EC[ON]OMY

Халық қатысатын бюджет: Қазақстанда азаматтардың рөлі

24 сәуірге дейін қазақстандықтар келесі жылы бюджет есебінен жүзеге асырылатын жобаларға дауыс бере алады. Әңгіме бюджет қаражатының бір бөлігін бөлуге азаматтарды тартуға бағытталған халық қатысатын бюджет механизмі туралы болып отыр.

Көп жағдайда бюджет күрделі, арнайы білімді қажет ететін сала ретінде қабылданады. Бірақ қазіргі жағдайда ашықтық, есеп беру және азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы барған сайын маңызды бола түсуде.

Осы тұрғыдан алғанда, халық қатысатын бюджет бюджет саясатының ашықтығын арттырудағы негізгі құралдардың бірі болып саналады. Қатысуға негізделген бюджет алғаш рет 1980-жылдардың соңында Бразилияның Порту-Алегри қаласында іске қосылған. Бүгінде ол 50-ден астам елде қолданылады.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық ұйымдар бұл механизмді азаматтардың қатысуының тиімді үлгілерінің бірі ретінде қарастырады. Қазақстанда да бұл жүйе енгізілген және жергілікті бюджет қаражатының бір бөлігін бөлуге тұрғындардың қатысуын көздейді.

Осы механизм аясында көгалдандыру, аумақты абаттандыру, жарықтандыру, балалар және спорт алаңдарын орнату сияқты жобалар іске асырылады (барлығы 9 бағыт). Халық қатысатын бюджет үш деңгейде жүзеге асады: республикалық маңызы бар қалалар мен астанада, облыстық маңызы бар қалаларда, сондай-ақ халқы 10 мыңнан асатын аудандық маңызы бар қалаларда. Ірі қалаларда жобалар аудан деңгейінде іске асырылады.

Бір жобаның шекті құны қала деңгейіне байланысты:

  • ⁠ ⁠республикалық маңызы бар қала мен астананың ауданында 75 000 айлық есептік көрсеткіш (324,4 млн теңге);
  • ⁠ ⁠облыстық маңызы бар қалада немесе осындай қала аудандарында 15 000 айлық есептік көрсеткіш (64,8 млн теңге);
  • ⁠ ⁠аудандық маңызы бар қалада 1500 айлық есептік көрсеткіш (6,4 млн теңге).

Сонымен бірге, халық қатысатын бюджет жалпы көлемі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағдарламасының жылдық бюджетінің 10 пайызымен шектеледі. Әлемдік тәжірибе бұл механизмді бұдан да кең қолдануға болатынын көрсетеді. Мысалы, Порту-Алегриде оған қалалық бюджеттің 20 пайызына дейін бағытталады, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде орта есеппен 2-3 пайыз бөлінеді.

Ашық деректерді талдау Қазақстанда бұл механизм ең белсенді түрде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында іске асырылып жатқанын көрсетеді. Мысалы, елордада алты аудан бойынша 424 өтінім беріліп, оның 268-і дауыс беруге жіберілген (2025 жылдың қорытындысы).

Ал кейбір өңірлерде ақпараттың қолжетімділігі мәселесі бар.

Әртүрлі деңгейдегі әкімдіктердің 71 сайтына жүргізілген мониторинг кей бөлімдердің жұмыс істемейтінін немесе пайдалануға қиын екенін көрсетті, бұл халықтың хабардар болуына кедергі жасайды.

Кей жағдайларда беттер жаңартылмайды немесе мүлде ашылмайды. Тағы бір мәселе — халық қатысатын бюджет кейде әкімдіктердің өздері жоспарлаған жобаларды іске асыру құралына айналып кетеді. Мысалы, ірі қоғамдық аумақтарды абаттандыру немесе жағалауларды көгалдандыру сияқты жобалар.

Бұл тұрғындардың нақты қатысу деңгейін төмендетіп, бастамалардың азаюына әкеледі. Өтінімдерді талдау көрсеткендей, тұрғындардың бастамалары көбіне өздері тұратын аумақтың шағын мәселелерін шешуге бағытталған.

Осылайша, халық қатысатын бюджетте негізгі кедергілер мыналар:

  • ⁠ ⁠механизм туралы ақпараттың жеткіліксіздігі және түсіндірудің әлсіздігі;
  • ⁠ ⁠дауыс беру кезіндегі техникалық қиындықтар, әсіресе ересек адамдар үшін (оның ішінде электронды цифрлық қолтаңбаны қолдану);
  • ⁠ ⁠бюджет рәсімдерін түсінудегі және жобалық өтінім дайындаудағы қиындықтар.

Жалпы алғанда, Қазақстанда халық қатысатын бюджет жұмыс істеп тұр, бірақ оның әлеуеті әзірге толық ашылмаған. Бұл көбіне формалды тәсілмен және азаматтардың, әсіресе аудан деңгейінде, белсенділігінің төмен болуымен байланысты.

Ақпараттандыруды күшейту, қатысу тәртібін қарапайым тілмен түсіндіру және төменнен келетін бастамаларды қолдау бұл механизмнің тиімділігін арттыра алады. Халықтық дауыс беру нәтижелері 24 сәуірден кейін жарияланады.

Жобаларға дауыс беруді электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы арқылы, «Қызметтер» бөліміндегі «Халық қатысатын бюджет» сервисі арқылы да жасауға болады. Ең көп дауыс жинаған жобалар келесі жылы әкімдіктер тарапынан жүзеге асырылады.

Нуркеева Алтынай, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, www.economyKZ.org үшін арнайы

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading