EC[ON]OMY

Қазақстандағы экономикалық өсімнің халық табысына әсері

Қазақстанда табыстың тең бөлінбеуі мен әлеуметтік алшақтық мәселесі әлі де өткір. Осыған байланысты елдегі экономикалық өсімнің қарапайым халыққа қаншалықты тиімді әсер ететіні, яғни инклюзивтілігі үлкен сұрақ туындатады. Бұл мақалада экономикалық өсімнің қай межеден бастап халық табысының тұрақты өсуіне ықпал ете бастайтыны зерттеледі.

Зерттеуде 2000–2024 жылдар аралығындағы нақты ЖІӨ және халықтың он табыс тобы (децильдер) бойынша табыстары қарастырылды. Экономикалық өсімнің түрлі әлеуметтік топтарға әсерін бағалау үшін Хансеннің шекті регрессия әдісі қолданылды.

Нәтижесінде экономикалық өсім мен халық табысы арасындағы байланыс бірден емес, белгілі бір межеден (порогтан) кейін ғана көрінетіні анықталды. Атап айтқанда, халықтың ең кедей 10%-ының табысы тұрақты түрде өсе бастау үшін ЖІӨ жылдық өсімі кемінде 3,35%болуы керек. Егер өсім осы деңгейден төмен болса, оның кедейлер табысына айтарлықтай әсері болмайды.

Ал ең бай 10% халықтың табысы экономика 3,30% өссе де арта бастайды. Тіпті қалыпты өсу жағдайында да олар пайда көреді. Жалпы халықтың табысына әсер ететін орташа шек те 3,3% шамасында. Бұл – экономикалық өсімнің басым бөлігінің бай топтарға ерте әрі көбірек әсер ететінін, ал халықтың негізгі бөлігі өсімнің әсерін кеш әрі баяу сезінетінін көрсетеді.

Зерттеу нәтижелері экономикалық өсімнің құрылымдық жағынан инклюзивті емес екенін айқындайды. Осыған байланысты әлеуметтік және салық-бюджет саясатын қайта қарау қажеттігі туындайды.

2000 жылдардан бері Қазақстан экономикасы қарқынды өсіп келеді. Бұл өсім көбіне шикізат экспорты есебінен қамтамасыз етілді. Бірақ макроэкономикалық көрсеткіштер оң болғанымен, қоғамда әлеуметтік теңсіздік сақталып отыр. Көпшіліктің нақты табысы баяу өсуде, ал бай мен кедей арасындағы айырмашылық арта түсуде.

Сондықтан басты сұрақ туындайды: елдегі экономикалық өсім халықтың тұрмысын жақсартуға шын мәнінде ықпал ете ме? Егер әсер етсе, онда қандай жағдайда, қандай деңгейден бастап әсер етеді?

Бұл мақалада алғаш рет Қазақстанның нақты мәліметтері негізінде ЖІӨ өсімі мен халық табысының байланысына шекті көзқарас арқылы талдау жүргізілді. Яғни экономикалық өсім белгілі бір деңгейден кейін ғана халыққа оң әсер ете бастай ма деген сұрақ зерттеледі.

Әдеби шолу

Экономикалық өсім мен халықтың өмір сүру деңгейі арасындағы байланыс әлемдік экономикалық әдебиетте кеңінен зерттелген. Классикалық теорияларда (мысалы, Кузнец, 1955) индустрияланудың алғашқы кезеңдерінде теңсіздік уақытша өседі, кейін мемлекет пен институттардың араласуымен біртіндеп төмендейді делінген.

Уақыт өте келе зерттеулердің басым бағыты өсімнің сапасы мен оның инклюзивтігіне ауысты. Barro (2000), Dollar & Kraay (2002) секілді ғалымдар өсімнің барлығына бірдей тиімді болмайтынын айтса, Ravallion (2001) бұл әсіресе кедейлер үшін маңызды екенін нақтылайды. Экономикалық құрылым, мемлекеттік саясат пен институционалдық орта шешуші рөл атқарады.

