EC[ON]OMY

Сүт өнімдер парадоксы және өңдеуді дамыту жолы

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – жай ғана статистика емес. Бұл – ел экономикасының қаншалықты дамығанын, азық-түлік қауіпсіздігі мен жоспарлау деңгейін көрсететін маңызды белгі. Ел өнім өндіріп, бірақ оны өзі өңдемесе – қосылған құннан, нарықтан және, ең бастысы, азық-түлік тәуелсіздігінен айырылады.

Сондықтан Қазақстан соңғы жылдары өңдеуге ерекше мән беріп келеді. Ұлттық даму жоспарына сәйкес, 2026 жылға дейін сүт, ет, майлы дақылдар, күріш, жүгері мен қарақұмық сияқты маңызды өнімдердің 70%-ын өңделген күйде шығару көзделіп отыр.

Сүт өнімдерін өңдеу – агроөнеркәсіптегі қосылған құнды арттыратын басты бағыттардың бірі. Соның ішінде ірімшік пен сүзбе өндірісі – айқын мысал.

Алайда халықаралық сараптамаларға қарағанда, ірімшік пен сүзбе – күрделі технологияларды қажет етпейтін, жаппай өндірілетін өнімдер. Сондықтан оларды өндіру – технологиялық серпіліс әкелмесе де, ішкі сұранысты өтеу және азық-түлік тәуелсіздігі үшін аса маңызды.

Сүт өнімдері саласындағы парадокс: өндіріс өсуде, ал қамтамасыз ету төмен

 

Соңғы 20 жылда Қазақстанда ірімшік пен сүзбе өндірісі 3,4 есеге өсіп, 2004 жылғы 13 мың тоннадан 2023 жылы 43,8 мың тоннаға жетті. Бірақ дәл осы кезеңде елдегі тұтыну 5,6 есеге өсіп, 17,2 мың тоннадан 96 мың тоннаға дейін көбейген. Яғни, өндіріс сұраныстың қарқынына ілесе алмай жатыр. Нәтижесінде, тұтынылатын ірімшік пен сүзбенің ішінде отандық өнімнің үлесі 2004 жылғы 76%-дан 2023 жылы 46%-ға дейін төмендеді.

Импорт та бірнеше есеге артты. Қазір Қазақстанның негізгі жеткізушілері – Ресей (43,5%) мен Беларусь (29,3%). Соңғы жылдары Қырғызстан да арзан өніммен нарыққа белсенді шыға бастады. Бұл – отандық өндірушілердің баға бәсекесінде қиындыққа тап болып жатқанын көрсетеді.

Мемлекет 2023 жылға 59% деңгейінде өзін-өзі қамтамасыз ету мақсатын қойған еді, бірақ бұл межеге жете алмады. Заң бойынша азық-түлік тәуелсіздігі 80%-дан асқанда ғана қамтамасыз етілген деп саналады. 2027 жылға дейін осы 80%-ға жету, ал 2030 жылға дейін толық (100%) ішкі сұранысты отандық өніммен қамту – негізгі мақсат.

Ол үшін сүтті көбірек өңдеу ғана емес, жаңа инвестициялық жобаларды жедел іске қосу қажет. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарап, нақты бағытталған, тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыратын механизмдерге көшу керек.

Қазіргі қолданыстағы шаралар бойынша 2025 жылға дейін сүт өңдеу бойынша 20 инвестициялық жоба іске асуы тиіс. Оның ішінде 5 ірі кәсіпорын жылына 161,2 мың тонна ірімшік пен сүзбе өндіреді деп жоспарланған. Сонымен қатар, сүтті өңдеуге өткізген шаруаларға субсидия беріледі. Өңдеуші кәсіпорындар да шикізатты терең өңдеу үшін қолдау алады.

Бірақ бір сұрақ өзекті: осы шаралар бізді шын мәнінде өзімізді-өзіміз қамту деңгейіне жақындатып жатыр ма? Жаңа қуаттарды іске қосу мен субсидия берудің оң әсеріне қарамастан, өңдеу саласы әлсіз болып отыр. Себебі шикізат, өңдеу және өткізу арасындағы байланыстар жеткілікті дамымаған. Нарық тұрақсыз. Сондықтан мемлекеттік қолдауда басымдықтар қайта қаралуы тиіс: санға емес, сапаға; көлемге емес, тиімділікке; жай субсидия беруге емес, өндірушілер мен өңдеушілер арасындағы серіктестікке мән беру керек.

100% өзін-өзі қамтамасыз ету – бұл жай көрсеткіш емес. Бұл – мемлекет пен бизнестің бірлесе отырып тұрақты азық-түлік жүйесін құруға қаншалықты қабілетті екенін көрсететін сынақ. Оған жету үшін кешенді көзқарас қажет.

Бюджет шектеулі болған жағдайда мына бағыттарға басымдық берген жөн:

  Мемлекеттік сатып алу мен отандық өнімді насихаттау арқылы ішкі сұранысты жергілікті өңдеушілерге бағыттау.

  Дайын өнімді шеттен әкелгеннен гөрі, ел ішінде өңдеу кәсіпорны үшін тиімді жағдай жасау.

  Өнім түрлерін көбейтуге және өңдеу деңгейін арттыруға нақты ынталандырулар енгізу.

Сүт өнімдерін өңдеу – мүмкіндіктері бар сала, бірақ кедергілері де көп. Бір жағынан – сұраныс бар, жоспар бар, инфрақұрылым бар. Екінші жағынан – өңдеушілер дайын өнімді өткізе алмайды, логистика әлсіз, импорт әлі де арзан әрі тұрақты.

Сондықтан мемлекеттік қолдау жүйесін жасақтағанда осының бәрі ескерілуі тиіс.

Қорытынды: өзін-өзі қамтамасыз етуге жету үшін – басымдықтарды қайта қарап, нақты нәтиже беретін бағыттарға күш салу керек. Шектеулі бюджеттік жағдайда – сұраныстан басталатын логика негізінде жаңа экономикалық өсу моделін қалыптастыру қажет. Барлық мемлекеттік және инвестициялық шаралар бірыңғай стратегия аясында үйлестіріліп, шикізат – өңдеу – сату тізбегі мықты әрі тұрақты болуы тиіс.

      

 
 

Дайындаған: Баян Әбдрахманова, Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының консультанты, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading