EC[ON]OMY

Қазақстандағы өнеркәсіпті автоматтандыру: субсидия бар, бірақ жабдықты кім іске қосады?

Қазақстан жабдық сатып алуға жеңілдетілген несие мен лизинг ұсынады. Бірақ өнеркәсіпті автоматтандыру үшін қаржының өзі жеткіліксіз. Кәсіпорынға жабдықты таңдап, орнатып, баптап, өндірістік желіге кіріктіретін инженерлік компаниялар да қажет. Егер мұндай мамандар болмаса, субсидияға алынған робот немесе білдек жұмыс істейтін өндірістік активке емес, цехта бос тұрған қымбат техникаға айналуы мүмкін.

Қазақстандағы роботтандыру алшақтығы неден көрінеді?

Халықаралық робототехника федерациясының дерегінше, Қазақстанда өнеркәсіпте жұмыс істейтін әрбір 10 мың адамға небәрі 10 өнеркәсіптік роботтан келеді.

Еңбек күші тапшылығы 40-50 мың адамға бағаланып отырған кезде өндірістің өсу қарқынын сақтау үшін роботтандыру тығыздығын қазіргі деңгейден бірнеше есе арттыру қажет. Қазақстан үшін алғашқы меженің өзі 10 мың жұмыскерге шамамен 70 робот болуы мүмкін. Салыстыру үшін, Оңтүстік Корея мен Сингапурда 10 мың жұмыскерге 1 мыңнан астам роботтан келеді. Германия, Жапония, АҚШ және Қытайда бұл көрсеткіш 670-850 аралығында.

Бірақ роботтандырудағы алшақтықты тек ақшаның жетіспеуімен түсіндіру жеткіліксіз.

Венгрия зерттеуі нені көрсетті?

Бұл пайымның негізгі арқауы — экономистер Габор Бекеш, Алессандра Бонфильоли, Розарио Крино және Джино Ганча әзірлеген «Integrators and Robot Adoption: Evidence from Hungary» зерттеуі. Жұмысты Лондон мен Парижде орналасқан Экономикалық саясатты зерттеу орталығы, яғни CEPR жариялаған. Авторлар Венгрия экономикасының 2015-2021 жылдардағы әкімшілік деректерін зерттеген.

Олардың қолында салық және кеден есептілігі, кәсіпорындар арасындағы шот-фактуралар және әр компанияның баланстық көрсеткіштері болған. Бұл зерттеушілерге роботтың елге қашан кіргенін ғана емес, оны нақты қай кәсіпорынның қалай пайдаланғанын да бақылауға мүмкіндік берген. Венгрияның өнеркәсіптік құрылымы Қазақстанға ұқсайды. Ел экономикасы ашық, өндіріс импорттық технологияға тәуелді, ал өнеркәсіптік роботтардың басым бөлігі шетелден әкелінеді.

Зерттеу роботтандыру туралы қалыптасқан түсінікті өзгертеді. Авторлар кеден арқылы тікелей сатып алынған роботтарды ғана емес, кәсіпорындар арасындағы ішкі мәмілелерді де зерттеген. Осылайша автоматтандырылған жабдықты таңдап, орнатып, баптап және іске қосатын технологиялық компанияларды анықтаған.

Зерттеуде мұндай компаниялар интеграторлар деп аталады. Нәтиже айқын: өнеркәсіптік робот енгізген кәсіпорындардың жиырмадан бірі ғана жабдықты тікелей импорттаған. Қалған жиырмадан он тоғызы роботтарды жергілікті интеграторлар арқылы сатып алып, өндіріске қосқан.

Демек, роботтандырудың басым бөлігі сыртқы сауда статистикасында тікелей көрінбейді.

Ақша бар, бірақ интегратор жоқ болса не болады?

Роботтандыру деңгейінің төмендігін көбіне қаржымен байланыстырады. Лизинг қымбат, капиталға қолжетімділік шектеулі, ал өндірісті жаңғыртуға арналған ұзақ мерзімді несие тапшы.

Мемлекет бұған жабдық сатып алуға алынған несие мен лизингтің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы жауап береді. Бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасында несие мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне 5 пайыздық тармақ қосу арқылы есептеледі. Оның 6%-ын кәсіпкер төлейді, қалған айырманы бюджет өтейді.

Инвестициялық жобаларға субсидия ұзарту мүмкіндігінсіз 5 жылға, айналым қаражатын толықтыруға 3 жылға беріледі. Мемлекеттік даму банкінің еншілес ұйымы арқылы лизингтік қаржыландыру да қарастырылған. Шағын қалалар мен ауылдардағы жобалар үшін бір кәсіпкерге берілетін қаржылық лизинг сомасы 1,5 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл қолдау жабдықтың қаржылық қолжетімділігін арттырады. Бірақ субсидия кәсіпорынның инженерлік мүмкіндігін автоматты түрде күшейтпейді.

Интегратор деген кім және ол не үшін қажет?