Hanmer & Naschold (2000) және Bourguignon (2004) өз еңбектерінде өсімнің төменгі табыс топтарына жету жылдамдығы мен тұрақтылығы маңызды екенін көрсеткен.

Қазіргі заманғы зерттеулер, әсіресе дамушы және ресурстық тәуелді елдерге қатысты, экономикалық өсімнің шекті әсеріне ерекше көңіл бөледі. Hansen (1999) ұсынған әдіс – белгісіз шекті мәндер арқылы экономикалық көрсеткіштер арасындағы байланыстарды зерттеудің тиімді тәсілі. Бұл әдіс кедейлік пен теңсіздікке әсер ететін факторларды зерттеуде кеңінен қолданылады (Loayza & Raddatz, 2010; Kakwani және басқалар, 2016).

Алайда Қазақстанда бұл тәсіл әлі кең қолданылған жоқ. Осы мақала бұл олқылықтың орнын толтыруды мақсат етеді.

Деректер мен әдістеме

Бұл зерттеуде 2000–2024 жылдар аралығындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросының (БНС) ресми мәліметтері пайдаланылды. Атап айтқанда:

•⁠  ⁠ЖІӨ-нің нақты көлем индексі,

•⁠  ⁠Халықтың нақты ақшалай табыс индексі,

•⁠  ⁠Ең төменгі және ең жоғарғы децильдік топтар бойынша номиналды табыстар,

•⁠  ⁠Тұтыну бағаларының индексі (ТБИ).

Өкінішке қарай, БНС нақты табыс индексін децильдік топтар бойынша жарияламайды. Сондықтан біз номиналды табыстарды ТБИ көмегімен дефлирлеп, табыстың нақты өсім қарқынын есептедік. Бұл келесі қатарларды құруға мүмкіндік берді:

•⁠  ⁠Халықтың жалпы нақты табыс индексі;

•⁠  ⁠Ең кедей 10% табыс тобының нақты табысы;

•⁠  ⁠Ең бай 10% табыс тобының нақты табысы.

Экономикалық өсім мен табыс арасындағы байланыстың сызықты емес сипатын бағалау үшін Хансен (1999) ұсынған шекті регрессия әдісі қолданылды. Бұл әдіс бір құрылымдық ауысу нүктесінің болуын болжайды және экономикалық өсімнің белгілі бір шегінен кейін ғана табыстарға елеулі әсер ете бастайтынын тексеруге мүмкіндік береді.

Шекті регрессия әдісі

Хансеннің бір шекті моделі (1999) экономикалық өсім мен табыстар арасындағы байланыстың қандай ЖІӨ өсімі шегінен бастап маңызға ие бола бастайтынын анықтауға мүмкіндік береді.

Модельдің жалпы түрі:

(1)

Мұндағы:

•⁠  ⁠yₜ – тәуелді айнымалы (бұл жерде – халықтың нақты табысының өсімі);

•⁠  ⁠xₜ – тәуелсіз айнымалы (ЖІӨ өсім қарқыны);

•⁠  ⁠γ – шек мәні (порог), яғни қай ЖІӨ өсімінен бастап тәуелсіз айнымалының әсері өзгеретінін көрсетеді. Бұл мән дисперсияны минимизациялау әдісімен есептеледі;

•⁠  ⁠α₁, α₂ – шекке дейін және кейінгі тұрақты коэффициенттер;

•⁠  ⁠β₁, β₂ – шекке дейін және кейінгі әсер коэффициенттері;

•⁠  ⁠εₜ – қателік (қалдық).

Порог γ мына функцияны минимумға жеткізу арқылы анықталады:

(2)

Порогтың шын мәнінде маңыздылығын тексеру үшін Хансен:

•⁠  ⁠бутстрэп әдісімен сенімді интервалдарды есептеуді;

•⁠  ⁠Sup-F (немесе Sup-Wald) тестін қолдануды ұсынады.

Егер Sup-F статистикасы критикалық мәндерден асып кетсе, онда сызықты модельден бас тартып, шекті модельді қабылдаймыз.

