EC[ON]OMY

Қазақстандағы корпоративтік басқару: директорлар кеңесі үшін негізгі трендтер мен қиындықтар

2024 жылы QID қауымдастығы Қазақстандағы директорлар кеңесінің тәжірибесін зерттеуді ұсынды. Жобаны Қазақстандық қор биржасы (KASE) және MIND ғылыми-зерттеу орталығы қолдады. Бұл елдегі 54 ірі компанияны қамтитын алғашқы ауқымды зерттеу. Қатысушылар қатарында ашық, мемлекеттік және жеке компаниялар бар. Шолу директорлар кеңесінің негізгі аспектілерін қамтиды: құрамы, тәуелсіздік деңгейі, жасы, әйелдер үлесі және халықаралық тәжірибе.

Директорлар кеңесінің тәуелсіздігі – корпоративтік басқарудың негізі. Қазақстанда тәуелсіз директорлар барлық зерттелген компаниялардағы директорлар кеңесінің 42,4%-ын құрайды. Ашық компанияларда бұл көрсеткіш 43,7%-ға жетсе, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда – 44,8%. Мұндай көрсеткіштермен біздің директорлар кеңесі халықаралық рейтингте 22 елдің ішінде 18-орынды иеленер еді. Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 94%-ды құрап, ең жоғары орында тұр.

Тәуелсіз директорлар кеңесі инвесторлар мен қоғамның сенімін арттырады. Қазақстан үшін бұл маңызды көрсеткіш — оны арттыру үлкен қадам болмақ.

Қазақстандық компаниялар директорлар кеңесінде әлі де шетелдік мамандар көп — жалпы санның 24,4%-ын құрайды.

Мемлекеттік және квазимемлекеттік компанияларда олардың үлесі 18,1%-ды құраса, жеке компанияларда бұл көрсеткіш 28,5%-ға жетеді. Халықаралық тәжірибені енгізу және шетелдік мамандарды тарту мемлекеттік компаниялар үшін болашағы зор бағыт болуы мүмкін.

Тәуелсіз директорлар арасында шетелдік мамандар 59,7%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш жалпы кеңес мүшелері арасындағы үлесінен 2,4 есе жоғары, бұл мәдениетаралық алмасуды күшейтіп, қазақстандық компаниялар директорлар кеңесінің стратегиялық тәжірибесін кеңейтеді.

Қазақстандағы директорлар кеңесіндегі әйелдер үлесі төмен – олар тек 13,2%-ды құрайды.

Ашық компанияларда олардың үлесі 11,3%-ды, мемлекеттік компанияларда – 13,8%-ды құрайды. Көшбасшы елдерде, мысалы, Норвегия мен Францияда бұл көрсеткіш сәйкесінше 45% және 47%-ға жетеді. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Гонконгтан (онда әйелдер үлесі 14%) кейінгі орында.

Жаңа директорлар қатарында әйелдер үлесі 9,8%-ды құрап, олардың жалпы көрсеткіштен төмен екендігін көрсетеді, бұл жағымсыз трендтің белгісі.

Соған қарамастан, кейбір қазақстандық компаниялар жақсы нәтижелер көрсетуде. Мысалы, «АзияАгроФуд» АҚ-да әйелдер директорлар кеңесінің 66,7%-ын, ал «Баян-Сулу» АҚ-да – 60%-ын құрайды. Бұл мысалдар Қазақстанда директорлар кеңесіндегі әйелдер үлесін арттыру әлеуеті бар екенін көрсетеді.

Қазақстандық компаниялардың директорлар кеңесі мүшелерінің орташа жасы – 51,8 жыл.

Мемлекеттік компанияларда орташа жас 49,6 жылды құраса, жеке компанияларда ол – 53,4. Тәуелсіз директорлардың орташа жасы ең жоғары – 55,2 жыл.

Директорлардың өкілеттік мерзімі де басқару тұрақтылығы үшін маңызды. Директорлар кеңесінің мүшелерінің орташа өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Мемлекеттік компанияларда бұл мерзім айтарлықтай қысқа – тек 2,4 жыл, бұл жиі кадрлық өзгерістермен байланысты болуы мүмкін.

Директорлар кеңесінің жұмысының тиімділігін арттыруда комитеттердің рөлі зор.

Зерттеуге қатысқан 16 мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялардың барлығында аудит, номинациялар мен сыйақылар және стратегия бойынша үш негізгі комитет жұмыс істейді. Жеке компанияларда комитеттер сирек құрылады. Комитеттер директорлар кеңесінің тиімділігі мен сапасын арттырады.

Жаңа трендтер қатарында тұрақты даму және ESG комитеттері бар. Компаниялардың 13%-ында мұндай экологиялық және әлеуметтік мәселелермен айналысатын комитеттер бар. Бұл бизнестің тұрақтылығын арттыруға бағытталған жаһандық трендті көрсетеді.

«Қазақстан Республикасы директорлар кеңесі тәжірибесі 2024 шолуы» – елдегі корпоративтік басқару сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Директорлар тәуелсіздігі, гендерлік және халықаралық әртүрлілік, мамандандырылған комитеттердің құрылуы – бұл компаниялардың дамуына және инвесторлардың сенімін нығайтуға ықпал ететін маңызды аспектілер.

Өмірғали Жансая, «QazIndustry» АҚ корпоративтік хатшысы, MNU Бизнес Мектебінің MBA магистранты

Scroll to Top