Роботты тікелей сатып алатын кәсіпорында күрделі техниканы орнатып, бағдарламалап, өндірістік желімен байланыстырып және оған қызмет көрсете алатын инженерлер болуы керек. Мұндай тұрақты инженерлік штат ұстау қымбат. Әсіресе жабдықты бірнеше жылда бір рет қана жаңартатын шағын және орта кәсіпорын үшін бұл шығын өзін ақтамауы мүмкін.

Интегратор осы мәселені шешеді. Ол кәсіпорынға қажетті жабдықты таңдауға көмектеседі, техниканы жеткізеді, орнатады, бағдарламалайды және іске қосады. Қажет болған жағдайда қызметкерлерді оқытып, техникалық сүйемелдеу де ұсынады. Кәсіпорын жеке инженерлік бөлім ұстауға жұмсалатын тұрақты шығыннан құтылады. Оның орнына интегратордың қызметі үшін ақы төлейді.

Зерттеу авторлары осы айырмашылықты математикалық модель арқылы тексерген. Ірі әрі капиталды көп қажет ететін кәсіпорындар роботты тікелей сатып алуға бейім. Шағын және орта бизнес интегратордың көмегіне жиі жүгінеді.

Интегратор болмаса, робот қоймада немесе цехта жатқан қымбат темір күйінде қалуы мүмкін. Интегратор бар жерде шағын кәсіпорын да бұрын тек ірі өндірушілерге қолжетімді болған автоматтандыру технологиясын пайдалана алады.

Инженерлік қызметтер жеке нарыққа айналған

Зерттеушілер Венгрияда барлығы 352 интегратор компанияны анықтаған. Олардың саны 2015 жылғы 234-тен 2021 жылы 309-ға дейін өскен. Осы кезеңде интеграторлардан жабдық сатып алған компаниялар саны 1766-дан 3216-ға дейін көбейген. Жеті жылдағы өсім 82%-ды құраған.

Интеграторлар өз саласындағы орташа кәсіпорыннан ірі, өнімдірек және капиталмен жақсырақ жабдықталған компаниялар болып шыққан. Бұлар шағын жөндеу шеберханалары емес. Олар жабдықты таңдаудан бастап оны іске қосуға дейінгі жұмысты атқаратын толыққанды технологиялық компаниялар.

Интеграторлар арқылы жасалған сатып алудың 66%-ы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Олардың қызметін көтерме сауда мен қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар да пайдаланған.

Роботтандыруды статистика толық көріп отыр ма?

Бұл зерттеуден сыртқы сауда статистикасы арқылы роботтандыру деңгейін өлшейтін елдер үшін маңызды қорытынды шығады. Қазақстан да көптеген дамушы экономика сияқты өнеркәсіптік роботтар жөніндегі бағалауда импорт статистикасына сүйенеді. Бірақ жабдықтың басым бөлігі кәсіпорындарға тікелей емес, интеграторлар арқылы жеткізілсе, ресми көрсеткіш нақты ауқымды толық қамтымайды.

Сондықтан 10 мың жұмыскерге 10 робот деген көрсеткіш бүкіл көріністі көрсетпеуі мүмкін. Ол айсбергтің су бетіндегі бөлігі ғана болуы ықтимал.

Нақты жағдай Қазақстандағы инженерлік компаниялар нарығының қаншалықты дамығанына байланысты. Бірақ ресми статистикада бұл нарық әзірге жеке бақылау нысаны ретінде қарастырылмайды.

Шетелдік жеткізушіге тәуелділік сақталады

Венгриядағы зерттеуге енген интеграторлардың бәрі шетелден белгілі бір көлемде техника импорттаған. Олардың 80%-ы жеткізілімнің жартысынан астамын бір елден алған. Өнеркәсіптік роботтардың негізгі жеткізушілері Германия, Австрия, Швеция, Жапония және Нидерланд болған.

Шетелдік жеткізушінің өндірісі ұлғайғанда, сол елге тәуелді венгриялық интеграторлар қызметкерлер санын көбейтіп, сатылымын арттырған. Зерттеу авторлары экспорттағы өзгерістердің жергілікті технологиялық компанияларға әсерін әкімшілік деректер арқылы бақылаған.

Бұл автоматтандыру қарқыны ішкі субсидия саясатына ғана тәуелді емес екенін көрсетеді. Нәтижеге жабдық өндіретін шетелдік компаниялардың жағдайы, жеткізу тізбектері және жергілікті интеграторлардың солармен байланысы да әсер етеді.

Жабдық сатып алу тұрақты процесс емес

Зерттеудің тағы бір қорытындысы мемлекеттік қолдау логикасына тікелей қатысты. Робот сатып алу жыл сайын біртіндеп өсетін инвестиция емес. Көп жағдайда бұл сирек жасалатын бір жолғы ірі шығын.

Автоматтандыру енгізген кәсіпорындардың үштен екісі жабдықты біркелкі сатып алмаған. Сатып алушылардың 54%-ы жеті жыл ішінде роботқа немесе автоматтандырылған жабдыққа бір-ақ рет инвестиция салған. Егер мемлекеттік бағдарлама жабдыққа сұраныс тұрақты және қайталанып отырады деген болжамға сүйенсе, оның құрылымы бизнестің нақты әрекетіне сәйкес келмеуі мүмкін.

