АҚШ-тың Дональд Трамп әкімшілігі халықаралық көмекті қысқарту туралы шешім қабылдады. Бұл жаһандық климаттық қаржыландыруға, әсіресе дамушы елдердің экологиялық жобаларына үлкен соққы болмақ.
2024 жылы АҚШ климаттық жобаларға рекордтық $11 млрд бөлген еді, бұл бүкіл әлемдегі климаттық инвестициялардың 8%-ын құрады. Бірақ Трамптың билікке оралуымен бұл қаражат тоқтатылып, USAID агенттігінің (АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі) бағдарламаларының 90%-ы жабылуы мүмкін.
АҚШ – әлемдегі ең ірі экономика және көмірқышқыл газының ең көп тарихи шығарушыларының бірі (CO₂шығарындыларының 27%-ы). Осыған қарамастан, ел ұзақ уақыт бойы климаттық жобаларға аз үлес қосып келді. Тек 2021 жылы Джо Байденнің әкімшілігі Париж келісіміндегі міндеттемелерін орындауға белсенді кіріскеннен кейін жағдай өзгерді.
Трамп әкімшілігінің климаттық саясатқа әсері
2025 жылдан бастап Трамптың жаңа әкімшілігі бірқатар шешімдер қабылдады, оның ішінде:
• Париж келісімінен шығу;
• Байденнің климаттық саясатын тоқтату;
• $60 млрд көлеміндегі халықаралық көмекті, оның ішінде $3 млрд климаттық қаржыландыруды тоқтату;
• GCF (Жасыл климаттық қор) үшін бөлінген $4 млрд-ты қайтарып алу;
• Оңтүстік Африканың көмір энергетикасынан бас тартуына көмектесетін Just Energy Transition Partnership бағдарламасынан шығу.
Бұл шешімдер дамушы елдер үшін климаттық жобаларды жүзеге асыруды қиындатады. Мысалы, USAID қаржыландыруы тоқтатылса, Нигердегі су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламалары жабылады, ал Тынық мұхитындағы арал мемлекеттері су тасқыны қаупіне қарсы қорғаныссыз қалады.
Климаттық қаржыландырудың қысқаруының жаһандық салдары
АҚШ-тың климаттық қаржыландыруды қысқартуы дамушы елдердің таза энергияға көшуін баяулатады. Бұған қоса, әлемдегі ең ірі ластаушы елдің бұл мәселеден бас тартуы халықаралық қоғамдастықтың оған деген сенімін әлсіретеді.
Климаттық шығындар:
• USAID-тың климаттық бағдарламалары: $3 млрд;
• Жасыл климаттық қор (GCF): $4 млрд;
• Климаттық залалдарды өтеу қоры: $17,6 млн;
• Оңтүстік Африканың көмір энергетикасынан бас тартуына көмектесу: $56 млн.
Бұл қысқартулар климаттық дағдарыспен күрестегі басты қаржы көздерінің бірін жоғалтуды білдіреді.
Қазақстанға әсері бар ма?
Қазақстан климаттық саясатта белсенділік таныта қоймайтын елдердің қатарында. 2019-2023 жылдары дамушы елдерге жыл сайын $80 млрд климаттық көмек бөлінді, бірақ Қазақстан бұл қаржының тек 1%-дан азын(шамамен $489,5 млн) ғана тартты. Сондықтан АҚШ-тың бұл көмектен бас тартуы елімізге айтарлықтай әсер етпейді.
АҚШ-тың климаттық қаржыландырудан бас тартуы жаһандық декарбонизация мақсаттарына жетуді қиындатады. Әлемдегі ең ірі экономика климаттық жауапкершіліктен шеттеп, дамушы елдерді көмексіз қалдырады. Бұл жағдайда әлемдік қауымдастық АҚШ-тың орнын толтыру үшін жаңа шешімдер табуы қажет немесе климаттық әділеттілік тек бос сөз болып қалуы мүмкін.