EC[ON]OMY

Қазақстандағы криптовалюта: тепе-теңдікті қалай табамыз?

Жеке өз басым криптовалютаны аса жақтырмаймын. Өйткені оның артына нақты бір құндылық немесе мүлік тіркелмеген. Бағасы үнемі өзгеріп тұрады, ал негізінен сенім мен алыпсатарлыққа сүйенеді.
Соған қарамастан, криптовалютаның әлемде кең таралуы және Қазақстанда да оған деген қызығушылықтың артуы бұл саланы елемей қою мүмкін емес екенін көрсетіп отыр.
Бүгінгі жағдайда ең тиімді жол — криптовалютаны біртіндеп, бірақ нақты әрі қатаң реттеу деп есептеймін. Ол үшін мынадай шаралар қажет:
•⁠ ⁠Крипто мен теңгені байланыстыратын ресми арналарды құру
Бұл көлеңкелі қаржыны ашық жүйеге шығарып, мемлекет бақылауына алуға көмектеседі.
•⁠ ⁠Теңгеге байланған стейблкоиндар шығару
Мұндай цифрлық валюталар тұрақты болады және халық үшін түсінікті болады. Бұл – криптовалюта емес, бірақ цифрлық теңгенің бір түрі болуы мүмкін.
•⁠ ⁠AML/KYC талаптарын күшейту
Яғни, ақша қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын анық бақылау. Бұл — қаржылық алаяқтық пен көлеңкелі схемаларға жол бермеу үшін маңызды.
•⁠ ⁠Тәуекелді азайту үшін тек кәсіби инвесторларға рұқсат беру
Криптовалюта нарығы өте күрделі. Сондықтан қарапайым азаматтар ақша жоғалтпау үшін бұл салаға тек тәжірибелі адамдардың қатысқаны дұрыс.
Осы тәсілдің пайдасы неде?
•⁠ ⁠Криптовалюта нарығы ашық болады. Мемлекет салық жинай алады. Қазір бұл нарықтың 90%-дан астамы бақылаусыз.
•⁠ ⁠Қаржылық ағындарды мемлекет бақылай алады.
•⁠ ⁠Экономикалық тұрақсыздық пен жүйелік тәуекелдер азаяды.
Әлемдік тәжірибе
Еуропалық Одақ (MiCA ережесі) пен Сингапур (MAS реттеушісі) осындай үлгілерді сәтті енгізіп, ұлттық қауіпсіздік пен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр.
Қорытынды пікірім: Мен криптовалютаға сенбеймін, өйткені ол нақты бір құндылықпен қамтамасыз етілмеген. Бірақ оны қазір тыйым салумен тоқтату мүмкін емес. Енді бізге оны ақылмен, нақты ережелермен реттеу қажет.

 
 

Дайындаған: Руслан Сұлтанов, экономист, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top