Кәсіпорындардың көбі өндірісті бірнеше жылда бір рет қана жаңғырта алады. Сондықтан жабдыққа қанша субсидия берілгенінен бөлек, оның нақты іске қосылғанын және еңбек өнімділігіне қалай әсер еткенін өлшеу қажет.

Өңірлердегі автоматтандыруға инженер жетпейді

Венгрияда интеграторлар мен олардың клиенттері астана маңындағы шағын аумақта шоғырланған. Олардың аумақтық концентрациясы өңдеу өнеркәсібінің өзінен де жоғары болған. Шоғырлануды өлшейтін Херфиндаль-Хиршман индексі интеграторларда 0,19, робот сатып алушы кәсіпорындарда 0,13, ал бүкіл өңдеу өнеркәсібінде 0,11 болған.

Яғни автоматтандыруға қызмет көрсететін инфрақұрылым зауыттардың өзінен де орталықтанған. Бұл қорытынды Қазақстан үшін ерекше маңызды. Шалғай өңірдегі зауытқа білдек сатып алуға субсидия беру жеткіліксіз. Егер жақын маңда оны орнатып, баптап және жөндей алатын инженер болмаса, автоматтандыру санаулы өнеркәсіп орталығының артықшылығы болып қала береді.

Қазақстан үшін негізгі сабақ қандай?

Қазақстанда кәсіпорындардың инновациялық қызметі жыл сайын зерттеледі. Соңғы есепті кезеңде қазақстандық кәсіпорындардың тек 11,9%-ы инновациялық белсенді болған. Инновация енгізбейтін компаниялар көбіне үш себепті атайды: сұраныстың төмендігі, қаржының жетіспеуі және енгізу құнының жоғарылығы.

Бірақ зерттеуде «сатып алынған жабдықты баптап, іске қосатын маман табылмады» деген жауап нұсқасы жоқ. Осы тұста тұйық шеңбер пайда болады. Қазақстандағы жаңғыртудың негізгі кедергісі жабдық сатып алуға ақшаның жоқтығы емес, оны жұмыс істейтін өндірістік жүйеге айналдыратын инженерлік қызметтердің тапшылығы болуы мүмкін.

Қазіргі статистика мұндай себепті тіркемейді. Ал өлшенбейтін мәселе мемлекеттік саясаттың назарына да түспейді. Нәтижесінде мемлекет жабдықтың құнын арзандатуды жалғастырады, бірақ кәсіпорынның оны іске қосуға мүмкіндігі бар-жоғын толық бағаламайды.

Мемлекеттік саясат нені өлшеуі керек?

Қазақстанда бұл болжамды тексеруге қажетті дерек жеткілікті. Несие мен лизинг мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламалары әр мәмілені кәсіпорын, сома және сатып алынған техника түрі бойынша тіркейді. Мемлекеттік даму институттары арқылы берілетін лизинг те нақты шарттармен рәсімделеді.

Бұл мемлекет қолдаған жабдық сатып алу мәмілелерінің дайын әрі құжатталған тізімін алуға мүмкіндік береді. Оған қосылған құн салығы бойынша электрондық шот-фактуралар жүйесін қосуға болады. 2019 жылдан бері бұл жүйе ҚҚС төлеушілер арасындағы мәмілелерді, соның ішінде жабдықты орнату, баптау және техникалық сүйемелдеу қызметтерін тіркейді.

Осы деректерді байланыстыру арқылы жабдық сатып алған кәсіпорын мен оны өндіріске енгізген компания арасындағы қатынасты анықтауға болады. Содан кейін мемлекет қаржыландырған жобаларды жабдық іске қосылғаннан кейінгі еңбек өнімділігімен салыстыру керек. Бұл қай кәсіпорында техника нақты жұмыс істегенін, ал қай жерде қымбат активтің бос тұрғанын көрсетуі мүмкін.

Субсидиядан бөлек қандай тетік қажет?

Егер сәтті және сәтсіз жобалардың айырмасы субсидия көлеміне емес, жабдықты өндіріске кіріктіре алатын мамандардың болуына байланысты болса, Қазақстанның өнеркәсіп саясатына жаңа бағыт қажет. Мемлекет тек білдек пен робот сатып алуды емес, инженерлік интеграция қызметтерін де қолдауы керек.

Бұл үшін технологиялық интеграторларды жеке нарық ретінде есепке алу, кәсіпорындар мен инженерлік компаниялардың байланысын дамыту, өңірлердегі техникалық мамандарды даярлау және мемлекеттік қолдау нәтижесін сатып алынған жабдықтың санымен емес, оның нақты жұмысымен өлшеу қажет.

Қазақстанға қымбат техника сатып алатын кәсіпорындар ғана емес, сол техниканы жұмыс істейтін өндіріске айналдыратын компаниялар керек. Субсидия жабдықты зауыт қақпасына дейін жеткізе алады. Бірақ оны іске қосып, еңбек өнімділігін арттыратын активке айналдыру үшін ақша мен инженерлік құзырет қатар жүруі тиіс.

Шыңғыс Ерболат, EconomyKZ зерттеу тобы, арнайы EconomyKZ.org үшін

Scroll to Top