EC[ON]OMY

Өнеркәсіптік брендинг: Қазақстандағы жаңа мүмкіндіктер

Жуырда ғана өнеркәсіптік компанияға сапалы өнім шығару, оны уақытында жеткізу және негізгі клиенттермен жақсы қарым-қатынасты сақтау жеткілікті еді. Бүгінде нарық күрделене түсті: бәсеке күшейіп, жеткізу тізбектері өзгеріп жатыр, ресурстар қымбаттауда, ал тапсырыс берушілер серіктес таңдауға бұрынғыдан да мұқият қарайды. Қазақстан өнеркәсібі дамып келеді, жаңа өндірістер мен технологиялар пайда болуда. Бірақ сонымен бірге бір сұрақ туындайды: бәсекелестерден қалай ерекшеленуге және нарықтың сеніміне қалай ие болуға болады? Біздіңше, дәл осы тұста өнеркәсіптік брендинг «әдемі көрініс» шеңберінен шығып, бизнестің нақты құралына айналады.

Бұл мақалада статистикаға, нақты кейстерге және өндірістік компаниялармен жұмыс істеу барысында жинаған тәжірибемізге сүйене отырып, Қазақстандағы өнеркәсіптік брендингтің негізгі трендтерін талдаймыз.

Бір қарағанда, нарық құбылып, бюджеттер қысқарып, инвесторлар сақтық танытып отырған кезеңде брендинг пен оған жұмсалатын шығын туралы сөз қозғау орынсыз көрінуі мүмкін. Алайда сандар басқа жағдайды көрсетіп отыр. Қазір Қазақстанның өнеркәсіптік компанияларына бірегей мүмкіндік беретін бірнеше үрдіс қатар жүріп жатыр.

№1 тренд. Өнеркәсіп күткеннен де жылдам өсіп келеді

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылғы қаңтар-сәуір аралығында Қазақстанның өнеркәсіптік өндірісі 6,6%-ға, ал өңдеу өнеркәсібі 7,2%-ға өсті. 2025 жылдың қорытындысында өңдеу секторының өсімі 6,4%-ды құрады. Бұл маңызды белгі. Ол Қазақстанның шикізаттық экономика моделінен өндіріс пен өңдеуге негізделген экономикаға біртіндеп бет бұрып келе жатқанын көрсетеді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын өсімнің басты қозғаушы күші шикізат өндіру болатын. Бүгінде бірқатар белгілі себепке байланысты өңір экономикасында машина жасау, өңдеу, тамақ өнеркәсібі, жабдықтар мен технологиялық шешімдер өндірісі барған сайын маңызды рөл атқара бастады.

№2 тренд. Инвестиция тікелей өндіріске бағытталып жатыр

Бұл үрдіс 2026 жылы тіпті айқын байқала бастады. Қаңтар-мамыр аралығында негізгі капиталға салынған барлық инвестицияның 15,7%-ы өңдеу өнеркәсібіне бағытталды. Салыстыру үшін, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 12,3% болған. Ал 2026 жылғы қаңтар-сәуірде өңдеу өнеркәсібінің өзі 9,9%-ға өсті. (https://stat.gov.kz/ru/industries/business-statistics/stat-invest/publications/346642/) Қазақстан өндірістік базасын біртіндеп кеңейтіп келеді. Онымен бірге өзара бәсекеге түсетін компаниялар, өнімдер мен технологиялар саны да артады. Осы тұста келесі сұрақ туады: өндірушілер көбейген кезде өзгелерден қалай ерекшеленуге болады?

Біздіңше, дәл осы себепті Қазақстандағы өнеркәсіптік брендингтің маңызы өнеркәсіптің өзімен бірге арта береді.

№3 тренд. Қазақстан сыртқы нарықтарға барған сайын белсенді шығып келеді.

Экспорт отандық өндірісті дамытудың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр. 2025 жылы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 37%-ға өсіп, $7 млрд-қа жетті. Оның ішінде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 35%-ға артып, $3,6 млрд-ты құрады. (https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1175629?lang=ru)

2026 жылы бұл үрдіс бүкіл экономика ауқымында жалғасты: бірінші тоқсанда Қазақстанның шикізаттық емес экспорты 23,4%-ға өсіп, $6,9 млрд-қа жетті. Бұл өнеркәсіптік брендинг үшін айрықша маңызды. Компания өзі жақсы білетін жергілікті нарықта жұмыс істегенде, оған жеке байланыстар мен сала ішіндегі беделі көмектеседі. Ал жаңа нарыққа шыққанда мұның өзі жеткіліксіз. Әлеуетті серіктес алдымен компанияның атауын, сайтын, таныстырылымын, кейстері мен визуалды бейнесін көреді. Өндіріспен содан кейін ғана танысады. Сондықтан бүгінде экспорттық стратегия логистикадан емес, брендке деген сенімді қалыптастыратын негізгі сипаттарды жүйелеуден жиі басталады.