(3)

Эмпирикалық нәтижелер

Жоғарыда айтылғандай, шекті мәндердің маңыздылығын тексеру үшін Sup-F бутстрэп тесті қолданылды. Бұл әдіс арқылы регрессияда құрылымдық өзгеріс бар-жоғы тексеріледі. Әр түрлі сценарийлерде қателіктер қайта реттеліп (пермутация әдісі), тест статистикалары және p-value есептелді.

Кесте – Есептеу нәтижелері

Ескерту: Sup-F статистикасы – модельдің шекті нұсқасы сызықты модельге қарағанда қаншалықты жақсы түсіндіретінін көрсететін өлшем. Оның жоғары мәні регрессия сызықтарының шекке дейін және кейін күрт өзгеретінін білдіреді.

Барлық үш модель бойынша ЖІӨ өсімінің шегі статистикалық тұрғыдан маңызды деп танылды. Бұл – ЖІӨ мен халық табысының арасында құрылымдық бейсызық байланыс бар екенін көрсетеді.

Алайда, бұл байланыс барлық табыс топтары үшін бірдей емес:

•⁠  ⁠Төменгі дециль үшін табыстың өсуі тек 3,35%-дан кейін ғана байқалады. Бұған дейін ЖІӨ өсімі олар үшін маңызсыз.

•⁠  ⁠Жоғарғы дециль үшін әсер әлдеқайда ерте сезіледі — 3,30%-дан бастап, әрі ықпалы әлдеқайда күшті.

•⁠  ⁠Жалпы халықтың табысы үшін де осындай шек байқалады, бірақ әсер күші жоғары топтарға қарағанда төмендеу.

Бұл нәтижелер экономикалық өсімнің инклюзивті болу үшін белгілі бір шекті межені еңсеруі керек екенін көрсетеді және қазіргі экономикалық саясаттың табысты әділ бөлуде шектеулі екенін айғақтайды.

Жалпы халық бойынша нәтижелер

Халықтың жалпы нақты табысына қатысты модель бойынша ЖІӨ өсімінің шекті мәні 3,30% деңгейінде анықталды. Бұл шекке дейін экономикалық өсімнің табысқа әсері статистикалық тұрғыда мәнсіз – бұл ЖІӨ орташа өскен кезде макродеңгейдегі оң өзгерістер халық табысына тұрақты түрде әсер етпейтінін көрсетеді. Алайда осы межеден асқан кезде әсер бірден күшейеді: коэффициент 1,92-ге дейін өсіп, статистикалық тұрғыда маңызға ие болады, ал модельдің түсіндіру қабілеті (R²) 0.17-ден 0.66-ға дейін жоғарылайды.

Бұл нәтиже экономикалық өсім белгілі бір деңгейден кейін ғана жүйелі және болжамды түрде табыстарға ықпал ете бастайтынын білдіреді. Яғни, экономикадағы баяу өсім кезеңінде халық оны сезіне қоймайды, ал шекті деңгейден кейін «қозғалыс» нақты байқалады.

Төменгі дециль (халықтың 10% ең аз қамтылған бөлігі)

Ең айқын құрылымдық бейсызық байланыс халықтың ең кедей 10%-ы үшін байқалды. Бұл топ үшін ЖІӨ өсімінің шегі 3,35% болып анықталды. Осы шекке дейін олардың табыстарының экономикалық өсімге ешқандай реакциясы жоқ деуге болады: коэффициент 0,12, ал p-value 0.81 – яғни әсер мәнсіз, ал модельдің түсіндіру мүмкіндігі (R²) бар-жоғы 0.06.

Бұл кедей топтың экономикалық өсімнен мүлдем шет қалатынын, әсіресе экономика баяу дамығанда ештеңе ұтпайтынын көрсетеді. Бірақ шекті мәннен кейін жағдай түбегейлі өзгереді: коэффициент 2,41-ге дейін өсіп, статистикалық маңызға ие болады (p = 0.001), ал модельдің түсіндірмелігі 0.71-ге жетеді.

Мұндай контраст бұл топтың экономикалық циклге өте тәуелді екенін көрсетеді: тек белсенді даму фазасында ғана олардың табысы өсе бастайды, әрі өсу қарқыны жоғары. Бұл «қуып жетуші өсім» әсерін білдіреді – яғни байлардан кейін, бірақ тезірек өсу.

