Қазақстанның фармацевтика нарығы өсіп жатыр, бірақ бір мәселе әлі де шешілмеген — импортқа тәуелділік. Дәрі-дәрмекке жұмсалатын шығындар көбейгенімен, ішкі өндіріс елдің сұранысын толық жаба алмай отыр.
Нарық өндірістен жылдамырақ өсуде: Proxima (MAT, 2025 жылғы тамыз) деректері бойынша:
- Барлық санаттар — 928 млрд теңге (+11% ж/ж), 753 млн қаптама (–5%).
- Тек дәрілік заттар — 708,5 млрд теңге (+10%), 464 млн қаптама (–9%).
Нарық қымбаттап, қаптама саны азаюы — халықтың біртіндеп арзан дәрілерден қымбат және заманауи препараттарға ауысқанын көрсетеді. Яғни тұтыну «көлденең» емес, «терең» өсіп жатыр — дамушы фармрыноктар үшін бұл қалыпты үрдіс. Бірақ мұндай динамика сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті өздігінен күшейтеді.
Өндірісте не болып жатыр: Бюро ұлттық статистикасы мәліметінше, 2014–2024 жылдары Қазақстанның фармацевтика өндірісі 38 млрд теңгеден 175,8 млрд теңгеге дейін өсті (4,6 есе).
2020–2021 жылдары пандемияға байланысты сұраныс күрт артқандықтан, өндіріс +118% өсті, кейін қайта қалыпқа келді.
Нарық пен өндірістің өлшемі мүлде сәйкес емес: IQVIA деректеріне сәйкес, Қазақстан фармрыногының көлемі MAT’8’24 кезеңінде 1,118 трлн теңгеге жетті. Бұл — 2024 жылы ел ішінде өндірілген көлемнен (175,8 млрд теңге) 6,3 есе көп.
Тіпті дистрибуция, наценка, мемлекеттік сатып алуды есептен шығарып тастасақ та — ішкі өндіріс қажеттіліктің шағын бөлігін ғана жабады.
Қазақстан қандай өнімдерді импорттайды? Тәуелділік құрылымын түсіну үшін ТН ВЭД коды жеткілікті. Фармацевтикалық өнімдердің барлығы «30-топқа» жатады:
- 3001 — биоматериалдар және органотерапия
- 3002 — сарысулар, қан, вакциналар, иммунопрепараттар
- 3003 — дозаланбаған дәрілер (шикізат)
- 3004 — дайын дозаланған препараттар
- 3005 — таңғыш материалдар
- 3006 — арнайы фармөнімдер
Импорт құрылымының негізгі бөлігін құрайтындар:
- 73% — дайын дозаланған дәрілер,
- 23% — вакциналар мен иммунпрепараттар.
Қалған санаттар әлдеқайда аз: бір бөлігі Қазақстанда өндіріледі, бір бөлігіне сұраныс төмен.
Қазақстанда халық дәріні көбірек тұтынып жатыр, мемлекет дәрімен қамтамасыз ету бағдарламаларын кеңейтуде (оның ішінде – МӘМС). Сұраныс тұрақты және өсіп келеді. Бірақ негізгі сұрақ ашық күйінде қалып отыр: дәрінің өзін қайдан аламыз?
Ел әлі де:
- субстанцияларды,
- вакциналар мен иммундық препараттарды,
- дайын дәрілердің басым бөлігін импортқа сүйеніп алады.
Бұл ішкі нарықты мына қауіптерге осал етеді:
- валюта бағамының өзгеруі,
- логистикалық бұзылулар,
- әлемдік шикізат тапшылығы.
Сондықтан өндіріс өссе де, тепе-теңдік өзгермейді: зауыттар ашылып жатыр, бірақ R&D, субстанциялар, биотехнология және тұрақты инвестиция талап ететін сегменттерді тез арада игеру қиын.
Бұл ел үшін нені білдіреді?
- Дәріге сұраныс әрі қарай да өседі — демография, МӘМС, созылмалы аурулар динамикасы соған бағытталып отыр.
- Бірақ негізгі дәрілер әлі де шетелден келеді.
- Бұл елдің фармқауіпсіздігіне нақты тәуекелдер тудырады.
Мәселені шешу үшін бүкіл тізбек бойынша жүйелі жұмыс қажет:
- НИОКР,
- субстанция өндірісін локализациялау,
- реттеу,
- инвестиция,
- өндірістік база,
- мемлекеттік сатып алудың болжамды саясаты.
Бұл тек жаңа зауыт салу емес. Бұл — толыққанды фармацевтикалық экожүйе қалыптастыру. Осындай тәсіл ғана ішкі нарықты біртіндеп нығайтып, саланың сыртқы факторларға сезімталдығын азайтады.
Томирис Темірғалина, «ФармМедИндустрия Казахстана» қауымдастығы, арнайы www.economyKZ.org үшін


