EC[ON]OMY

Ел өнеркәсібінің болашағы неге өңірлерден басталады

Қазақстанның өнеркәсібі туралы сөз болғанда, әдетте ірі зауыттар, шикізат саласы мен ауқымды инвестициялық жобалар айтылады. Бірақ меніңше, нағыз өнеркәсіп өңірлерде басталады. Өндірісті нөлден құрып, маман даярлап, күн сайын бір-бірімен ғана емес, әлемдік компаниялармен де бәсекеге түсіп жүрген кәсіпкерлер дәл осы жерде еңбек етеді.

Мұны мен есептерден емес, өз тәжірибемнен білемін. Біз командамызбен Ақмола облысының Бурабай ауданында он бес жылдан астам уақыттан бері өндіріс саласында жұмыс істеп келеміз. Asiafilter компаниясы кезінде небәрі 1000 доллар капиталмен және төрт қызметкермен құрылған еді. Бүгінде онда 40 адам еңбек етеді, жылына 500 мың дана өнім шығарылады. Мұндай көлемді бұл өңір бұрын-соңды көрмеген. COVID-19 пандемиясы кезінде шекаралар жабылып, ірі компаниялар үйреншікті импорттық жеткізушілерінен айырылғанда сүзгілерді бізден сұрай бастады. Сол кезде өңірдегі өндіріс әлеуеті астаналардағы ірі кәсіпорындардан кем емес екеніне анық көзім жетті.

Сондықтан бүгінде елдің өнеркәсіп саясатында болып жатқан өзгерістерді ерекше бағалаймын. Өңірде өндіріс ашудың қаншалықты қиын екенін жақсы білемін әрі жаңа буын кәсіпкерлері үшін мүмкіндіктердің көбейіп келе жатқанын көріп отырмын.

Қазақстан маңызды кезеңнен өтіп жатыр. Жаңа Конституция әділетті мемлекет пен жаңа экономикалық модель құруға бағытталған реформалардың негізіне айналды. Өнеркәсіп үшін бұл шикізаттық экономикадан жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға, технологияларды дамытуға және экономикалық егемендікті нығайтуға көшу деген сөз.

Алғашқы нәтижелер қазірдің өзінде байқалады. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта өңдеу өнеркәсібі 9,8%-ға өсті. Соңғы бес жылда өңдеу салаларының орташа жылдық өсімі 11,2%, ал өткен жылы 12,1% болды. Жоғары технологиялық өндірістердің үлесі 20,7%-дан 27,6%-ғадейін ұлғайды. Демек, таңдалған бағыт дұрыс. Ендігі мәселе — осы үрдісті қайтымсыз ету.

Бұл мақалада мен өндіріс саласының өкілі ретінде келесі қадамға жеткізетін шешімдер туралы өз көзқарасымды бөлісемін. Оның негізінде жеке тәжірибе, халықаралық практика және саланың ішкі тетіктерін жақсы білу жатыр.

Біріншіден. Өңірлік өндірушілерді қолдаудың кешенді бағдарламасы қажет. Дәл өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылады, салық базасы кеңейеді, шағын және орта өнеркәсіп дамиды. Мұны халықаралық тәжірибе де дәлелдейді. Германиядағы Mittelstand жүйесі, яғни ірі қалалардан тыс орналасқан отбасылық және орта өндіріс кәсіпорындары елдің жалпы ішкі өнімінің жартысына жуығын қалыптастырып, еңбекке қабілетті халықтың 58%-ын жұмыспен қамтып отыр. Германияны өнеркәсіптік державаға айналдырған тек Siemens немесе BASF секілді алпауыттар емес, біздің кәсіпорынға ұқсас мыңдаған өңірлік зауыттар.

Екіншіден. Мемлекеттік сатып алуда отандық өнімнің нақты басымдығын заң жүзінде бекіту қажет. Мемлекеттік тапсырыс қазақстандық кәсіпорындарға жұмыс істеуі тиіс, жай ғана формалды талап болып қалмауы керек. АҚШ-та Buy American саясаты жүз жылға жуық уақыттан бері қолданылып келеді әрі талаптары жыл сайын күшейіп келеді. 2025 жылдан бастап федералдық сатып алуларға арналған тауарларда америкалық құрамның үлесі кемінде 65% болуы тиіс, ал 2029 жылы бұл көрсеткіш 75%-ға дейін өседі. Басқа елдер жергілікті қамту талаптарын күшейтіп жатқанда, біз бұл тетіктің әлсіреуіне жол бере алмаймыз.

Өкінішке қарай, ол бүгін әр деңгейде іркіліп тұр. Биыл ұлттық алып қоюлар тізімі тек мамыр айында ғана бекітілді. Соның салдарынан отандық өндірушілер жарты жылға жуық мемлекеттік сатып алуға толық қатыса алмады. Бірақ мәселе мерзімде ғана емес. Заң сатып алушыны нақты ЭТТН коды бойынша отандық өндірушіге басымдық беруге міндеттейді, алайда мемлекеттік кәсіпорынды тендерді дәл сол кодпен жариялауға міндеттемейді.

