Қазақстан – климаттық тұрғыдан осал елдердің бірі. Ел болашағы үшін заманауи сын-тегеуріндерге төтеп бере алатын, білікті адам ресурстары қажет. Мәселен, 2028 жылға қарай елде су тапшылығының күрт өсуі күтілуде. Сонымен қатар, құрғақшылық пен тасқындар азық-түлік және инфрақұрылым қауіпсіздігіне теріс әсер етеді.
Бұл қиындықтарды шешуде отандық жоғары оқу орындары маңызды рөл атқаруы тиіс. Олар алдағы уақытта орын алатын су тапшылығы, топырақтың тозуы сияқты мәселелерді және ірі инфрақұрылымдық жобаларды (АЭС, ЖЭО) ескере отырып, елді білікті мамандармен қамтамасыз етуі қажет. Алайда, қазіргі таңда елімізде бірқатар маңызды мамандықтар бойынша кадр тапшылығы байқалады. Мысалы, «Су ресурстары және су пайдалану» мамандығына берілген гранттардың 50%-ы игерілмей жатыр, себебі бұл салада еңбекақы өте төмен.

Екінші үлкен мәселе – қазақстандық ЖОО-лардың оқу бағдарламалары елдегі және әлемдегі тұрақты даму талаптары мен жаңа сын-тегеуріндерге сәйкес келмейді.
QS World University Rankings 2025 халықаралық рейтингісінде қазақстандық үздік 3 университеттің «Тұрақты даму» көрсеткіші 100 балдан тек 30 баллды ғана құраған.
Кесте 1: Қазақстанның үздік 3 университетінің QS World University Rankings 2025 нәтижелері
|
Университет көрсеткіші |
Al-Farabi Kazakh National University |
L.N. Gumilyov Eurasian National University |
Satbayev University |
|
Рейтингтегі орны |
163 |
321 |
405 |
|
Жалпы ұпай (0-100 ұпай аралығында) |
51 |
34,2 |
25,3 |
|
|
29,8 |
10,5 |
3,8 |
Дереккөз: https://www.topuniversities.com/world-university-rankings
Анықтама: 2024 жылы QS рейтингіне 1503 университет енген, оның ішінде Қазақстаннан 20-дан астам ЖОО бар. Ең жоғары нәтиже әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға тиесілі – 230-орын. Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында кем дегенде үш ЖОО-ның QS рейтингінің ТОП-200-іне енуі көзделген еді, бірақ бұл жоспар орындалмады.
QS рейтингісінің «Тұрақты даму» көрсеткіші екі бағытта бағаланады:
1. Университеттің тұрақтылығы (экологиялық тұрақтылық, тұрақты білім беру және зерттеулер).
2. Әлеуметтік әсері (теңдік, білім алмасу, білім сапасы, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, өмір сүру сапасын жақсарту).
Экологиялық тұрақтылықты бағалау мыналарды қамтиды:
• ЖОО-ның қоршаған ортаға әсері;
• Тұрақты даму тақырыбында өзекті зерттеулер жүргізу;
• Тұрақты даму қағидаларын оқу бағдарламаларына енгізу;
• Университеттің климаттың өзгеруіне қарсы күреске қатысуы;
• Тұрақты даму туралы жалпыға қолжетімді стратегиясы мен есептерінің болуы;
• Экологиялық тұрақтылыққа бағытталған студенттік қауымдастықтардың жұмыс істеуі;
• Университеттің көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге міндеттемесі.
Әлеуметтік әсер
• Теңдік: студенттер мен оқытушылар арасындағы әйелдер үлесі, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету шаралары.
• Білім алмасу: аз қамтылған ұйымдармен бірлесіп білім алмасу іс-шаралары.
• Білім сапасы: университет зерттеулерінің нәтижелері және түлектердің білім сапасы.
• Жұмысқа орналасу мүмкіндіктері: жұмыс берушілердің университет түлектеріне деген сұранысы және түлектердің еңбек нарығындағы жетістіктері.
• Өмір сүру сапасы: университеттің студенттер мен қоғамға қолайлы жағдай жасауға үлесі.
Ұсыныстар:
• Әлеуметтік кәсіпкерлікке арналған зертханалар мен акселераторларды құру;
• Халықаралық «Enactus» қозғалысын дамыту жобаларын қолдау;
• Үздіксіз және инклюзивті білім беруге арналған цифрлық экожүйе құру;
• Бизнестің ғылыми және аналитикалық қажеттіліктерін қолдау арқылы кіріс көздерін әртараптандыру;
• Алдағы климаттық және экономикалық сын-қатерлерді ескере отырып, жаңа мамандықтар ашу.
• ЖОО-лардың тұрақты даму жөніндегі ерікті есептерін жариялау;
• Студенттер отырғызған ағаштардан «түлектер аллеясын» жасау.


