бірінші қорытынды айқын. Салалардың кетуін тек технологиямен түсіндіруге болмайды. Бұл – қате диагноз.

Екінші қорытынды күрделі. Саясат нәтиже емес, себеппен жұмыс істеуі керек. Себеп – факторлар құрылымы.

Бұл дегеніміз:

•  өнеркәсіпке капиталдың қолжетімділігі,

•  еңбекті бөлу логикасы,

•  капитал құнын төмендету.

Бұларсыз жаңғырту бағдарламалары уақытша ғана әсер береді.

Маңызды тағы бір жайт бар. Факторлық себеппен кеткен салалар өздігінен сирек қайтады. Технология қолжетімді болса да. Сұраныс өссе де. Мемлекет қолдаса да. Себебі капитал мен еңбек басқа бағытқа бейімделіп үлгереді.

Қазақстан салаларды нашар өндіргені үшін емес, технологиясы әлсіз болғаны үшін емес жоғалтып жатыр. Салалар өндіріс факторларының құрылымы экономикалық саясаттан жылдам өзгеріп кеткені үшін кетіп жатыр. Капитал мен білікті еңбек өзіне тиімді жерге ауысады. Өнеркәсіп тірексіз қалады.

Бұл бірегей жағдай емес. Бірақ оны шешу үшін дұрыс диагноз керек. Онсыз өнімділік жайлы әңгіме себеп емес, тек сылтау болып қала береді.

Ален Серік,  порталының сарапшысы  EconomyKZ.org

Scroll to Top