Жоғарғы дециль (халықтың 10% ең ауқатты бөлігі)

Жоғарғы 10% табыс тобы үшін де шекті мән 3,30%деңгейінде анықталды. Алайда бұл топтың реакциясы басқаша: олар шекке дейін-ақ экономикалық өсімнен нақты пайда көреді. Коэффициент 0,96, ал p-value 0.019 – яғни әсер бар және маңызға ие. Бұл олардың экономикадағы өзгерістерге ерте жауап беретінін білдіреді.

Мұндай динамика олардың экспорт, қаржы, ірі бизнессияқты экономиканың өсу нүктелерімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Шек асқан соң бұл әсер одан әрі күшейеді – коэффициент 2.18, p < 0.001, ал R² – 0.74. Бұл табыс бойынша жоғарғы дециль өкілдері экономикалық өсімнен бірінші және ең көп пайда көретінін, ал кедейлер тек кейін, әрі өсу қарқыны жоғары болғанда ғана оң нәтижеге жететінін дәлелдейді.

ЖІӨ өсімінің 3,3–3,35% деңгейіндегі шекті мәндері – Қазақстандағы экономикалық өсімнің баршаға бірдей әсер етпейтінін, әсіресе кедей топтар үшін өсу шегінің жоғарырақ болатынын көрсетеді.

Зерттеу экономикалық өсімнің инклюзивті емес екенін нақты дәлелдейді. Хансен әдісі арқылы табыстардың нақты өсімі қай ЖІӨ қарқынынан басталатыны есептелді. Ең басты нәтиже – аз қамтылған халыққа табыстың өсуі үшін жай өсім емес, жоғары экономикалық белсенділік қажет. Бұл болашақтағы өсу қарқынының құбылмалы болу ықтималдығын ескерсек, фискалдық және институционалдық қолдаудың маңызын арттырады.

Басқаша айтқанда, Қазақстанда халық табысына шынайы ықпал ететін өсім – жай өсім емес, қарқынды және тұрақты өсім. Ал мұндай өсімді қамтамасыз ету үшін әлеуметтік саясат пен бюджет шығындарының құрылымын қайта қарау қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.⁠ ⁠Bourguignon, F. (2004). The Poverty-Growth-Inequality Triangle. Нью-Дели: Indian Council for Research on International Economic Relations (ICRIER).

2.⁠ ⁠Dollar, D., & Kraay, A. (2002). Growth is Good for the Poor. Journal of Economic Growth, 7(3), 195–225. https://doi.org/10.1023/A:1020139631000

3.⁠ ⁠Hanmer, L., & Naschold, F. (2000). Attaining the International Development Targets: Will Growth Be Enough? Development Policy Review, 18(1), 11–36. https://doi.org/10.1111/1467-7679.00098

4.⁠ ⁠Hansen, B. E. (1999). Threshold Effects in Non-Dynamic Panels: Estimation, Testing, and Inference. Journal of Econometrics, 93(2), 345–368. https://doi.org/10.1016/S0304-4076(99)00025-1

5.⁠ ⁠Kakwani, N., Neri, M. C., & Son, H. H. (2016). Linking Economic Growth to Poverty Reduction under Income and Inequality Changes. Brazilian Review of Econometrics, 36(2), 211–230. https://doi.org/10.12660/bre.v36n22016.61042

6.⁠ ⁠Kuznets, S. (1955). Economic Growth and Income Inequality. American Economic Review, 45(1), 1–28. https://www.jstor.org/stable/1811581

7.⁠ ⁠Loayza, N., & Raddatz, C. (2010). The Composition of Growth Matters for Poverty Alleviation. Journal of Development Economics, 93(1), 137–151. https://doi.org/10.1016/j.jdeveco.2009.03.008

8.⁠ ⁠Ravallion, M. (2001). Growth, Inequality and Poverty: Looking Beyond Averages. World Development, 29(11), 1803–1815. https://doi.org/10.1016/S0305-750X(01)00072-9

 
Қуаныш Бейсенғазин, Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading