EC[ON]OMY

ЖИ Даму Архетиптері: Әр Елдің Стратегиясы

Жасанды интеллект (ЖИ) – жай ғана тренд емес. Ол – экономикаларды түбегейлі өзгертетін технология. Бірақ әр елдің оған бейімделу жолы әртүрлі. Біреулер көш бастап, халықаралық стандарттарды қалыптастырып жатса, енді біреулер алғашқы қадамдарын енді жасап жатыр. BCG AI Maturity Matrix 2024 есебінде ЖИ дамуының алты архетипі көрсетілген. Бұл модель әр елдің қандай стратегия ұстанатынын түсінуге көмектеседі.

Boston Consulting Group сарапшылары елдерді төмендегі алты топқа бөледі:

1. ЖИ пионерлері

2. Табысты үміткерлер (тұрақты және өрлеуші топтар)

3. Тәжірибешілер

4. Жаңа бастаған экономикалар

Бұл топтар арасындағы айырмашылық – инвестиция көлемі, инфрақұрылым сапасы, маман дайындау жүйесі мен технологияны енгізу деңгейінде.

ЖИ пионерлері: Бұл топқа АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Канада және Сингапур кіреді. Олар:

•  Ғылыми-зерттеуге қомақты қаржы бөледі;

•  Қуатты экожүйелер қалыптастырды;

•  Ұлттық стратегияларын іске асырып жатыр.

Мысалы, Сингапур 2023 жылы NAIS 2.0 стратегиясын қабылдап, TechSkills Accelerator бағдарламасы арқылы 230 мыңнан астам адамды оқытты. Бұл – жоғары білікті кадрлық база мен жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің негізі.

Үміткер елдер: Бұл топтағы елдер – ЖИ-ді белсенді енгізіп жатқан және мемлекеттік қолдауы бар елдер. Олардың ішінде:

•  Тұрақты үміткерлер – инфрақұрылымы мен кадрлық әлеуеті бар елдер;

•  Өрлеуші үміткерлер – даму қарқыны жоғары, бірақ әлі толық жүйе қалыптастырмаған елдер.

Мысалы, Үндістан – маман даярлауға басымдық береді, ал Сауд Арабиясы – денсаулық сақтау мен энергетика секторларына инвестиция салады.

Тәжірибеші елдер: Бұл елдерде ЖИ барлық салада қолданылмайды, бірақ белгілі бір бағыттарда тиімді пайдаланылады. Мысалы:

•  Катар – мұнай өндіруді оңтайландыру;

•  Кипр мен Мальта – туризм мен қаржы секторын цифрландыру.

Басты құралдар:

•  Салалық басымдықтар;

•  Жергілікті реттеу шаралары;

•  Технологиялық серіктестіктер.

Жаңа бастағандар: Бұл топтағы елдерде ЖИ экожүйесі енді ғана қалыптасып келеді. Инфрақұрылым мен мамандар жетіспейді, бірақ бастапқы басым бағыттарды дұрыс анықтаса, дамуға мүмкіндік бар.

Мысалы, Нигерия – финтех саласында шетелдік инвестициялар тартып, алғашқы жетістіктерге жетіп отыр. Егер ұлттық ЖИ стратегиясын қабылдаса, аймақтағы көшбасшылар қатарына енуі мүмкін.

BCG моделі Қазақстан үшін де өзекті. Біз тұрақты үміткерлер қатарына қосылу үшін не істеуіміз керек:

•  Ұлттық ЖИ стратегиясын әзірлеу (мысалы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет);

•  Кадрларды даярлау жүйесін іске қосу;

•  Шетелдік серіктестер мен инвестицияларды тарту.

Жасанды интеллект – жаңа экономикалық жарыстың өзегі. Елдердің матрицадағы орны – олардың дайындық деңгейін көрсетеді. Пионерлер — стандарт қалыптастырады, үміткерлер — үздік тәжірибелерді бейімдейді, тәжірибешілер — нақты нәтижеге ұмтылады, ал жаңа бастағандар — іргетас қалайды. Табыстың формуласы – стратегия, кадр және инфрақұрылым.

Дайындаған: Лина Егель қызы,  порталының сарапшысы EconomyKZ.org

Scroll to Top