№4 тренд. Жоғары технологияның өзі енді жеткіліксіз

Бүгінде нарықты жақсы жабдықпен таңғалдыру қиын. Технология қолжетімді бола түсті, заманауи өндірістік желілерді сатып алуға, мықты мамандарды тартуға болады. Әрине, мұның да өз қиындықтары бар, бірақ ол туралы басқа материалда айтамыз. Соның нәтижесінде екі өндіруші клиентке сапасы, сипаттамалары мен бағасы жағынан бір-біріне өте ұқсас өнім ұсына алады. Мұндайда шешім, былайша айтқанда, интуитивті түрде қабылданады. Таңдау тек техникалық сипаттамаға емес, шешім қабылдайтын адамға компанияның қаншалықты түсінікті, сенімді әрі кәсіби көрінетініне де байланысты болады.

Клиентке «сіз не өндіресіз?» деген сұрақтың жауабы ғана емес, «мен кіммен жұмыс істеймін?» деген мәселе де маңызды екенін жиі байқап жүрміз. Салауатты бәсеке жағдайында компанияның келіссөзді қалай жүргізетіні, өндірісін қалай көрсететіні, ұсыныстарын қалай рәсімдейтіні, жобалары туралы қалай әңгімелейтіні және жалпы нарық алдында өзін қалай таныстыратыны алдыңғы қатарға шығады. Мұның бәрі Өнімнің бір бөлігіне айналады.

№5 тренд. Өнеркәсіптік брендке адами сипат еніп келеді

Өнеркәсіптік бизнес ұзақ уақыт бойы нарықпен бір тілде сөйлесті: қуат, технология, сертификат, өнімділік, жұмыс өтілі. Әрине, мұның бәрі дұрыс. Бірақ мұндай ақпарат көбіне жансыз көрінеді. XXI ғасырдың алғашқы ширегіндегі талғампаз тұтынушыға бұл енді жеткіліксіз.

Әр өндірістің артында адамдар тұр: инженерлер, технологтар, басшылар мен жұмысшылар. Өнімді солар жасайды, нәтижеге де солар жауап береді. Тұтынушылар да, ең алдымен, адам. Сондықтан олар үшін компанияның не өндіретіні ғана емес, оның артында кімдер тұрғаны да қызық.

Сол себепті өнеркәсіптік брендинг біртіндеп ашық бола бастады: компания басшылары мен мамандары көпшілікке таныстырылып, өнімнің пайда болу тарихы, нақты өндіріс, кейстер мен әзірлеу процесінің ішкі көрінісі көрсетіледі. Бет-бейнесі жоқ «біз өндірісті жүзеге асырамыз» деген тіркестің орнына компанияның не істейтіні, оны не үшін жасайтыны және оған неге сенуге болатыны туралы қалыпты, адамға түсінікті әңгіме келеді. Бұл қазақстандық өндірушілер үшін ерекше маңызды. Көптеген кәсіпорынның бай тарихы мен нақты тәжірибесі бар, бірақ олар бұл туралы іс жүзінде айтпайды. Ал осындай оқиғалар бет-бейнесіз өндірісті бірге жұмыс істегің келетін компанияға айналдырады. Түптеп келгенде, адамдар зауыттың қабырғасына да, станоктарға да сенбейді. Олардың артында тұрған адамдарға сенеді.

Қорытындылай келе, Қазақстандағы өнеркәсіптік брендинг қосымша маркетинг құралы болудан қалып, біртіндеп кәсіпорынның бәсекелестік стратегиясының бір бөлігіне айналып келеді. Өндіріс өсіп, инвестиция келіп, экспорт кеңеюде. Демек, қазақстандық компаниялар енді сапа мен баға бойынша ғана емес, сенім үшін де бәсекеге түсуге мәжбүр. Біздіңше, алдағы жылдары өз тәжірибесін түсінікті жеткізе алатын, нақты нәтижесін көрсете білетін және өнімінің айналасында мықты образ қалыптастыратын өндірушілер ұтады.

Жақсы өнім нарыққа шығуға көмектеседі, ал мықты бренд сол нарықта қалуға мүмкіндік береді.

Максим Еремкин, «KemelDesign» брендтік агенттігінің жетекшісі, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading