Стратегиялық жоспарлау – мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Ол саясаттың болжамдылығын, экономиканың тұрақтылығын және бизнестің де, азаматтардың да болашаққа деген сенімін қалыптастырады.
Алайда, Қазақстанда стратегиялық жоспарлау көбінесе нақты әрекеттермен сәйкес келмей, стратегиялық ауытқуға ұшырайды. Мысалы, өткен жылы ғана 2029 жылға дейінгі Ұлттық жоспар қабылданып, 50-ден астам салалық концепция жүйелі даму үшін бекітілді. Бірақ биыл қабылданып жатқан шешімдер бастапқы бағыттан ауытқуда, бұл стратегияға деген көзқарасты қайта қарауды талап етеді.
Стратегиялық ауытқу деген не?
Бұл – қағаз жүзіндегі стратегиялық құжаттар мен шынайы саясат арасындағы байланыстың үзілуі. Яғни, мемлекет ұзақ мерзімді жоспарды ұстанудың орнына, жағдайға қарай қысқа мерзімді шешімдер қабылдайды.
Стратегия қайда, егер салық саясаты бірізді болмаса?
Ұлттық жоспардың бес негізгі қағидатының бірі – «Кәсіпкерлікті қорғау және дамыту, түсінікті, болжамды және инвесторлар үшін тартымды экономикалық саясат жүргізу».
2023 жылы қабылданған 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржы басқару тұжырымдамасында «салық түсімдерін арттыру үшін қосылған құн салығын (ҚҚС), акциздерді және корпоративтік табыс салығын халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жетілдіру» қарастырылған. Алайда, нақты іске келгенде, салық саясаты жүйелі өзгерістерден гөрі жекелеген шешімдерге сүйенеді:
• ҚҚС-ты 12%-дан 20%-ға көтеру – экономиканың өсу қарқынын ескермей қабылданған шешім.
• ҚҚС тіркеу шегін 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету – шағын бизнеске әсері толық зерттелмеген қадам.
Осындай шешімдер стратегиялық ауытқуға алып келіп, бизнестің мемлекеттік саясатқа деген сенімін төмендетеді. Ал тұрақты салық жүйесі бар елдерде кез келген өзгеріс кезең-кезеңімен енгізіледі және экономикалық өсімге байланысты жүргізіледі.
Стратегиялық ауытқуды қалай тоқтатамыз?
Мемлекеттік саясат болжамды болуы керек. Кез келген реформа немесе қолдау шарасының нақты мерзімі, жүзеге асыру шарттары және экономикалық салдары алдын ала анықталуы қажет.
Ол үшін:
✅ Салық саясатын кемінде 5-10 жылға бекіту керек.Кәсіпкерлер алдағы бірнеше жылда қандай салық мөлшерлемелері мен жұмыс шарттары күтіп тұрғанын білуі тиіс. Бұл инвестициялық жоспарлауды жеңілдетеді.
✅ Салықтық жеңілдіктер мен субсидиялардың нақты мерзімі белгіленуі керек. Егер ҚҚС көтерілетін болса, оның қай уақытқа дейін қаралатыны және қандай шарттарда өзгеруі мүмкін екені алдын ала жариялануы қажет.
✅ Салықтық өзгерістер экономикалық көрсеткіштерге байланысты болуы тиіс. Мысалы, ҚҚС-ты тек ЖІӨ-нің жылдық өсімі 5%-дан жоғары болған жағдайда ғана біртіндеп көтеру керек. Сол сияқты, ҚҚС тіркеу шегін төмендетуді бірден емес, кезең-кезеңімен енгізу қажет.
Стратегиялық ауытқу елдің экономикалық басқару жүйесінің әлсіреуіне және бизнестің мемлекетке деген сенімінің жоғалуына әкеледі. Қазақстанға стратегиялық шешімдерді қабылдау жүйесін реформалау қажет. Бізде даму жоспары бар, бірақ оны нақты іске асыру маңызды.
Егер стратегиялық ауытқуды тоқтатпасақ, экономика тұрақсыз басқаруға ұшырап, елдің ұзақ мерзімді мақсаттарына жетуі қиындайды. Стратегиялық жоспарлау тек қағаз жүзінде емес, нақты өмірде де жұмыс істеуі тиіс.
Ұлттық Экономикалық Зерттеулер Бюросы арнайы www.economykz.org порталы үшін


