EC[ON]OMY

Қазақстанның көлеңкелі экономиканы бақылаудағы жетістіктері

Қазақстандағы бақыланбайтын экономиканың үлесі екінші жыл қатарынан ЖІӨ-нің алтыдан бір бөлігінен төмен деңгейде қалып отыр. Ұлттық статистика бюросының нақтыланған деректеріне сәйкес, 2025 жылы бұл көрсеткіш 15,69% болды. Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылы оның үлесі 19,75% еді. ЖІӨ көлемі 159,6 трлн теңгеге жеткен жағдайда, былтыр ресми статистика қамтымаған экономикалық белсенділіктің көлемі шамамен 25 трлн теңгені құрады. Бұл — елдегі тұтас бір ірі өнеркәсіп саласының көлемімен шамалас көрсеткіш. Оның ішінде заңсыз қызметтің үлесі небәрі ЖІӨ-нің 1,07%-ын ғана құрайды. Демек, көлеңкелі экономиканың негізгі бөлігі қылмыстық әрекеттер емес, ресми есепке толық енбеген, бірақ заң аясында жүзеге асатын шаруашылық қызмет.

Негізгі назар аударатын жайт — бір жылдың нәтижесі емес, төрт жыл бойы үздіксіз сақталған төмендеу үрдісі. Көрсеткіш 2021 жылғы 19,75%-дан, 2022 жылы 18,78%-ға, 2023 жылы 17,58%-ға, 2024 жылы 16,71%-ға, ал 2025 жылы 15,69%-ға дейін бірізді төмендеді. Әдетте көлеңкелі экономика көлемі теңге бағамының өзгеруі, шикізат бағасының құбылуы немесе бақылау шараларының күшеюіне қарай ауытқып отырады. Сондықтан мұндай тұрақты динамика — өз алдына ерекше назар аударуға тұрарлық құбылыс.

Көрсеткіштің құрылымына қарасақ, мұнда екі түрлі үдеріс байқалады. Тауар өндірудегі көлеңкелі экономиканың үлесі 2021 жылғы ЖІӨ-нің 6,26%-ынан 2025 жылы 4,64%-ға дейін азайды. Дегенмен бұл бағыттағы қозғалыс біркелкі болған жоқ: 2022 жылы көрсеткіш күтпеген жерден 7,01%-ға дейін өсіп, кейін қайта төмендеп, 2023 жылы 5,35%-ды құрады да, одан әрі қысқаруын жалғастырды. Ал қызмет көрсету секторында төмендеу әлдеқайда тұрақты болды: көрсеткіш 2021 жылғы 13,49%-дан 2025 жылы 11,05%-ғадейін бірде-бір жыл өсімсіз азайды. Бұл қызмет көрсету саласының біртіндеп әрі болжамды түрде заңдастырылып жатқанын, ал тауар секторындағы статистикаға 2022 жылы қандай да бір біржолғы фактор әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді.

Сонымен қатар көлеңкелі экономиканың қысқаруы жалпы экономиканың баяулауынан болып отырған жоқ. Керісінше, 2025 жылы Қазақстан экономикасы нақты мәнде 6,5%-ға өсіп, ЖІӨ көлемі 159,6 трлн теңгеге, немесе орташа жылдық бағам бойынша 306 млрд АҚШ долларына жетті. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 006,4 долларды құрады. Бұл ресми экономиканың көлеңкелі секторға қарағанда жылдамырақ өсіп жатқанын білдіреді. Әйтпесе мұндай жағдайда көлеңкелі экономиканың ЖІӨ-дегі үлесі төмендемес еді.

Көлеңкелі экономиканы тауар өндірісі мен қызмет көрсету болып бөлу жалпы ЖІӨ құрылымымен де сәйкес келеді. Елдің жалпы шығарылымында қызмет көрсету секторының үлесі 58%, ал тауар өндірісінің үлесі 36,2%. Яғни қызмет көрсету саласы Қазақстан экономикасының ең ірі бөлігі ғана емес, абсолют көрсеткіш бойынша көлеңкелі экономиканың да негізгі көзі болып қала береді. Соған қарамастан, оның көлеңкелі үлесі соңғы жылдары салыстырмалы түрде жылдамырақ қысқарып келеді.

Көлеңкелі экономиканың төрт жыл қатарынан азаюы тағы бір себеппен маңызды. Бұл үрдіс экономиканың негізгі салаларының қарқынды өсуімен қатар жүріп отыр. 2025 жылы өнеркәсіп 7,7%-ға, көтерме және бөлшек сауда 8,1%-ға, көлік және қоймалау 19,4%-ға, құрылыс 17,5%-ға өсті. Әдетте құрылыс пен сауда сияқты бейресми есеп айырысу тәуекелі жоғары саналатын салалардың жедел өсуі көлеңкелі экономиканың кем дегенде тұрақтануына алып келеді. Ал Қазақстанда соңғы төрт жылда екі үрдіс қатар байқалып отыр: экономиканың өзі де өсуде, сонымен бірге көлеңкелі сектордың үлесі де азаюда. Бұл бір жылдық статистикалық сәйкестікке қарағанда, экономикалық қызметті есепке алу мен заңдастырудағы құрылымдық өзгерістердің жүріп жатқанын көбірек аңғартады.

Лина Егель қызы, EconomyKZ.org порталының сарапшысы

Прокрутить вверх

Больше на EC[ON]OMY

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше