EC[ON]OMY

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қалай қалыптасады?

Көптеген азаматтарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасы қалай қалыптасатыны, әр кезеңдегі үстеме пайда (маржа) үлесі қандай екені қызық. Бұл ақпаратты ресми статистикалық мәліметтерден көруге болады:

  • ⁠ ⁠өндіруші кәсіпорындардың бағасы;
  • ⁠ ⁠көтерме сауда бағасы;
  • ⁠ ⁠бөлшек сауда (тұтынушы) бағасы.

Алайда, әр кезеңде (уақыт пен мөлшер жағынан) бағаның құбылуы әртүрлі болғандықтан, бір жыл ішіндегі орташа бағаны пайдалану нақты көріністі бұрмалауы мүмкін. Сондықтан біз соңғы үш жылдың (2022–2024 жж.) желтоқсан айларындағы нақты айлық көрсеткіштерді алып, баға тізбегін құрып көрейік.

Бұл мәліметтерден көретініміз – ең үлкен үстеме пайда, яғни маржа көбінесе көтерме саудада жиналады.

Бағаны тек соңғы сатуда (дүкендегі) реттеудің орнына, тұтас баға тізбегін зерттеу қажет. Яғни, өндірушіден бастап, көтерме және бөлшек саудаға дейінгі барлық деңгейде маржаның қай жерде шамадан тыс өсіп тұрғанын анықтау маңызды.

Азық-түлік қауіпсіздігі екі компонентке байланысты:

  • ⁠ ⁠Физикалық қолжетімділік (дүкендерде өнімнің болуы және логистика);
  • ⁠ ⁠Экономикалық қолжетімділік (бағаның халыққа сай болуы).

Сонымен қатар, егер белгілі бір өнім тек бір елден импортталса, бұл тәуелділік факторы ретінде қарастырылуы керек.

Ұсыныстар:

1.⁠ ⁠Нарықты талдау:

ӘМАТ нарығын зерттеп, өндірушіден тұтынушыға дейінгі тізбекте маржаның теңгерімсіздігін және бәсекелестік заңнамасының бұзылуын анықтау.

2.⁠ ⁠Импортты азайту:

Қазақстанда жер мен климаттық жағдайға сай өндіруге болатын тауарлардың тізімін жасап, арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдау.

3.⁠ ⁠Импорттық тәуелділікті бақылау:

Тауарлар бойынша импорт үлесін санаттарға бөлу және шұғыл шешім қабылдау тетіктерін НҚА арқылы бекіту:

  • ⁠ ⁠5%-ға дейін – қалыпты үлес;
  • ⁠ ⁠5–20% – тұрақты мониторинг қажет;
  • ⁠ ⁠20–50% – әрекет ету қажет;
  • ⁠ ⁠50% жоғары – диверсификация бойынша шұғыл шаралар қажет.

4.⁠ ⁠Баға саясатын қайта қарау:

Бағаны әкімшілік жолмен реттеудің орнына:

  • ⁠ ⁠өндіріс шығынын төмендетуге көмектесу;
  • ⁠ ⁠логистиканы және сақтау инфрақұрылымын жақсарту;
  • ⁠ ⁠салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар беру арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту.

Бірақ! Мұндай қолдау тек сауда маржасының нақты әрі негізделген шегін белгілеген жағдайда ғана көрсетілуі тиіс.

5.⁠ ⁠Бәсекені күшейту:

Егер мемлекеттік қолдау болмаса, нарықтағы бәсекені арттыру, соның ішінде импорт үлесін арттыру арқылыжүзеге асыру керек. Бұл үшін тарифтік және басқа да құралдарды қолдануға болады.

6.⁠ ⁠Ашықтық:

Әрбір ӘМАТ бойынша маржалық онлайн-мониторинг жүйесін құру қажет. Онда өндірушіден бастап, дүкенге дейінгі «баға жолы» нақты көрсетілуі тиіс.

 
Дәулет Жамбайбеков, тәуелсіз сарапшы, арнайы  үшін www.economyKZ.org

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading