Әлемдік өндіріс жаңа дәуірге қадам басты. Бұрын «шығынды қалай азайтамыз?» деген сұрақ тек үнемдеу мәселесі болса, бүгінде бұл – болашаққа бағытталған стратегия. Boston Consulting Group (BCG) дайындаған «How Manufacturers Are Rethinking Costs» есебінде компаниялар геосаяси тұрақсыздық, энергия бағасының құбылмалылығы және жұмыс күші тапшылығы жағдайында шығындарға деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп жатқаны баяндалады.
Қазір тиімділік – бұл үнемдеу емес, қайта ойлау. Компаниялар жеткізу тізбегін қайта құрып, автоматтандыру мен жасанды интеллект енгізіп, дағдарыстарды артықшылыққа айналдырып жатыр.
Бүгінде өндіріс қымбаттап, сұраныс баяулап келеді. Bloomberg Intelligence дерегінше, өнеркәсіп компанияларының табысы көбіне бұрынғы келісімшарттар есебінен сақталуда, ал жаңа тапсырыстар азайған. ISM Manufacturing PMI индексі 2023 жылдан бері құлдырау аймағында қалып отыр.
Бұл жағдайға тарифтер мен сауда тосқауылдары қосымша қысым түсіріп отыр. Гарвард бизнес мектебінің профессоры Уилли Ши: «Қазір барлығы тарифтермен өмір сүруді үйреніп жатыр. Ең тиімді зауыттардың өзі бұл әсерді толық өтей алмайды», – дейді.
BCG серіктесі Даниэль Кюппер де осы пікірде. Оның есебінше, ағаш, қағаз және жиһаз салаларында 10% кеден салығы енгізілсе, халықаралық сауданың жартысы тоқтауы мүмкін. Сол себепті компаниялар бірінші кезекте шикізат шығындарын азайтуға тырысады – бұл қысқа мерзімде пайда деңгейін сақтаудың ең жылдам жолы.
Алайда бұрынғы үнемдеу тәсілдері енді нәтиже бермейді. Арзан жұмыс күші мен офшорингтің артықшылығы жойылды. Жалақының өсуі, тарифтер мен тасымал құнының қымбаттауы «арзан» және «қымбат» аймақтардың арасындағы айырмашылықты азайтты. Пандемия кезінде инвестициялар тоқтап, инновациялық серпін бәсеңдеді. Кюппердің пікірінше: «Компаниялар алдыңғы қатарлы жаңа зауыттарға инвестиция салуы тиіс, ескі әдістермен алға жылжу мүмкін емес».
Сол себепті өндірісті өз еліне қайтару – шешуші бағытқа айналды. Решоринг және ниршоринг – енді жай тренд емес, нақты экономикалық стратегия. АҚШ-та өндіріс объектілеріне салынған инвестициялар 2022 жылдан бері екі есе артқан. Мұндай қадам өндіріс процесін бақылауды күшейтіп, тарифтік тәуекелді азайтып, технологиялық тәуелсіздікті арттырады.
«Зауыттарды жауып, оларды шетелге көшірудің болашағы жоқ», – дейді Кюппер. Бірақ өндірісті елге қайтару – қымбат процесс. Бұл шығынды өтеу үшін компаниялар автоматтандыруға, интеллектуалды жүйелерге және ауқымды тиімділікке сүйенуі керек. Уилли Ши атап өткендей, енді басты сұрақ – «капиталдық шығындарды азайтатын қандай технологиялар бар?» дегенге келіп тіреледі.
Осы сұраққа жауап – жасанды интеллект. ЖИ, роботтандыру, цифрлық егіздер – қазіргі шығындарды басқарудың өзегі. Олар өндіріс процесін болжауға, үзілістерді азайтуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Әрине, мұндай технологияларды енгізу қымбатқа түседі: бұлттық серверлерге, деректер базасына және жүйелерді біріктіруге қаржы қажет. Бірақ нәтижесі әсерлі — автоматтандыру мен стандарттау компанияларға табыстылығын сақтауға көмектеседі, тіпті кіріс азайған кезде де.
Бүгінгі таңда үнемдеу – мақсат емес, құрал. Көптеген ірі компаниялар шығыннан үнемделген қаражатты жаңа өндірістерді жаңғырту мен қызметкерлерді оқытуға бағыттауда. «Соңғы 30 жылдағы тәсілдермен жүру жеткіліксіз. Болашақ – үнемдеуді қысқарту емес, трансформация деп түсінетіндердің қолында», – дейді Кюппер. Яғни, үнемдеу енді инвестицияға айналуда – жасанды интеллектке, робот техникасына, экологиялық материалдарға және энергия тиімді жүйелерге.
Бұл тұжырымдар Қазақстан үшін де өзекті. Біріншіден, автоматтандыру мен стандарттау шағын және орта зауыттардың тиімділігін арттыра алады. Екіншіден, жергілікті өндірісті дамыту қажет: компоненттер мен материалдарды ел ішінде шығару импортқа тәуелділікті азайтады. Үшіншіден, адам капиталына инвестиция – басты бағыт. Егер жұмысшылар мен инженерлер жаңа технологияларды меңгермесе, цифрландыру нәтижесіз болады. Төртіншіден, энергия инфрақұрылымын жаңарту мен энергия үнемдейтін технологияларды енгізу өндіріс шығындарын азайтып, сыртқы тәуекелдерден қорғайды. Бесіншіден, жасанды интеллектті жоспарлау, логистика және сатып алу процестеріне енгізу қазақстандық өндіріс компанияларына ашықтық пен тиімділік береді.
BCG зерттеуі көрсеткендей, жаңа индустриялық дәуірде ескі тәсілдермен алысқа бару мүмкін емес. Жеңімпаздар – бәрін үнемдейтіндер емес, үнемдеуді стратегияға айналдырғандар. Қазақстан бұл бағытты ертерек қолға алса, «ақылды шығындарды басқару» еліміздің өндірісін жаңа деңгейге көтереді. Бұл жағдайда үнемдеу – аман қалу амалы емес, индустриялық серпілістің кілті болады.
Ален Серік, порталының сарапшысы EconomyKZ.org


