EC[ON]OMY

Той-бизнес: қанша қаржы кетеді және оны қайда тиімді жұмсауға болар еді

Қазақстанда той-бизнес – қызмет көрсету саласындағы ең тұрақты және табысты бағыттардың бірі. Бұл материалды дайындауда мынадай шарттар ескерілді:

  • ⁠ ⁠тек қала тұрғындарының некелері қаралды;
  • ⁠ ⁠тек банкет залына кететін шығын есептелді (сыйлық, соғым, киім, безендіру, фото/видео түсірілім, тамада қызметі және басқа да шығындар кірмейді);
  • ⁠ ⁠тек жазғы маусым, демалыс күндері алынды.

2024 жылғы Ұлттық статистика бюросының дерегінше, еліміздегі қалаларда 82 103 неке тіркелген. Әрбір той – тек отбасы тарихындағы маңызды күн ғана емес, сонымен бірге үлкен қаржылық мәселе. Қазақтың «Ұят болады, баласына бір той жасай алмай кетті» деген сөзі артында қомақты шығындар тұр.

Болжам бойынша, Қазақстанда банкет залындағы бір орынның бағасы шамамен 15 000–25 000 теңге. Қонақтар саны орташа есеппен 100–200 адам. Демек, бір тойдан түсетін табыс 1,5 млн-нан 5 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Жаз – тойдың ең қызған шағы. Бір банкет залы демалыс күндері маусым бойы 24 той өткізе алады. Осылайша, бір залдың маусымдық табысы 36 млн-нан 120 млн теңгеге дейін барады. Егер барлық тіркелген некелерді есептесек, ел бойынша тойға жұмсалатын қаражат көлемі 123 млрд-тан 410 млрд теңгеге дейін жетеді.

Мысал:

  • ⁠ ⁠2024 жылы қала тұрғындары тіркеген некелер саны – 82 103
  • ⁠ ⁠Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардағы банкет залдары – 9 427

2ГИС дерегіне сүйенсек, егер осы 9 427 зал 24 күн жұмыс істеп, орташа чегі 1,5–5 млн теңге болса, бір маусымда тойға кететін жалпы сома 340 млрд пен 1,1 трлн теңге аралығында болуы мүмкін. Бұл сандар көп көрінуі мүмкін, бірақ кей отбасылар ұзату тойын да банкет залында өткізетінін, одан бөлек ас, мерейтой сынды шараларды да ескерген жөн.

Егер осы қаражат жас отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалса ше? Krisha.kz мәліметінше, еліміздің ірі қалаларында 1 бөлмелі пәтердің орташа бағасы аймақтарда – 10 млн теңге, Алматы мен Астанада – 20 млн теңге шамасында.

  • ⁠ ⁠Ең төменгі той шығыны (123 млрд теңге) – аймақтарда 12 300 пәтер немесе Алматы/Астанада 6 150 пәтер алуға жетеді.
  • ⁠ ⁠Ең жоғарғы шығын (410 млрд теңге) – аймақтарда 41 000 пәтер немесе Алматы/Астанада 20 500 пәтер алуға мүмкіндік береді.

Салыстыру: банкет пе, пәтер ме?

Той: эмоция, дәстүр, шағын және орта бизнеске қолдау (мейрамхана, декоратор, әртістер).

Пәтер: ұзақ мерзімді актив, өмір сапасын арттыру, жалдау шығындарын қысқарту, болашақта капитал өсімі.

Той-бизнес – мейрамханаларға үлкен табыс әкеледі, жұмыс орындарын ашады, саудадан бастап тасымалға дейінгі салаларды дамытады. Дегенмен, отбасы капиталы тұрғысынан пәтер сатып алу әлдеқайда тиімді инвестиция.

Сондықтан Қазақстанда жас жұбайларға той бюджетінің бір бөлігін ипотеканың бастапқы жарнасына айналдыруға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама әзірлеу қажет деп санаймын. Бұл қаржылық жоспарлауды жауапкершілікпен жүргізуге және, мүмкін, мықтырақ отбасылар қалыптастыруға сеп болар еді.

 
Дайындаған: Ерлан Каримов, тәуелсіз сарапшы, арнайы  үшін www.economyKZ.org

Scroll to Top