EC[ON]OMY

Жолаушылар мен жүк тасымалындағы өңірлік айырмашылықтар

Қазақстандағы көлік саласы тұрақты өсімді көрсетуде. 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында тасымал көлемі барлық көрсеткіштер бойынша өсті. Ілгерілеу тек жүк пен жолаушылар тасымалы көлемінде ғана емес, инфрақұрылымның дамуында да байқалады. Дегенмен, көрсеткіштердің динамикасы өңірлерге байланысты ерекшеленеді.

Жүк тасымалы: көрсеткіштер мен өңірлік айырмашылықтар

2024 жылдың алғашқы он айында Қазақстанда 883,4 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,9% артық. Жүк айналымы 422,6 миллиард тонна-шақырымды құрады, бұл да 1,6%-ға өскен. Айрықша нәтиже көрсеткен қалалар — Астана, Шымкент және Алматы.

Шымкент жүк айналымы 29%-ға өскен аймақтардың көшбасында тұр. Астана 24,2%-дық, Алматы 21,7%-дық өсіммен ерекшеленді. Өңірлер арасында Павлодар облысында жүк айналымы 14,1%-ға, Жамбыл облысында6,1%-ға, Атырау облысында 3,7%-ға, Маңғыстау облысында 1,6%-ға, ал Қызылорда облысында небәрі 0,5%-ға өскен.

Жолаушы тасымалы: жалпы көрініс

Жолаушы тасымалында да оң өзгерістер байқалады. 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстан көлігімен 1,42 миллиард жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,8%-ға артық. Жолаушы айналымы 68,6 миллиард жолаушы-шақырымды құрап, 13,7%-ға өсті.

Жолаушы айналымы бойынша ең жоғары өсім Маңғыстау облысында тіркелді. Мұнда көрсеткіш 72,7%-ға артты. Алматы облысы 65,2%-дық, Ұлытау 36,1%-дық өсіммен екінші және үшінші орындарда тұр. Басқа өңірлерде де өсім байқалды. Мысалы, Алматы қаласында жолаушы айналымы 18,6%-ға, Астанада 15,4%-ға, Жамбыл облысында 18,8%-ға артқан. Алайда, кейбір облыстарда шамалы өзгерістер ғана байқалады: Қостанай облысында көрсеткіш 10,8%-ға, Ақмола облысында 3,2%-ға, ал Қарағанды облысында1,3%-ға өсті.

Көлік түрлері бойынша маңызды өзгерістер

Әрбір көлік түрі жалпы нәтижеге өз үлесін қосты. Теміржол көлігі 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында 352,4 миллион тонна жүк тасымалдады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2%-ға жоғары. Жүк айналымы 267,5 миллиард тонна-шақырымды құрап, 1,4%-ға төмендеді. Теміржолмен жолаушы тасымалдау 5,6%-ға өсіп, 17,6 миллион жолаушыға жетті. Жолаушы айналымы 1,3%-ға артты.

Автомобиль және қалалық электр көлігі айтарлықтай өсім көрсетті. Жүк тасымалы 19,8%-ға, жүк айналымы 21,2%-ға өсті. Жолаушы тасымалы 9,9%-ға, жолаушы айналымы 24,3%-ға артты. Бұл көрсеткіштер автомобиль көлігінің жүк және қалаішілік тасымал үшін танымалдығын көрсетеді.

Құбыр көлігі де елеулі үлес қосты. Аталған кезеңде 244,6 миллион тонна жүк тасымалданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,2%-ға жоғары. Жүк айналымы 3,9%-ға өсіп, 124,3 миллиард тонна-шақырымды құрады.

Әуе көлігі 12,3 миллион жолаушы тасымалдады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға артық. Жолаушы айналымы да 9,2%-ға өсіп, 23,7 миллиард жолаушы-шақырымға жетті. Бұл өсім әуе саяхаттарының танымалдығының артқанын көрсетеді.

Ішкі су көлігі басқа динамика көрсетеді. Тасымалданған жүк 349,5 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 48,3%-ға төмендеді. Алайда жолаушы тасымалы 90,9%-ға өсіп, 231,1 мың жолаушыны құрады. Бұл тенденция маусымдық немесе ауа-райы жағдайларына байланысты болуы мүмкін.

Қазақстандағы көлік көрсеткіштерінің өсуі саладағы қарқынды дамуды көрсетеді. Әр бағыт – жолаушы немесе жүк тасымалы – өзіне тән өңірлік ерекшеліктер мен айырмашылықтарға ие. Маңғыстау және Алматы облыстарындағы жолаушы айналымының жоғары өсу қарқыны көлік инфрақұрылымының жақсаруын және қызметтердің қолжетімділігін көрсетеді.

Дайындаған: Сұлтан Валиханов, Economy.kz порталының сарапшысы

 

Scroll to Top