Біздің зауыт үшін мұның салдары нақты сезіледі. Өз бағалауымыз бойынша, осы олқылықтың кесірінен жыл сайын 100-140 мың сүзгіні өндірмей қаламыз. Бұл өнімдерді қазақстандық кәсіпорындарға жеткізуге болатын еді. Тапсырыс берушілер де бар, өнім де сәйкес келеді, бірақ өтінім бізге жетпейді. Осындай олқылықтар отандық өндірушіні қолдау туралы заңның мәнін жояды. Мұнда статистикадағы пайыздар емес, нақты зауыттар мен нақты жұмыс орындары жоғалады.

Үшіншіден. Жеңілдетілген қаржыландыру мен өнеркәсіптік лизинг құралдарын едәуір кеңейту қажет. Заманауи жабдық, автоматтандыру және роботтандыру бүгінде таңдау емес, нарықта өмір сүрудің шартына айналды. Оңтүстік Корея аграрлық елден өнеркәсіптік державаға айналу жолында ондаған жыл бойы даму институттары арқылы басым салаларға ұзақ мерзімді әрі қолжетімді несие беріп отырды. Өсіп келе жатқан өндірістер үшін нарықтық мөлшерлемелер емес, осындай қолдау шешуші рөл атқарды. Қолжетімді қаржыны бірінші алған кәсіпорын экспорт нарығына да бірінші шығады. Мұны біз өз тәжірибемізден көріп отырмыз.

Төртіншіден. Дайын инженерлік инфрақұрылымы бар жаңа индустриялық аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер қажет. Бұл өндірісті іске қосу мерзімін қысқартып, инвесторлардың шығынын азайтады. Ақмола облысында мұның нақты мысалы бар. Мұнда инвестиция көлемі 900 млрд теңгеден асты. AQMOLA индустриялық аймағында жалпы құны 1 трлн теңгеге жуық жобалар портфелі қалыптасқан. 2026 жылы мұнда жылына 400 млн кірпіш шығаратын бес кірпіш зауыты іске қосылады. Нәтижесінде 4500 жаңа жұмыс орны ашылады. Осындай даму нүктелері әр өңірде болуы тиіс.

Бесіншіден. Өнеркәсіпті цифрландыруға ерекше назар аудару қажет. Бұл енді болашақтың емес, бәсекеге қабілеттіліктің мәселесі. Мемлекет басшысының бастамаларының арқасында Қазақстан цифрлық трансформацияның өңірлік орталықтарының біріне айналып келеді. Алайда оның пайдасын әзірге негізінен ірі қалалар көріп отыр. Германия Industrie 4.0 бағдарламасы арқылы өнеркәсіпті цифрландыруда әлемдік көшбасшыға айналды. Эстония X-Road жүйесінің арқасында компанияны небәрі 20 минутта тіркеп, жылдық салық декларациясын екі минутта тапсыруға мүмкіндік берді. Бізге де отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімі, мемлекеттік сатып алу, қолдау шаралары, офтейк-келісімшарттар және бизнеске арналған сервистер бір терезеге біріктірілген бірыңғай цифрлық өнеркәсіп платформасы қажет.

Мемлекет мұндай жүйенің негізгі құралдарын қазірдің өзінде қалыптастырып жатыр. Соңғы бір жылдың ішінде ғана «Самұрық-Қазына» тобының офтейк-келісімшарттарының көлемі он есе өсіп, 191 млрд теңгегежетті. Жалпы келісімшарттар портфелі 1,4 трлн теңгеніқұрады. Бірақ әзірге әр құрал өз бетінше жұмыс істейді. Бірыңғай тізілімді Өнеркәсіп министрлігі жүргізеді, офтейк-келісімшарттарды «Самұрық-Қазына»үйлестіреді, ал жергілікті қамтуға Энергетика министрлігі жауап береді.

Біз мұны өз зауытымыздың жұмысынан күн сайын байқап отырмыз. Барлық қолжетімді алаңдардағы сатып алуларға қатысамыз және отандық өндірушіге берілетін басымдық барлық жерде бірдей сақталмайтынын көреміз. Кейде тапсырыс берушіге заң талаптарын қайта түсіндіруге, кейде импортты алмастыру мәселесін нөлден бастап талқылауға тура келеді. Егер бұл жүйе екі тарапқа да басынан-ақ түсінікті әрі бірыңғай болғанда, біз ең алдымен уақыт ұтар едік. Ал уақыт — ақша. Сондықтан өндірушілерге бірыңғай үйлестіру және цифрлық мониторинг жүйесі қажет. Сонда барлық тетік үш бөлек жүйе емес, біртұтас экожүйе ретінде жұмыс істейді.

Біздің стратегиялық міндетіміз — шикізат экспортынан жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге көшу. Бұл құбыр және кабель өнімдері, алюминий мен мыстан жасалған бұйымдар, машина жасауға арналған компоненттер, мұнай-газ саласына арналған жабдықтар болуы тиіс. Осындай өндірістер жоғары жалақылы жұмыс орындарын ашады, өңірлерді дамытады және Қазақстан экономикасын әлдеқайда орнықты етеді.

Шикізат бюджетке бір рет табыс әкеледі. Ал өңдеу өнеркәсібі өңірдің экономикасын жыл сайын алға сүйрейді.

Индира Нұрлан, Өнеркәсіп саласы мен импортты алмастыру жөніндегі сарапшы, кәсіпкер, арнайы  үшін www.economyKZ.org

Scroll to Top